Тайталастық құрсауынан – татуластық тұғырына. Елбасы тәуелсіздік жылдарында елдің еңсесін көтеріп, берекесін арттырып қана қоймай, алыс-жақын мемлекеттер арасында туындаған түрлі қайшылықтарды шешіп отыруға барын салды. Сырттай қарағанда бұл бірнеше сәтті өткен келіссөз болуы мүмкін, алайда олар қаншама халықтың өмірін аман сақтап қалды.
Таулы Қарабақтағы қақтығыс, Тәжікстандағы азаматтық соғыс, Кашмир аймағы үшін Пәкістан мен Үндістан таласы, Ресей мен Грузия арасындағы тамыз текетіресі, Қырғызстандағы саяси дағдарыс, Түркия мен Ресей шиеленісі, Сириядағы халықаралық кикілжің. Әлемнің әр бұрышындағы бұл «ыстық нүктелердің» кейбірінің толық шешілуіне, басқаларының уақытша тоқтауына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ықпалын тигізді. Елбасының сәтті жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде жоғарыда аталған қақтығыстардағы бірнеше тарап бітімге келіп, ашық қарсылықты тоқтатты.
Жалпы, батылдық, шешендік және көсемдікпен қатар бейбітсүйгіш қасиеттер қазақтың Тұңғыш Президентінің бойына атаның қанымен, әженің тәрбиесімен дарыса керек. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының өзі балалық шақтан есте қалған ұлағаты мол мынау оқиғаны еске түсіргені бар:
«Мен туардан көп бұрын-ақ біздің үйде әскери винтовка болыпты. Оны әкем Әбіштің туыстарының бірі жазалаушы отрядпен қақтығыста олжалаған екен. Бірде әжем Мырзабала: «Бұл мылтық ағаларымызға ажал, бізге азап болып тиген. Қайғы жамап, сарсылтқан. Енді сол қасірет балаларымыздың басына да келсін дейсіңдер ме? Кемеңгерліктің де, кісіліктің де өлшемі жамандықты жаныңа жолатпағаның. Ал жадымыз өзімізбен бірге кетер» депті. Айтты, болды. Қарумен қоштасудың көне ырымын жасап, әкем винтовканы өкіметке өткізеді. Бірақ алты қырлы найзасын алып қалады», – дейді Елбасы.
Азалы да қаралы Қарабақ
Әр нәрсені ақылмен пайымдап, сабырмен саралап, нақты шешімін таба білетін білікті басшы Н.Назарбаев Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ шиеленісі кезіне халықаралық бітімгер ретінде алғаш танылды. Қос кавказдық республика арасындағы қанды қақтығыс Әзірбайжан жерінің 20 пайыздан астамын құрайтын, бірақ негізінен армяндар тұратын Таулы Қарабақ пен оған іргелес 7 ауданға 1988 жылы көршісі баса-көктеп кіргенде басталды. Салдарынан екі жақтан қашқан босқындар-дың жалпы саны миллионнан асты. 1988-1994 жылдар аралығында өңірде 30 мың адам қаза тапқан.
Бұл қақтығысқа Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейжай қарап отыра алмады. 1991 жылғы 17 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев Борис Ельцин екеуі КСРО президенті М.Горбачевтің атына Үндеу жолдады. Бұл құжат баспасөз мәслихатында да жарияланды.
Осыдан кейін Қазақстан әзірбайжан-армян жанжалын басудың жолын іздеуге атсалысты. 1992 жылдың тамыз айында Алматыда Таулы Қарабақ мәселесі бойынша үшжақты келіссөздер жүргізілді. Оған Әзірбайжанның, Арменияның, Қазақстанның Сыртқы істер министрлері қатысты және ол әскери қақтығыстарды тоқтатудағы шешуші қадам болды. Бұған кейіндері ЕҚЫҰ секілді халықаралық күштер де араласты. Ақыры 1994 жылы Таулы Қарабақ аумағында атысты тоқтату туралы келісім бекітілді.
