«Астананың алғашқы авторы – Тәуелсіздік. Қазақстан Тәуелсіздік алмаса, Астана өмірге келмес еді». Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде осылай депті. Астананы көшіру идеясы Елбасының санасында егемендіктің елең-алаң шағында, 1992 жылы туған екен. Ол жаңа астананың Қазақстанды дербес мемлекет ретінде орнықтыруда орасан рөл атқаратынына селкеусіз сенді. Тура солай болды да. Елорда халықтың еңсесін көтеріп, еліміздің қарыштап дамуына даңғыл жол ашты.
Сонау 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңестің пленарлық отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы астананы ауыстыру туралы тарихи ұсынысын алғаш рет жариялады. Әрине, ресми түрде мәлімдемес бұрын Елбасы әбден толғанып, ақыр түбінде нартәуекелмен бар жауапкершілікті мойнына алғаны белгілі. Өйткені мұндай маңызды мәселені сөзбұйдаға салу уақытты ғана емес, сол уақытпен бірге тағдырлы мүмкіндікті жоғалтуға әкеп соғатынын көреген көшбасшы кәміл түсінді. Осыдан ширек ғасыр бұрын Нұрсұлтан Назарбаев осы бір тарихи шешімнің төрт басты себебіне тоқталып: «Біріншіден, Қазақстанды геосаяси жағынан күшейту қажет. Қала төрт тарапқа: Оңтүстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық. Екіншіден, қауіпсіздік мәселесі де қаперге алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы мүмкіндігінше шекарадан жырақта және елдің ортасында орналасуы керек. Үшіншіден, астананы көшіру Қазақстанның экономикасын сауықтыруға септігін тигізеді. Төртіншіден, астананы аймаққа қарай ауыстыра отырып, біз құрамы жағынан көпұлтты, тұрақты полиэтностық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау және нығайту бағытын тағы да дәлелдедік» деген еді. Иә, елорданың бүгінгі жетістігі бір күнде орнай қалған жоқ. Әрбір табыстың астарында Елбасының аса дәлдікпен жасаған экономикалық-математикалық есебімен құрылып, 1994 жылы Жоғарғы Кеңесте келтірген 32 аргументі жатыр. Қысқаша тізіп өтсек: Нұр-Сұлтан қаласы республикалық коммуникациялық, автомобильдік, әуе және теміржол торабының қақ ортасында орналасқан; шаһардың келешекте жер тапшылығын сезінбей, қанатын кеңге жайып өсуіне жағрапиялық мүмкіндік бар; елдің ең басты экономикалық маңызды нүктелеріне жақын; табиғи ерекшелігі мен қоршаған ортасы қолайлы. Сол кездегі Президенттің ұсынысы депутаттардың аз ғана дауыс салмағымен қабылданып, Жоғарғы Кеңестің әйгілі 106-шы қаулысы жарық көрді. Осынау нартәуекел намыс таңдай қақтырар табысқа ұласты. 1997 жылдан бері Елбасымыз Есілдің жағасына ел қондырып, бас қаланы перзентіндей әлпештеді. Абыройын әлемге асырып, әр қадамын қолдап-қолпаштады. Міне, бүгінгі Нұр-Сұлтан шаһары осындай қажыр-қайрат, өлшеусіз еңбектің арқасында құрылды. Алты Алаштың тәжіне айналған елордамызда әлі күнге дейін ғаламдық деңгейдегі ғажайып құрылыстар бой көтеруде. Жарты әлемнің жарығын жинап алғандай жарқылдаған ару қала көрген жанның көзін арбап, естіген жанды есінен тандырады. Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние, сынаптай сырғыған уақыт деген – осы. Өмірдің өзі елорданың әрбір жемісі мен жеңісін жіпке тізген моншақтай айғақтап отыр. Төрткүл дүниедегі небір алпауыт державалардың басшылары елорданың есігіне еңкейіп кіріп, марқайып шығады. Соңғы 22 жылда Қазақстан астанасына әлемнің 70 мемлекетінің басшылары ресми сапармен келіп-кетіпті. Астанаға арнайы ат басын тіріген Біріккен Ұлттар Ұйымының үш бірдей Бас хатшысы адамзатқа ортақ мәселелерді көтеріп, күрмеуі қиын күрделі сұрақтардың жауабын осында іздеді. Нұр-Сұлтан қаласының жан саны кейінгі жылдары 4-5 есе көбейіпті. 