Азия әлемінің ақсақалы

Азия әлемінің ақсақалы

Оның аймақтық және халықаралық саясатқа, әсіресе Орталық Азия аймағына әсері зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Өзбекстан, Ресей және Қытай сияқты елдерге алғашқы сапарларының күн тәртібін дайындау Елбасының белсенді қатысуымен өтті.

Шетелдік мемлекет басшыларының өзі Елбасы туралы оң пікірін беріп, салиқалы шешімдерін бағалап отыр. Түркияның 11-ші Президенті Абдулла Гүл атап өткендей, Нұрсұлтан Назарбаев түркі халқының өркендеуіне бағытталған үлкен жұмыс жасады: «Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жастарының арасында түркі әлемінің санасын қалыптастырды. Сондай-ақ, біздің бірлескен бастамамызбен Түркі кеңесі құрылды, туысқан халықтардың ғылыми қауымдастығында ғылым мен білімнің дамуына жағдай жасау үшін Халықаралық Түркі академиясының негізі қаланды. Тамыры бір түркі халықтары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін біз Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің дана ақсақалы деп атадық». Қазақстан тәуелсіздігін алып, мемлекеттік саясатын орнатқан тұстан бастап көпвекторлы сыртқы саясатқа аса мән берді. Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көршілес мемлекеттер мен әлемнің өзге де елдерімен достық қарым-қатынас орнатуға аса мән берді. Нәтижесінде Қазақстан халықаралық саясатта өзінің бітімгерлік пен бейбітшілік бағытындағы ұстанымынан айырылмады. Тәуелсіздік алған тұстан бері еліміз ірі жаһандық оқиғалардан шет қалмай, барша адамзатқа төнген сын-қатерлердің шешімін табуға ұмтылды. Бұл ретте елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік саясаты аса маңызды рөл атқарды. Бүгінде Қазақстан ұрпақтар сабақтастығын жалғап, аса маңызды басымдықтарды іске асырып келеді. Владимир Путин. Ресей Федерациясының Президенті Елбасы туралы пікірінде: «  Нұрсұлтан Әбішұлы саясатта ұзақ уақыт болды, саясатқа Кеңес Одағы кезінен бастап келді. Мені таң қалдырған және әлі күнге дейін таңқалдыратын бірінші нәрсе - ол өте заманауи адам болып шықты ... Ол қазіргі әлем туралы сезімді қайдан алды?!» Жаһандық сын-қатерлердің алдын алудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары бүгінде халықаралық маңызға ие саяси алаңдарға айналып үлгерді. «Астана клубының» отырыстарында халықаралық сарапшылар Еуразия құрлығы бетпе-бет келген басты сын-қатерлерді анықтап, мамандар қиындықтарды жеңудің тиімді тәсілдерін ұсынады. Одан бөлек Сирия мәселесін шешуге бағытталған Астана процесінің жұмысына өзіндік баға беруге болады. Азия аумағы мен 26 мүше-мемлекеттің басын біріктіріп отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі бар. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де ғаламдық мәселелерді діни қауымдастық өкілдерімен талқылауға арналған баламасы жоқ бірден-бір алаң. XXI ғасырдың сын-қатерлері жайлы айтқанда ядролық қарудан азат әлем құру мәселесі алғашқылардың бірі болып еске келеді. 1992 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Азия аумағы мен 26 мүше-мемлекеттің басын қосқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) құру туралы бастамасын жария етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 24 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы Жалпы дебаттарында сөйлеген сөзінде ұйымның өзінің қажеттілігі мен өміршеңдігін дәлелдегенін атап өтті. Ол бастаманы қолдаған барлық серіктес елдерге алғысын білдірді. Қ.