2011 жылғы күзде Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев көмек қолын созған Елбасыға және қазақ еліне ризашылығын білдірді:«Біз Таулы Қарабақ шиеленісін шешудегі ұстанымы үшін Қазақстанға ризамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселені әрдайым назарда ұстап отыр және әлемдік лидерлермен маңызды кездесулерде оны көтеріп жүр», – деді Ильхам Алиев.
Орталық Азия – мүдделер тоғысқан аймақ
Елбасының бітімге келтіру және бас біріктіру саясаты арқасында бұл өңір соғыс-қақтығыс атаулыдан арылған, бейбіт өмір ләззатына бөленген мекенге айналып келеді. Бірақ ширек ғасырдай бұрын Бжезинский секілді халықаралық беделді сарапшылар Қазақстан және осы аймақ өрттей лаулаған үлкен соғыс ошағына айналып кететінін болжаған.
Бұл жорамал негізсіз де емес еді. Кеңес Одағы аймақта ғасырлар бойы шиеленіскен ұлттық мәселелерді шешуге қауқарсыз болды. Оқиғаның бұлай өрбуіне әзір болмаған одақ билігі дәрменсіздігін көрсетті, жағдайды бақылаудан шығарып алды. 1989 жылы ұлтаралық қақтығыстар Ферғанада тұтанды. 1990 жылы өрт ошақтары Душанбеде, Ошта көрініс берді. Әсіресе, Ауғанстанмен шектескен Тәжікстанда ахуал өте күрделі болатын. Небәрі 5,6 миллион халқы болған тәжік елі азаматтық соғыс кезінде 300 мыңнан астам адамынан айырылды. Ал босып кеткен адамдар саны 1,5 миллионнан асқан.
Бұл қақтығысты тоқтатуға Елбасы араласты. Бір жағы бұл алыс болса да көршінің міндеті, екінші жағы тәжік азамат соғысы Орталық Азияға шетелдік инвесторлардың келуін тежеді. Кеңес дипломаты, сол кезде Тәжікстандағы азаматтық соғысқа куә болған Анатолий Адамишин «В разные годы» атты кітабында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бітімгершілік рөліне тоқтала кетеді. Оның естелігіне жүгінсек, Н.Назарбаев қарсыласушы тараптарды, соның ішінде қарулы топтар командирлерін келіссөз үстеліне отырып, мәселені диалог жолымен саяси реттеуге шақырды.
Мемлекеттің ірі қалаларында майданға бергісіз шайқастар жүрді. Радикалды қарулы оппозицияға Эмомали Рахмон жетекшілік еткен «Тәжікстанның халықтық майданы» қарсы тұрды. Жеңіске жеткен оны 1994 жылы халық жаңа президент етіп сайлады. Алайда қарсылас ымыраға жығыла қоймады.
Бұл қақтығысты тоқтатуға Елбасы араласты. Бір жағы бұл алыс болса да көршінің міндеті, екінші жағы тәжік азамат соғысы Орталық Азияға шетелдік инвесторлардың келуін тежеді. Кеңес дипломаты, сол кезде Тәжікстандағы азаматтық соғысқа куә болған Анатолий Адамишин «В разные годы» атты кітабында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бітімгершілік рөліне тоқтала кетеді. Оның естелігіне жүгінсек, Н.Назарбаев қарсыласушы тараптарды, соның ішінде қарулы топтар командирлерін келіссөз үстеліне отырып, мәселені диалог жолымен саяси реттеуге шақырды. Алайда Душанбе «қолын қанға малғандармен келіссөз жүргізуге болмайтынын» айтып, үзілді-кесілді қарсы шыққан. Үнемі дегеніне жететін Н.Назарбаев Э.Рахмонды келіссөзді бастауға көндіреді. Тіпті, қатаң сөз айтуына да тура келеді. Нәтижесінде, Тәжікстан өкіметі алғаш рет оппозициямен диалогты бастауға келісті». Сонымен, бір-біріне қару кезенген тараптарды бітімге шақыру үшін Алматыда келіссөздер өтті. Оны ұйымдастырудың басы-қасында қазіргі Мемлекет басшысы, сол кезде Сыртқы істер министрлігі басшылығында болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргені мәлім.
Ақыры 1997 жылғы 27 маусымда жеті жылға созылған азаматтық соғыс түпкілікті аяқталды: тараптар Мәскеуде Бейбітшілік пен ұлттық келісім орнату туралы келісімге қол қойды. Оппозиция өкілдері Эмомали Рахмонның іс басындағы үкіметінің құрамына кірді. Ал қазақстандық бітімгершіл жауынгерлер 90-жылдары Тәжікстанның Ауғанстанмен арадағы шекарасының бүтіндігін сақтауға көмектесті.
Біртуған елдегі бейбітшілік
2000 жылдардың ортасынан бастап іргедегі қырғыз елінде саяси процестер қарқынды жүрді. Оппозиция ресми биліктің саясатына қарсы шығып, жұртты алаңға жинады. Митинг, акция, пикет Бішкек орталығында қалыпты жағдайға айналды. Биліктен тайдырылған Асқар Ақаевтың тағдыры оның орнына келген Құрманбек Бәкиевке де төнді. Оңтүстік және солтүстік деп бөлінген бір елдің ішкі қақтығысы қырғыз ағайынның бірін-бірі қанға бөгу қаупі туындады. Бұл жолы да Елбасы біртуған бауырдың басындағы ауыр жағдайға бейжай қарай алмады. Саяси дағдарыстың қалай алдын алғанын Тұңғыш Президент 2017 жылғы 16 наурызда еліміздегі жетекші ақпарат құралдарына берген сұхбатында жария етті:
– 2010 жылдың сәуірінде көрші Қырғызстанда басталған үкіметке қарсы бас көтерулер мен шерулер 7 сәуірде революцияға ұласып, заңды сайланған президенті орнынан құлатылғанда, іргедегі елдегі бұл оқиғаларға бейжай қарап отыра алмадық. Мен сонда қырғыз елінде азаматтық соғыс болмасын деп, Бәкиевті (орнынан кеткен президенті Құрманбек Бәкиевті) Қырғызстаннан алып кеттім. Себебі оның төңірегінде мұздай қаруланған, үлкен даярлықтан өткен әскери топ болатын. Олар «Бішкекте барлығын қиратамыз» деп қаһарланып, дайын тұрды. Бұл ретте бізге Қырғызстан басшылығынан Бәкиевті алып кетуді сұраған өтініш түсті, ол қолхат қолымызда бар. Содан кейін әскерилерімізді және арнайы ұшақтарды жіберіп, Бәкиевті Қырғызстаннан алып шықтым. Осы арқылы көрші елді тыныштандырдық, – деді Елбасы.
Орталық Азия елдеріндегі түрлі оқиғалар тарихтың тар өткeлiндe бiрлiктeн қалған жұрттың тiрлiктeн дe үмiтi үзiлeтiнiн ашып көрсeттi. Ағайын арасына азабы алысқа ұзар араздықтың сына болып қағылғанынан қиыны жоқ. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев елдерді бірлікке шақырды. Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендер, шешілмеген шекара, миграция, контрабанда, терроризм секілді күрмеуі қиын түйткілдерді тарқатуға өзінің зор үлесін қосты. Оның төте жолы аймақтық интеграция екенін ерте түсініп, өңірдегі бірнеше одақтың құрылуына мұрындық болды.
Қос өркениет қақтығысын тоқтатты
Түрік бауырларда Osmanlı-Rus savaşları деген ұғым бар. Бұл сонау 1299 жылы Осман Ғази Осман империясының негізін қалағалы және 1283 жылы ІІІ Иван Московия (Руссия) княздығын құрғалы бергі екеуінің арасындағы барлық соғысты біріктіретін атау. ХХ ғасырда ол Кавказға иелік ету жолындағы орыс-түрік соғысына ұласты.
