Жоғары кеңестің отырысы өтті

Жоғары кеңестің отырысы өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру әдістері қарастырылып, макроэкономикалық саясат, әлеуметтік саланы дамыту, экономиканы әртараптандыру және бизнесті реттеу, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі консультативтік комитеттердің жетекшілері баян­дама жасады. Жиында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшелері: Стратегиялық жоспарлау және рефор­малар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Президенттің кеңесшісі – Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары сэр Сума Чакрабарти, Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев сөз сөйледі. Президент мемлекеттік жоспарлау реформасы жүйесінде цифрландыруды жеделдету мәселесіне баса мән беруді тапсырды. Сонымен қатар мем­лекеттік органдар жүзеге асырып жатқан құжаттар мен бағдарламалардың барлық сатысына талдау жасау қажет. Мемлекет басшысы консультативтік комитеттер жұмысының маңызына назар аударып, бірінші кезектегі реформалардың тізімін анықтауға және оларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарға бай­ланысты нақты міндет жүктеді. Сондай-ақ Пре­зидент Әлеуметтік кодекс, «Цифрлық Қазақстан», «АӨК-2025» сияқты ірі реформалардың әзірленуіне ерекше назар аударуды тапсырды. Барлық тарап үшін ашық әрі бірыңғай тәртіп орнатудың мәні зор. Әділ бәсекелестік қалыптастыру, әкімшілік қы­сымдарды болдырмау – экономикалық өсімнің жүйелі шарты. Президент сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, сот және құқық қорғау қызметіне озық IT технологияны енгізіп, цифрландыру жұмыс­тарын жалғастыру керек. Судьялар корпусы мен құқық қорғау органдарындағы жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән беру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі Қазақстан халқына адал, шынайы қызмет етуі керек екенін айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін – мем­лекеттік қызметтен жергілікті өзін-өзі басқару дең­гейіне дейін іс жүзінде қайта құру қажет. Жиын қорытындысы бойынша, Қазақстан Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.