TCFO: теңіз түбіндегі байланыс

TCFO: теңіз түбіндегі байланыс

Сарапшылар «таяуда та­рихи оқиға болды» дейді. Өйт­кені Қазақстан мен Әзірбай­жан Шығыс пен Батыс ара­сын­­дағы цифрлы телеком­­муника­ция­лық дәліздің ір­гесін қалады. Каспий түбінде төселетін тал­шықты-оптика­лық желімен енді Қытайдан Еуропаға және кері бағытта интернет трафик тасқын­дай­ды. Бірақ екі ел мұнда бірқатар қиындыққа да кезігуі мүмкін.

Сонымен, қандай оқиға бол­ды? Қазақ елі теңіз түбінде төл телекоммуникациялық алып ма­гис­тралі және соны төсеу мен күтіп ұстау тәжірибесі бар әлем­дегі санаулы елдер қатарына қосыл­мақ. 2019 жылғы 19 қарашада Қазақстан Үкіметінің басшысы Асқар Мамин және Әзірбайжан премьер-министрі Али Асадов Ақтау қаласында Каспий теңізінің түбінде жүретін талшықты-оп­тикалық желі құрылысын сал­танатты түрде бастап берді. Діні бір көрші елдер арасындағы бұл желі Trans Caspian Fiber Optic (TCFO) деген атау алып отыр.

Жоба трансконтиненталдық сипатқа ие және Еуропа мен Азия арасындағы цифрлы теле­ком­муникациялық дәлізді ашады.

 

Цифрлы «әл-ауқат»

Жобаның қызықты дерек­теріне тоқталсақ. Каспий таба­нын­дағы құбырлы кабельдің ұзын­дығы 380-400 шақырымға дейін созылып жатпақ. Оның деректер өткізу сыйымдылығы ең кемі 4-6 терабит/секундқа дейін жетеді.

Бұл нені білдіреді? Адамдар мұнайдың 1 баррелі 1 бөшке еке­нін, яғни шамамен 158,988 литр немесе 16 шелекке тең болатынын біледі. Ал мемлекеттер өз активін сақтайтын стандартты алтын құймасының көлемі кірпіштей, салмағы 11 000-13 300 грамм екені белгілі. Сондықтан әлгі ақпарат ағынын үйреншікті өлшемдерге салып көрсек: қарапайым тілмен айтқанда, бұл «сымның» бойымен небәрі бір секундта ғана 3 миллион кітапқа, mp4 форматтағы 200 мыңдай өлеңге пара-пар ақпарат өтеді. Егер осы бір секундтағы ақпаратты қағазға басып шығарса, 37 мыңнан астам ағашты кесуге тура келмек.

Теңіз түбінде талшықты-опти­калық байланыс желісін тарту жұ­­­мыстарын қазақстандық «Транс­­телеком», KazTransCom ком­па­ниялары және әзірбай­жандық AzerTelecom байланыс опе­раторы жүзеге асырады. Желі 2021 жылдың соңына қарай пай­­далануға беріледі деп жоспар­лануда.

– Әзірбайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Мем­ле­ке­тіміз арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықтың іргесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, әзір­байжан халқының жал­пы­ұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев және одан кейін ел тізгінін ұстаған президент Ильхам Алиев қалап нығайтты. Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Ел­басының сыртқы саяси бағ­да­рын жал­ғастыра отырып, Әзірбай­­жанмен екі­жақты қарым-қаты­насты өр­кендетуге және терең­детуге ерекше көңіл бөледі, – деді сал­­танатты рәсімде Үкімет жетек­шісі Асқар Мамин.

Ол Trans Caspian Fiber Optic жобасы республикамызға деректі берудің жылдамдығы жоғары және жақсы қорғалған инфрақұрылымын дамытудың шыңына шығуға, озық Еуропа–Азия магистралды бағдарлары қатарына кіруге және әлемдік деректер транзитінде лайықты орын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұл бірлескен жоба – қарым-қатынастарының төркіні тарихтың терең қатпарларынан, сонау сақ-ғұн дәуірлерінен тамыр тартатын екі елдің бірлескен кең ауқымды халықаралық бастамаларының бірі. Осы арқылы қос халық адамзат өмірінің бар саласын қамтып, түр­лендіріп жатқан жаһандық цифрлы трансформацияға қол ұстаса аяқ басады. Дүниежүзілік қауым­дастықтың алдыңғы қа­тарлы бөлігі мойын­сұнған цифр­лы өркениетке дендей енеді.

Бұл инвестицияға – қуатты сер­пін, жаңа экономиканың өр­­кен­деуіне – тың өріс. Нәти­же­сінде, Қазақстанда цифрлы тех­но­­логиялармен жұмыс істей­тін бизнес түрлері дамиды. Магис­трал­дық байланыс желілері өріс­тесе, Smart city, IoT (internet of things немесе заттар интернеті), Big Data, 5G-да қарқынды ілгерілейді.