Тоқаев Азияның өсіп келе жатқан экономикалық қуаты құрлықтық қауіпсіздіктің анағұрлым біріктірілген архитектурасын талап ететінін айта келе, АӨСШК-ні қауіпсіздік пен даму бойынша толыққанды өңірлік ұйым ретінде қайта құрудың уақыты келгенін айтты. «Біз 2020 жылы АӨСШК төрағасы ретінде өз күшімізді осы бағытта шоғырландырамыз», - деді ел Президенті. Astana Club 2015 жылы құрылып, өз алаңында маңызды тақырыптарды көтере бастады. Бес жылға жуық уақытта ол әлемдегі беделді платформалардың біріне айналды. Клуб отырыстарына Еуразия құрлығының беделді саясаткерлері мен сарапшылары қатысады. Қазақстан бастамасымен бұл алаң барлық қатысушыларға ойларын ашық айтуға мүмкіндік беретін және алдағы уақытта Еуразия құрлығы үшін басты сын-қатерлерді саралайтын орын. Ұйымдастырушылар Astana Club Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының жарқын көрінісін айтады. Елбасының сыртқы саясатын жан-жақты байланыстармен жүргізуі де алпауыт мемлекеттердің басшыларының назарында. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті туралы айтқанында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміз арасындағы серіктестіктің берік негізі қаланды деді. Осы жылдар ішінде Президент Назарбаев біздің елдеріміз арасындағы достықты нығайтуға көп күш жұмсады. Қытайда Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың дамуына баға жетпес үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы біледі және қатты құрметтейді. «Әлемдік державалар арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге шықты. Өзара санкциялар, сауда соғыстары – АҚШ пен ҚХР-дың қазіргі қарым-қатынасының қалыпты жағдайына айналып кеткен. Агрессивті риторика, экономикалық санкция – Батыс пен Ресей арасындағы негізгі қатынас тілі болып тұр. Тұрақты коммуникация арналарының болмауы ахуалды одан сайын қиындатып отыр. Жетекші державалардың арасындағы текетірес автоматты түрде Еуразияның ыстық нүктелеріне ауысып отырады. Бұл жағдай Сирия мен Украинадағы мәселені бейбіт түрде шешу амалдарын қиындатады. Ал Брексит соңғы уақыттың негізгі антиинтеграциялық оқиғасына айналды», – деп атап өтті Елбасы клубтың соңғы отырысында. Жоғарыда айтылған мәселелер Қазақстанға тікелей қатысы болмағанымен, өзінің географиялық ерекшелігіне байланысты еліміз екі алпауыт державамен шектеседі. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатында әрдайым осы ерекшелікке мән берілді. Бұл мәселелер жаһандық болып көрінгенімен, оның жалдары жергілікті деңгейде әсері көп болады. Елбасы осы жиында Еуропалық одақ пен Еуразия экономикалық одағы әріптестігінің диалогтық механизмін енгізуді ұсынды. Ол әлі күнге дейін Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ арасында толыққанды байланыс орнамағанына тоқталды. «Бұл екі бірлестік географиялық және тарихи тұрғыда үндестік құрып, өзара бір-бірін толықтырады. Қазіргі орын алған саяси түсінбестік екі ұйымның арасына іріткі салмауы керек. Бүгінде Еуропалық одақ пен Ресей арасындағы қарама-қайшылықтарға нүкте қою қажеттігі туралы жиі естиміз. Барлығы бұл наразылықтың мемлекеттер экономикасына қандай шығын әкеліп жатқанын жақсы түсінеді»,- деді Н.Назарбаев. Тұңғыш Президент туындаған қарама қайшылықтардың мемлекеттерге зияны тимесе, ешқандай пайдасы жоқтығын атап өтті. Өңірдегі саяси жағдайдың тұрақты болуына және экономикалық дамуына бағытталған Елбасы  саясаты туралы Әзірбайжан Президенті Ильхам Алиев былай деп айтты: «Аймақтағы бейбіт өзара әрекеттесуге бағытталған Қазақстан басшылығының дәйекті дана саясаты ондағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етеді. Қазақстан қуатты елге айналды. Сондықтан, оның аймақтық сипаттағы мәселелерді шешуде рөлі мен маңызы артып келеді және біз бұған қуаныштымыз. Мен жаңа астананы көрдім. Маған құрылыс қарқыны, жасалып жатқан әсемдік қатты әсер етті. Бұл бүкіл қазақ халқының күш-жігерін жұмылдырып, жаңа қала, жаңа астана жасаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен еңбегі.Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейде жасаған ұсыныстарының бірі осы Еуропа Одағы мен ЕАЭО арасындағы әріптестіктің диалогтық механизмін енгізу болды. Оның аясында жыл сайын Еуропалық комиссия мен Еуразиялық экономикалық комиссия басшылары арасында саммиттер қарастырылуы керек екенін айтты. Бұл ойдың іске асуы болашақтың еншісінде». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаһандық сын-қатерлердің алдын алудағы ірі бастамаларының бірі «Астана процесін» атап өтпеу мүмкін емес. 2011 жылдан бері жалғасып келе жатқан Сирия дағдарысын тоқтату мақсатында 2017 жылы Астана процесі басталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Президенті тұсында Сирия мәселесін шешетін алаң ретінде Қазақстан астанасын ұсынды. Нәтижесінде аймақтағы  жағдай біршама бақылауға алынған болатын. Үдеріс барысында құрылған қақтығысты азайту аймақтарында соғыс тоқтап, бейбіт өмір қалпына келе бастаған еді. Дегенмен биылғы оқиғалар «Астана процесіне» қауіп төндіргені сөзсіз. Өзге державалардың көшбасшылары өздігінен шешім қабылдамай, осы процес аясында әрекет етеді ме деген сұрақтың болғаны орынды. Қазақстанда халықаралық аренада айқындаған тарихи шешімдердің бірі ядролық қарудан бас тарту еді.  Тәуелсіздік алғаннан кейін ел Президенті бүкіл әлем жұртының алдында адамзат үшін аса қауіпті күштен бас тартуға дайын екендігін жария қылды. Сол сәттен бері Қазақстан елдерді ядролық қарусыз әлем құруға, бейбіт өмір сүруге шақырып келеді. Осы туралы 2007-2016 жылдар аралығында БҰҰ Бас хатшысы болған Пан Ги Мун: «Сіз тәуелсіздік алғаннан кейін ядролық қарудан бас тарту туралы дана және көреген шешім қабылдадыңыз және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру бастамасын ілгерілетуге үлес қостыңыз. Сіз БҰҰ-ның Непалдағы және Ирактағы бітімгершілік миссияларына жеке құраммен, сондай-ақ БҰҰ қорлары мен бағдарламаларына материалдық ресурстармен қамтамасыз етесіз»- деді. Елбасы БҰҰ сессияларының бірінде жолдаған «Әлем және ХХІ ғасыр» атты манифесінде соғыс пен ядролық қарудан түбегейлі бас тартып, тұрақты әлем географиясын қалыптастыру қажеттігін айтқан еді. Ядролық қару таратпау туралы халықаралық жүйенің күшін жоюы және соңғы кездегі Иран мен Кореядағы ядролық бағдарламалардың шиеленісуі мен жолдаған манифестің өзектілігін арттыра түсті. Қазақстанның халықаралық аренадағы басты жобаларының бірі қашан да осы болып қала береді. Елбасы қандай бастамын қолға алса да, бұл әрдайым стратегиялық басымдықтардың маңыздылығы тұрғысында үлкен рөлге ие болып тұратыны сөзсіз. Президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де аймақтағы Қазақстан мен оның Тұңғыш Президентінің алатын ерекше  орны осыған дәлел.   2019 жылы Елбасыға бірден үш маңызды құрылымда қызмет ұсынылды. Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің құрметті төрағасы болды. Бұл біздің еліміз үшін, қазақ халқы үшін үлкен бедел мен абырой. Технологияның дамуымен жылдам өтіп жатқан заманда тіпті жақын адамдардың бір-бірімен хабарласып хәлін сұрауға мұршасы келмей жатады. Ал бұл жағдай мемлекеттер деңгейінде тіпті қиындай түседі. Адамзатты өзге жаратылыстан ажырататын бір ерекше құбылыс болса ол – коммуникация. Жанжалдар мен соғыстар көп жағдайда осы коммуникацияның дұрыс жолға қойылмауынан болады. Қазақстанның және Елбасының басты жетістігі жанжалдасқан тараптарды бір үстел басына жинай алуында. Еліміздің халықаралық саяси аренада қадамы нық, орны бекем. Жоғарыдағы шаралар бір күннің емес, бір ұрпақтың еншісінде болуы әбден мүмкін. Ал нәтижелері ертең емес, тұтас бір ұлттың жарқын болашағында көрініс табуы мүмкін.

Индира РЫСТИНА, саясаттанушы