Заманауи ғылыми орталық бой көтереді

Заманауи ғылыми орталық бой көтереді

Мемлекет басшысы «Травма­то­логия және ортопедия ғы­лы­­­ми-зерттеу институты» рес­­­­пуб­ли­калық мемлекеттік кә­­сіп­­­ор­нына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ота жа­сайтын және реанимация бөлімдерін аралап көріп, медициналық меке­ме­нің ұжымымен әңгімелесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президентке институт жұмысы­ның негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ медицина мекемесінің ғылыми-зерт­теу жобалары таныстырылды.

Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты – меди­ци­наның аталған саласы бойынша озық технологияларды әзірлеумен, жетілдірумен және енгізумен ай­налысатын Қазақстандағы бірден-бір ғылыми-клиникалық және білім беру орталығы. Мұнда күн сайын 50-ден астам, ал бір жылда 8 мың­нан аса ота жасалады. Бүгінде меди­циналық орталықта 385 емделушіге арналған 14 клиникалық бөлімше жұмыс іс­тейді. Осы бөлімшелердің негізін­де буындарға эндопротез жасау, артрос­копия және спорттық жарақаттарды емдеу, омыртқа па­тологиясын түзету сияқты 3 респуб­ли­калық орталық ашылған.

Мекеме қызметкерлерімен кез­десу барысында Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институты жанынан қосымша 23,2 мың шаршы метрлік медициналық корпус салуға шешім қабылдағанын айтты. Президенттің пікірінше, ғылыми-зерттеу институ­тының ескірген ғимараттары заман талабына сай келмейді.

– 2021 жылы бұл жерде жаңа ғимарат бой көтереді. Тиісті қаражат бөлінеді. Құрылыс жұмыстарына 26 миллиард теңге қажет. Мұның қо­мақты сома болғанына қарамастан, Үкіметке тиісті тапсырма беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа корпуста 6 ота жасайтын зал, 300 орындық оңалту орталы­ғы, оқу бөлімдері, сондай-ақ меди­циналық бұйымдар шығаратын ша­ғын зауыт болады. Ғимарат пай­далануға берілгеннен кейін жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету көлемі 45 пайызға артады.

Институт ұжымы Президентке мем­лекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтты. Мем­­лекет басшысы медицина қыз­мет­­керлерінің игілікті еңбегін жо­ғары бағалап, оларға табыс тіледі.