Қазақстанға жаңа экономикалық саясат қажет пе? Ел сеніміне селкеу түсірген зейнетақы жүйесін жетілдірудің жолы бар ма? Банк секторының бас ауруы қалай жазылады? Осы және өзге де мәселелер Стратегиялық бастамалардың екінші форумында кеңінен талқыға түсті. Стратегиялық бастамалар орталығы (CSI) ұйымдастырған бұл жиынға CSI сарапшылары, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар басшылары, қоғам және саяси қайраткерлер, экономистер һәм кәсіпкерлер қатысты. Шетелден бірде-бір сарапшы шақырылмаған форум ел экономикасын дамытуға ұсыныс жасайтын білікті мамандардың өзімізде де жетіп артылатынын дәлелдеді.
Сыртқы қарыздан құтылмай,
алға баса алмаймыз
Форумда елең еткізген ұсыныс аз айтылған жоқ. Белгілі экономист, Стратегиялық бастамалар орталығының бас серіктесі Олжас Құдайбергенов «Жаңа экономикалық саясат» жобасын ұсынды. Ол жаңа экономикалық саясат жүруі үшін мемлекет ескінің бәрінен арылуы тиіс деп санайды. Оның ішінде экономикалық қылмыстар бойынша қарыздарды кешіру де бар. Бұл ескі істерде тежеліп қалмауымыз үшін қажет көрінеді.
«Сонымен қатар мемлекеттік органдардағы қызметкерлерге біршама бостандық берілгені жөн. Дамыған елдерде мемлекеттік саяси қызметкерлер немесе орта буын басшылар бюджеттік шығындар бойынша өз қалауынша жұмсай алатын лимиттерге ие. Мемлекет басшысының Жолдауында мемлекет халыққа ғана емес, мемлекеттік қызметкерлерге де сеніп үйренуі керек деді. Бұл сол сенімді білдірудің бір көрінісі бола алады», – дейді ол.
Олжас Құдайбергенов экономикамыз мемлекеттік мақсатқа қарыз алмай, керісінше сыртқы қарыздың барлығын жауып тастаса ғана көтеріледі дейді. Ол бұл ретте кедендік өткізу бекетін салу үшін Қытайдан 300 млн доллар қарыз алу туралы идеяны сынға алып, жалпы мемлекеттік мақсатқа сырттан қарыз алуға мүлде болмайды дегенді қадап айтты.
«Біз белсенді инвестициялық саясат керек деп санаймыз. Біздегі бұған дейінгі капиталға рақымшылық жасау, жұмсартып айтқанда, ресми түрде сәтті өтті, алайда шетелде де көптеген актив бар, оларды да қайтару керек. Жаңа экономикалық саясатқа өту кезінде мемлекеттік сыртқы қарыздардан түбегейлі бас тарту қажет», – дейді. Ол аталған қарыздан Ұлттық қордағы қаржы арқылы құтылуға болатынын айтады. Ал мемлекеттік орган өкілдері бұлай ойламайды. Мысалы, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов Ұлттық қорды белсенді пайдалануды жақтамайтынын білдірді.
«Өйткені Ұлттық қордың өсімі шамамен 3-4 пайыз десек, біз алатын қарыздың мөлшерлемесі – 5-6 пайыз. Біз осы жолмен де ұтып отырмыз. Бизнес сияқты мемлекет капиталында да қарыз болуы керек. Ол қарыз экономиканың қозғаушы күші болады. Әрине, ондай қарыздың көлемі маңызды. Сол тұрғыдан келсек, қазіргі уақытта оның мөлшері соншалық үлкен емес. Мәселен, үкіметтік қарыз – 23 пайыз, яғни қауіпсіз деңгейде деуге болады. Ал елдің жалпы қарызы жалпы ішкі өнімнің 86 пайызына тең. Бір кездері ол көрсеткіш 105-107 пайызға жеткенін білесіздер. Соңғы жылдары жалпы ішкі өнім өсіп жатыр. Ал сыртқы қарыздың өсімі бәсең. Пайыздық қатынаста айтсақ, жағдайымыз жақсы», – деді ол.