23 жыл бұрын қала халқы 275 мың адам болса, қазір 1 миллионнан емін-еркін асқаны анық. 20 жылдан астам уақытта шаһар аумағы шамамен 500 мың шаршы километр ұлғайған. Астанамен бірге өсіп-өніп, бірге қалыптасқан жасыл белдеу қаланың ауасын тазартып, ажарын ашып тұр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жасанды орманның жалпы ауданы – 14 827 гектар, онда 11 502,2 гектар жерде 9,6 миллионнан астам ағаш (қайың, шегіргүл, терек, үйеңкі, қарағай) пен 1,8 миллионға жуық бұта (қарақат, дерен, үшқат, мойыл) егілген. 1959 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша, Ақмола өңірін 2 млн 753 мың адам мекендеген. Бұлардың 46,2 пайызы – орыстар, 14 пайызы – украиндар, 12,1 пайызы немістер болса, қазақтардың үлес салмағы небәрі 29,1 пайыз еді. Мұндай демографиялық олқылық Қазақстанда 1926-1939 жылдары жүргізілген күштеп тәркілеу, ұжымдастыру және қуғын-сүргін, сол жылдары дендеген Ресейдің орталық облыстарынан орыстарды көптеп көшіріп әкелу саясаты салдарынан болды. Осы 13 жылдың көлемінде республикада қазақтардың саны 869 мың адамға, яғни 21,9 пайыз азайды. Арқа төсіне көшкен жылдары астанада 290 мыңдай адам тұратын. 2019 жылдың 9 қаңтарында елорданың бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтанов: «Астана – демографиялық әлеуеті зор, миллион халқы бар қала. 2030 жылға қарай халық саны 2 миллионға жетсе, 2050 жылға қарай 3 миллионнан асады», – деп болжады. Былтыр наурыздың 20-сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала мәслихатының кезектен тыс 46-сессиясында «Астана» атауын өзгертуді ұсынды. Мемлекет басшысы: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілік ету керек. Ол үшін біздің астанамыз біздің Президентіміздің атын алып, «Нұр-Сұлтан» деп аталуы керек, – деді. Кезектен тыс сессияға қатысқан мәслихат депутаттары бірауыздан қала атауын өзгертуді қолдап дауыс берді. Айтып-айтпай не керек, астана – таза параққа салынған көркем сурет іспетті. Елорданы тұрғызуға еліміздің 71 қаласы, 432 құрылыс компаниясы атсалысты, 135 зауыт құрылыс материалдарымен жабдықтады. Қарқынды жұмыс пен бүкілхалықтық қолдаудың арқасында қазақ даласында қазіргі заманғы, жаңғыртылған, қайталанбас келбеті бар қала бой көтерді. Сәулеттік тұжырымдаманы әзірлегенде қалаға еуропалық келбет беру идеясы ескерілді. Ғимараттарда батыс дизайны мен азиялық айшықты шебер үйлескен. Кисе Курокава, Норман Фостер, Манфреди Николетти секілді әлемнің атақты сәулетшілері өздерінің ең озық жобаларын осында іске асырды. Елорданың тарихына қатысты қалалық мемлекеттік мұрағат құжаттарында шаһардың дамуы 3 кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде (1996-1997) жоғары мемлекеттік мекемелер, экономикалық, өндірістік және Қарулы күштер министрліктері мен ведомостволары орналастырылды. Екінші кезеңде (1998-2000) орталық мемлекеттік мекемелерді жаңа астанаға орналастыру процесі аяқталды. Үшінші кезеңде (2001 жылдан бүгінге дейін) ірі өндірістік, әкімшілік және мәдени орталық ретінде Нұр-Сұлтан қаласы ары қарай даму үстінде. Ал астанада өткен EXPO-2017 көрмесі, OSCE саммиті, дәстүрлі дін көшбасшыларының басқосуы сияқты алқалы жиындар – өз алдына бөлек әңгіме.Айдар ДӘУІТҰЛЫ