Дәл осы ислам және православ өркениеттерінің жаңа қақтығысы ХХІ ғасырда да орын ала жаздады. 2015 жылдың 24 қарашасында Түркия өзінің әуе кеңістігін бұзған, Ресей Әскери-әуе күштерінің Сириядағы авиациялық тобына кіретін Су-24М әскери ұшағын зымыранмен атып түсірді. Бұған ресейліктердің осы аймақтағы түркітілдес халықтарды бомбалай беруі себеп болған. Бомбалаушы ұшақ экипажы катапультация жасап үлгереді. Алайда оларды сириялық қарулы оппозиция жерден атқылап, салдарынан экипаж командирі О.Пешков қаза тапты. Қалғандарын құтқару операциясы кезінде көтерілісшілер қайтадан атқылап, Ми–8 тікұшағын жойып жібереді, оның ішіндегі тағы бір ресейлік әскери А.Позынич мерт болды.
Бұл әрекет Ресейде қуатты қарсылық пен наразылық туғызды. Екі ел қатынасы күрт нашарлады. В.Путин Түркияға қарсы қатаң экономикалық және саяси санкциялар енгізді. Путин де, Ердоған да өз елінің барлық күш құрылымы басшыларын жиып, қауіпсіздік мәселелері жөніндегі шұғыл кеңес өткізді. Ақпарат құралдары ХХ ғасырда «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғалы Ресей мен НАТО алғаш рет қарулы қақтығыс қарсаңында тұрғанын жариялады.
– Оқиға орын алған алғашқы күннен бастап-ақ мен тәжікелескен тараптарды қалай дағдарыстан алып шығуға болады деп көп ойландым, жағдайды ақыл таразысына салдым. Кремльмен де, дәл солай Ақсараймен де тығыз байланыс ұстадым. 2016 жылдың алғашқы жартысында Түркия және Ресей президенттерімен жиі сөйлесіп, белсенді түрде оларды татуласуға шақырдым. Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін алғашқы шешуші қадамдар менің тікелей қатысуыммен 16 маусымда Санкт-Петерборда, одан кейін 24 маусымда Ташкентте ШЫҰ саммиті кезінде басталды, – деп еске алады Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.
Нәтижесінде, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің араағайындығымен 2016 жылы 27 маусымда Р.Ердоғанның жолдауы Путинге табыс етілді.
«Владимир Путин хатты мұқият оқыды. Ашығын айтқанда, оның алғашқы көңіл райы көп үміт күттіретіндей болған жоқ. Ол маған бұл қадамды құптамайтынын түсіндіре бастады. Сонда мен оған былай дедім: «Владимир Владимирович, Ердоған сізге қолын ұсынды, оны құп алыңыз!». Біздің қалыптан тыс, ерекше күш жұмсауымыздың арқасында Түркия мен Ресей президенттерінің арасында тікелей байланысты қалыпқа келтіру мүмкін болды», – дейді Н.Назарбаев.
Түркиялық Karar газеті басты бетінде: «Түркі әлемінің ақсақалы іске кірісті де, Ресеймен қарым-қатынастағы мұзды ерітті» деп мақала жариялады. Р.Ердоған 2016 жылғы 30 маусымда телефонмен әңгіме кезінде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін Елбасыға алғыс білдірді. В.Путин де халықаралық жиын-кездесулерде Н.Назарбаевқа ризашылығын әлденеше рет қайталады.
Алыптарды табыстырған «Астана процесі»
Әлемдік саясатта 2017 жылы «Астана процесі» жаңа ұғымы айналымға енді. Ол диалог алаңы ғана емес, сондай-ақ Сирияны бейбіт өмірге оралтуға пәрменді ықпал еткен, өз квазимемлекетін құруға дейін шарықтаған халықаралық терроризмді тоқтатып, жойқын соққы беруге жол ашқан құралға айналды.