О.Құдайбергенов елімізде жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін Президент жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікті қайта құруды ұсынды. Оның айтуынша, қайта құрылатын агенттікке Статистика комитетін де беру қажет. Сонда бұл реформа бюджеттік жоспарлауды қайта жүктеуге мүмкіндік туғызады дейді.
Сингапурдың тәжірибесі несімен тартымды?
Форумда көтерілген келесі мәселе – зейнетақы жүйесін жетілдіру. Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаевтың пікірінше, егер қазақстандықтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағын алуға мүмкіндік берілсе, бұл мүмкіндікті бәрі қолданады. Себебі, халық зейнетақы жүйесіне сенуден қалған.
Оның үстіне, алдағы уақытта қосымша 5 пайыз зейнетақы жарнасын енгізу туралы бастама да халықтың ашу-ызасын туғызып отыр. Ал бұл қолдағы зейнетақы активтерін басқара алмаудың дәлелі дер едім», – деген депутат Әзірбайжандағы түсініксіз банкке салынған зейнетақы қаржысын да еске салды. «Мұндай проблеманы бизнестің иығына артып қоюға тырысады, бұл мүлдем дұрыс емес. Бұл бизнестің көлеңкеге кетіп, жалақыны конвертпен бере бастауына алып келеді», – дейді депутат.
Олай болса, қайтпек керек? Стратегиялық бастамалардың сарапшылары зейнетақы жүйесін жетілдіру үшін сингапурлық тәсілді енгізу қажет дейді. Өйткені Сингапур – зейнетақы жүйесі үздік он елдің қатарында.
«Сингапурлық үлгі ғана қазіргі салықтық салмақты сақтайды, тіпті оны аздап төмендетеді. Сонымен бірге Сингапурдың зейнетақы жүйесі ғана тұрғын үй жүйесімен байланыстырылған және ол бірнеше мәселені қатарынан шешуге мүмкіндік береді: халықты баспанамен қамту, экономикалық өсімге қол жеткізу, халықты жұмыспен қамту – бәрі бірден шешіледі», – дейді Құдайбергенов.
Оның сөзінше, Сингапурда жарнаның екі түрі бар – жеке табыс салығы мен зейнетақы жарнасы, басқа салық түрі жоқ. Еңбекақы төлеу қорына түсетін салық жүктемесі Қазақстанмен салыстырғанда, 10-20 пайызға төмен. Бұл тәсілді енгізу қолдан келетін көрінеді. Айтқандай, біздегі Бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және Ұлттық зейнетақы төлеу орталығына жүктелген қызметті Сингапурда бір ғана мекеме атқарады екен. Сондықтан бізде құрылымдық өзгерістер жасауға тура келеді.
«Зейнетақы жүйесіне Сингапур әдісін енгізу 1-2 жылдай уақытты алады. Жаңа жүйе іске қосылғанға дейін тұрғын үй реформасын бастап жіберуге болады және екі жылдан соң Қазақстанға бейімдеп іске қоса аламыз. Мысалы, 10 пайыз тұрғын үй шотына салынады, бұл – жобаланған есеп. Сингапурда ставка мөлшері іс жүзінде адам жасына байланысты өзгеріп отырады. Адам жасы ұлғайған сайын ставка көлемі төмендей береді. Мұның жақсы жанама әсері бар, жұмыс беруші үшін жасы ұлғайған адамдарды жұмыстан шығармайтын болады. Сингапурлық үлгіде адамға қажет мүмкіндіктің бәрі көрініс тапқан», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, егер біз сингапурлық тәсілді енгізсек, онда стратегиялық жоспарда айтылған 2030 жылға дейін әр адамның басына шаққанда тиесілі болатын
30 шаршы метрге қол жеткіземіз. Ал қолданыстағы ереже шеңберінде ол межеге жету мүмкін емес.
