Министрлік ресейлік депутаттың Қазақстан туралы шулы мәлімдемесіне жауап берді
Министрлік ресейлік депутаттың Қазақстан туралы шулы мәлімдемесіне жауап берді
226
оқылды
Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Кездесу Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никоновтың Қазақстан аумағы туралы мәлімдемесіне байланысты өтті. Кездесуде кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттер арасындағы қатынасқа айтарлықтай нұқсан келтіретіні айтылды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов кездесу барысында Ресей Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арнадағы «Қазақстан аумағы – Ресей тарапынан берілген сыйлық»  деген сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді.
"ҚР СІМ Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтеді және Ресей Федерациясы мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады", – делінген хабарламада.
Ресейлік дипломатқа Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұстанымы көрсетілген нота берілді. Еске сала кетсек, ресейлік «Бірінші арна» эфирінде Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никоновтың Қазақстан туралы айтқан сөзі желіде шу тудырды. Ол эфирде "Қазақстан деген ел болмады" деп айтқан болатын.