Ресми мәлімет бойынша, TCFO жобасы Еуропа мен Азия арасындағы цифрлы транзитке деген қазіргі барлық қажеттілікті толығымен өтейді.

Ендеше, ол «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштаса оты­рып, Шығыс пен Батыс арасын­дағы ХХІ ғасырдағы өзіндік «Ұлы Жібек жолына» айналмақ.

Жобаға Қазақстан тарапынан жетекшілік ететін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орын­басары Дарын Тұяқов Каспий теңізі түбімен өтетін бұл желіден мемлекетіміз алдағы он жылда 300 миллион доллар (2019 жылғы бағамға сәйкес 115,5 миллиард теңге) табыс таба алатынын ай­тады.

– Бір қарағанда, TCFO теңіз ар­қы­лы Қазақстан мен Әзір­бай­жан ара­сын жалғайды. Дегенмен тереңірек үңілсек, осы желі біздің елдер арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы трафик транзитін қамтамасыз етпек. Яғни, Гонконг пен Франкфуртты өзара бай­ланыстырғалы тұрмыз! Бұдан Қазақстанға келер пайда қандай? Жобаға шамамен 60 миллион доллар инвестиция құйылады. Ал транзиттен түсер табыс көлемі 10 жыл ішінде шамамен 300 миллион долларды құрайды деп күтілуде. Бұған қоса, осы жоба 150-дей жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – дейді вице-министр Д.Тұяқов.

 

Теңіз түбіне
күмән тұна ма?

«Транскаспий фибер-опти­калық магистралінің» ғажайыпқа айналарына шүбә келтіретіндер де жетерлік. Әрине, оларды, әсі­ресе ресейлік сарапшылар сөзін «кө­реал­маушылыққа» жатқызып, «ішің күйсе, тұз жала» дей салуға да болар еді. Дегенмен бір медальдің екі жағы болатынын есте сақтап, бірқатарына құлақ түрген абзал.

Кейбір деректер бойынша, TCFO-ның 4-6 терабит/секундтық жобалық мәліметтер беру сыйым­дылығы жоба толыққанды пай­да­лануға берілгенде-ақ ескіріп қалу мүмкін көрінеді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Nature Photonics журналы хабарлағандай, АҚШ пен Нидерланд ғалымдары инновациялық, көпарналы опти­калық талшық ойлап тапты, ол секундына 255 терабит ақпарат беруге қабілетті. Рас, ол әзірге сынақтан өтуде және кең өндіріске қойылған жоқ. Әйтсе де, бұл өнер­та­быстың пайда болуының өзі өзге жетістіктерді көмескі етпек. Айталық, бұған дейінгі әлемдік рекорд бұдан алты есеге кем.

Мәліметтер беру қарқынының барған сайын ұлғаюы – ІТ сала­сындағы технология дамуының табиғи үрдісі. Себебі қоғам мен экономиканың қажеттіліктері еселеп артуда. Тиісінше, адамзатты барған сайын ұшқыр бола түсетін интернетпен қамту тұрақты түрде технологиялық күн тәртібінде тұрады. Олай болса, бірер уақыттан соң TCFO-ны жаңғырту қажет болуы ықтимал. Ол кезде жоба өзін-өзі ақтап, болжанып отырған табысты әкеліп үлгерсе, дұрыс.

Тағы бір түйткілді Sputnik Азербайджан радиосына осы елдің Мемлекеттік экономикалық университетінің (UNEC) про­фессоры, экономика ғылымда­рының докторы Эльшад Мамедов айтып берді. Ол екі ел бұл жоба­дан валюталық кіріс таба алаты­нын жеткізді. Бірақ ол үшін ла­йықты менеджмент пен мықты мар­кетингтік саясат қажет. Әйтпесе, қа­зір­ден трафик транзиті нары­ғында әрекет етіп жатқан бәсеке­лестері оның ілгерілеуіне ырық бермейді.

– Қазақстан мен Әзірбай­жан­­ның қатысуымен конти­нен­­таралық теле­коммуни­ка­­ция­­­лық дәліз құру ұлт­тық эко­­но­­ми­­камызды әртарап­тан­ды­­руға септеседі. Қос елде қолға алы­нып жатқан әлеуметтік және эко­но­микалық жаңғырулардың бір мақсаты да – осы. Демек, бұл жоба орынды. Сондай-ақ біз әлемдік экономика жүйесінде өзі­мізді жо­ғары технологиялық қыз­меттер экспорттай алатын мем­лекеттер ретінде паш ете аламыз, – деді профессор.

Ол келешекте шығындар мен теріс салдарға жол бермеу үшін идеяның оң жақтарымен қатар, кемшін тұстарын да нұсқаған дұрыс екеніне сенімді.