Банк секторының бас ауруы
Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бас ауруы проблемалық несиелерге қатысты болып отыр. Себебі проблемалық несиелердің нақты көлемі Ұлттық банктің ресми статистикасынан көп. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, Ұлттық банк қарыздарын қайта құрылымдап немесе қайта қаржыландырып жатқан банктерді аса қолдамайды.
«Жалпы қарызды қайта құрылымдау нашар тәсіл емес. Алайда осы уақытқа дейін лицензиясынан айырылған банктердің несие қоржынында қайта құрылымданған несиенің үлесі өте үлкен болған», – дейді ол.
Ал Олжас Құдайбергенов болса, керісінше проблемалық несиелердің барлығын қайта құрылымдау қажет деп санайды. Оның айтуынша, орталық әзірлеген жаңа экономикалық саясат Қазақстанда ұзақмерзімді несие көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
«Ең алдымен, проблемалық несиелердің барлығын қайта құрылымдау қажет. Қазіргі кезде банк секторы түбегейлі тексеріліп жатыр, тексеріс нәтижесінде саладағы нақты түйкілдердің бәрі анықталады. Содан кейін қайтарымсыз несиенің бәрін қайта құрылымдап, банк секторын тазалау қажет. 2007 жылы жалпы ішкі өнімдегі несие көлемі 57 пайызды құраған, біз осы көрсеткішке қол жеткізе аламыз. Алайда бұрынғы қателерді қайталамас үшін алып-сатуға қарсы шараларды қолға алу керек»,– дейді сарапшы.
Мемлекет экономиканы басқара ала ма?
Форумда сөз алған спикерлердің пікірлері әр алуан болды. Бір-біріне қайшы пікірлер де айтылмай қалған жоқ. Қызу талқыға ұласқан тақырыптар бойынша сұрақ қоюға сұранғандар да аз болған жоқ. Десе де, форумда белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсенбайдың пікірі көптің есінен кете қоймайтын сияқты. Себебі ол «біз социализмде өмір сүріп жатырмыз» деді.
«Бізде мемлекет экономиканы басқарады деген пікір қалыптасқан. Бірақ іс жүзінде экономика өздігінен өмір сүреді, ал мемлекет тек реттейді. Біз барлық жерде «капитализмде өмір сүреміз» дейтін жағдайға тап болдық, бірақ іс жүзінде біз социализмде өмір сүріп жатырмыз. Бізде бюджет кірісінің 70 пайызы және бүкіл экономика – квазимемлекеттік секторда, тендерлерге қатысатын компанияларды айтпағанда, бұлар экономиканың тағы 10-15 пайызын құрайды. Шын мәнінде, біз социализмде отырмыз және сингапурлық үлгі туралы армандаймыз», – дейді.
Спикердің айтуынша, экономикадағы мемлекеттік үлестің жоғары деңгейі жастардың эмиграциялануының себебі болып отыр. Еңбекке қабілетті жастар ел болашағын көрмегендіктен шетелге кетеді. Олар негізінен жұмыс іздеп кетеді, өйткені елде экономикалық өріс тарылып, ақша табу қиынға соғады.
Ол мемлекет экономикаға неғұрлым араласса, соғұрлым бюрократизм көп болатынын, мемлекет экономикаға киліккен сайын жемқорлық көбейе беретінін тілге тиек етті. Сыбайлас жемқорлықты атаулы әлеуметтік көмектің қалқасынан іздеушілерді сынға алды.
«Негізгі жемқорлық субсидиялар мен мемлекеттік несиелер тарату саласында, нысандардың құрылысында. Сондықтан экономика еркін дамуы үшін мемлекет «не істеуі керек?» деген мәселеге бас қатырып, мемлекеттің экономикадағы үлесін мейлінше азайта беруіміз керек. Жаңа экономикалық саясат керек болса, осы ұстанымға мойынсұнуымыз қажет», – деді ол.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