2011 жылдан бері жалғасқан, 370 мыңдай адамның өліміне, 6,6 миллион жанның бар мал-мүлкін тастап, бас сауғалап, Еуропаға дейін босып кетуіне соқтырған соғысты реттеуге Батыс та күш салды. Осылайша, БҰҰ қолдауымен «Женева процесі» жүрді. Алайда ол тұйыққа тірелген. Өйткені майдан даласында ұрыс салған дала командирлері Еуропадағы Женеваға барудан бас тартады.
Өз кезегінде бітімгерлік тәжірибесі зор Қазақстанның Тұңғыш Президенті Сирия мәселесін реттеу жөніндегі халықаралық кездесуге Қазақстанның бас қаласын ұсынды. Халықаралық сарапшылар «Астана процесі» деп атаған бұл кездесу алғаш рет 2017 жылғы 23 қаңтарда өтті. Осылайша, бірінші рет Ресей, Түркия, Иран ресми делегациялары сыртында Сирияның ресми билігі мен қарулы оппозициясы өкілдері келіссөз үстеліне отырды.
Астананың диалог алаңы ретіндегі рөлі барлық тарапты – гарант елдерді де (Ресей Түркия, Иран), бақылаушыларды да (БҰҰ, АҚШ, Иордания), Сирияны да (үкімет және әскери оппозиция) қанағаттандырды.
Содан бері келіссөздердің 13 раунды өтіпті. Нәтижесінде, кепілгер үш мемлекет – Түркия, Ресей және Иран Сириядағы 4 деэскалация аймағын құрып, оларды лаңкес атаулыдан ада етті. Бұл қадам жүз мыңдаған адамның аман қалуына жағдай жасады. Сондай-ақ бірлескен қауіпсіздікті бақылаушы күштер құрды. Одақтастардың күш біріктіруі арқасында Сирияның үкіметтік күштері ДАИШ террористерінің негізгі күшін талқандады. Бұл елде ұзақ жыл күрдтердің одақтасы ретінде әрекет етіп келген АҚШ «Астана процесі» келіссөздерінде көп айтылған байламға тоқтап, өзінің ары қарай қала беруі орынсыз екенін түсініп, таяуда Сириядан өз әскерін шығарды.
Шешілуі тиіс көршілер кикілжіңі
2019 жылғы 12 қарашада өткен Astana Club бесінші отырысында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев әлемде араздасқан өзге көршілерді табыстырар бірнеше халықаралық бастамасын жария еткені мәлім. Мәселен, Корей түбегіндегі жағдайды түбегейлі реттеу мақсатында ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшесін Солтүстік Кореяға қауіпсіздіктің пәрменді кепілдіктерін әзірлеп ұсынуға шақырды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт реттеу үшін Владимир Путин мен Владимир Зеленский Қазақстанда жеке кездесіп, келіссөз жүргізуді ұсынды. Еліміздің Тұңғыш Президенті «бетпе-бет» форматындағы кездесуге В.Зеленскийдің келісімін алғанын және бұл жайында В.Путинге хабарлағанын мәлімдеді. Жалпы, республикамыз 2014-2015 жылдардан бері украиналық ушыққан дағдарыстың дұрыс шешім табуына атсалысып келеді. Алдын ала қолға алынған шаралар арқасында 2014 жылғы тамызда Минскіде жоғары деңгейдегі кездесу өткізілді (Кеден одағы – Украина – ЕО) және алғашқы Минск келісіміне қол қойылды.
Елбасының бітімгерлік жолында келер ұрпақтар алар тағылым толып жатыр. Ол тәжірибеге талай қажеттілік туары даусыз.
Нұрсұлтан Назарбаев Төле би баба айтқандай, жер бетінде «шығын тапқан елді емес, тыным тапқан елді» көру үшін, адамдардың шаңырағы күйреп, аңырауы көбеймеуі үшін бар күш-жігерін мәмілегерлік істерге, бітімшіл бастамаларға бағыттап, адамзаттық ізгі іске ғұмырын арнап келеді.