Жеке орган құруды ұсынды

Жеке орган құруды ұсынды

Дариға Назарбаева еліміздегі онсыз да аз су ресурстарын сақтап қалу үшін жеке мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сенат Төрағасы бұл ұсынысын Парламенттің Жоғарғы палатасының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен өткен парламенттік тыңдауда жария етті.

Аталған комитет басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақ­станның су қауіпсіздігі мәселесін Д.Назарбаеваның қолдауымен Сенат әлденеше рет көтергенін еске салды: «Үкіметке ұсыныстар да берілді. Дегенмен бұл мәс­е­ленің толық шешімін әлі көре қойған жоқпыз» деді ол.

Сенатор Қайрат Қожамжаров «Ақ бұлақ», «Ауызсу» бағдар­ла­маларына бюджеттен 1,2 трил­лион теңге жұмсалып кеткенін, алайда ауылдардың 51 пайызы бұрынғыдай таза ауызсудан та­ры­ғып отырғанын жеткізді. Бұл – шамамен 2,5 млн адам не­месе халықтың 13 пайызы. Се­натор Үкіметке бөлінген бюджет қара­жатының мақсатты игері­луі­не бақылауды күшейтуді ұсынды.

Өз кезегінде Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың мәліметінше, Су ресурстары комитетінің бюджет қаражатын жұмсауына мемаудит жүргізілген. Нәтижесінде, 2,5 млрд теңгенің бұзушылықтары әшкереленіпті. Тағы 26,3 млрд теңгенің мемле­кеттік ресурстары тиімсіз жос­парланған және шығындалған. Рәсімдік тәртіптің 189 бұзушы­лығы да анықталды.

География институтының директоры Ахметқал Медеу жеке бөгет иелеріне қатысты заң талаптарын қатайтуды ұсынды. Себебі олар өздері ие мүлікке инвестиция салмайды, түскен пайданы түгел алып қояды. Ал төтенше жағдайлардың салдарын жоюды мемлекетке қалдырады.

У.Ахмедсафин атындағы Гид­рогеология және геоэкология инс­т­итутының директоры Мәліс Әбсәметов су нысандарын жоба­лау, салу және пайдалану жұмыс­тарын жүргізе алатын білікті кадр­лардың тапшылығы мәселесі күн тәртібінде өткір тұрғанын айтты.

Парламенттік тыңдауды қорытындылаған Дариға Назарбаева мемлекетке су ре­сурс­тарын сақтау бағдар­ламасы қажет екеніне ерекше назар ау­дарды. Бұл проблеманы зерттеу елдің ғылыми инсти­туттарының басым міндеті болуы тиіс. Әсі­ресе, су үнемдеу технологияларын қолдану, бюджетке түсетін ауырт­палықты азайту мақса­тын­да инвестицияларды тарту маңызды.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы су қауіпсіздігі мәселелеріне ғана жауап беретін мемлекеттік орган құруды ұсынды.

– Екі тыңдау ұсынымдарында тек су және су қауіпсіздігімен айналысатын жеке уәкілетті ор­ганның қажетін айтқан едік. Бұл мәселе күн тәртібінен түс­пейді. Ондай меморган қалай жұмыс істейтінін білмеймін, бәл­кім агенттік немесе маман­дан­ды­рылған ұйым болар. Бірақ ол осы мәселелерге дербес жа­уап­ты әрі осы саланы ілгері­ле­тетін жеке құрылым болуы тиіс, – деп нықтады Д.Назарбаева.

Іс-шара қорытындысында сенаторлар Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірледі.