Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың түркі жұртын біріктіруге, түркі ынтымақтастығын арттыруға қосқан үлесі орасан зор.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары –
Хатшылық меңгерушісі
Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының жақында Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің өмір бойғы құрметті төрағасы мәртебесін беру туралы шешімі Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі дер едім. Бұл Елбасымыздың түркі әлемі елдерінің дамуы, ынтымақтастығы мен бауырлас мемлекеттер арасында тарихи сабақтастықты, туыстықты сақтауға қосқан айрықша үлесін бірауыздан мойындауды білдіреді. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ұзақ жылғы сындарлы саясаты мен бітімгерлік еңбегіне берілген жоғары баға мен айрықша құрмет деп есептейміз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Тәуелсіздікке дейін де, кейін де түркі жұртшылығына айрықша көңіл бөлді. Түркі әлемі басшыларының басын қосуда, біріктіруде, түркі дүниесін бүкіл әлемге танытуда Елбасының айшықты қолтаңбасы бар.
Бүгінгі таңда Н.Назарбаевтың беделі түркі әлемінде өте жоғары деңгейде. Бұл дәрежеге қол жеткізу оңай болған жоқ. Шыны керек, түркітілдес мемлекеттер басшыларының арасында түрлі мінезді, түрлі саясат ұстанып, түрлі көзқарастармен ел басқарғандары болды. Олардың мұндай ерекшеліктері кей жағдайда біршама қиындық туғызып отырды. Әрбір кездесу, келіссөздер барысында Елбасы «Бүкіл дүние тәуелсіздік алған бізді бақылап, қарап отыр. Алтау араз болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп барлығының басын қосып, бір арнаға тоғыстыруға тырысты. «Ақ теңізден Алтайға дейінгі үлкен кеңістікте өмір сүріп жатқан түркі халықтары 200 млн-ға жуық. Олар бірігіп, тату болып, ынтымақтастығын арттырса ғана, өздерін әлемге таныта алады» деген сөзді жиі айтатын.
Елбасымыз осы мақсатта тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жылдардың ішінде-ақ үлкен шаруалар жасады.
Соның бірі ретінде Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылуын атап өтуге болады. Жалпы көлемі 300 га жерді алып жатқан оқу ордасы бүгінде аяғынан тік тұрып, қара шаңыраққа айналып отыр. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан студенттерімен қатар, Ресейдегі саны аз қарашай, балқар, ноғай, қарайым, гагауз сияқты бүкіл түркі халықтарының жастары дәріс алуда.
Бұдан бөлек, ешқашан жүзеге асады-ау деп ойламаған, ғасырлар бойы армандаған құрылымдар дүниеге келді. Олар: Стамбұлдағы – Түркі кеңесі, Бакудегі – Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), Анкарадағы – ТҮРКСОЙ ұйымы, Нұр-Сұлтандағы – халықаралық Түркі академиясы. Әрбір ұйымның ашылуы айрықша естеліктерге толы. Түркі мемлекетінің ынтымақтастығын нығайтып, оны жүзеге асыратын нақты ұйымның бірі – Түркі кеңесі. 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван қаласында Түркі кеңесін құру туралы Елбасымыз бастама көтерді. Кеңес Одағы тарағаннан кейін түркітілдес мемлекеттер басшылары жылына бір рет кездесіп, саммит өткізіп отыратын. Алқалы жиында белгілі бір сала бойынша мәселе қозғалып, жоспар жасалатын. Алайда өзінің жеке хатшылығы болмағандықтан, көп жағдайда айтылған мәселелер уақытында жүзеге аспайтын. Сондықтан осы олқылықты орнына келтіріп, нақты орындау мақсатында Елбасымыздың ұсынысымен Түркі кеңесі ұйымы өз жұмысын бастады. Қазіргі кезеңде өз жемісін беріп, түркі мемлекеті басшыларының кездесулері жүйелі түрде жолға қойылды. Осы басқосуларда Түркі кеңесі түркітілдес мемлекеттер басшылары ойларын ортаға салып, экономика, мәдени, білім, ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолында нақты шараларды қолға алды. Түркі кеңесінің тағы бір ерекшелігі, алты ірі түркі мемлекеттерінің басшыларын жинаумен қатар, басқа да түркітілдес халықтардың тілі мен мәдениетінің, өнер-ғылымының дамуы үшін қажетті көмек көрсетіп отырады.
Кемал САЛЛЫ:
«2010 жылдан бері «Өнже Ватан» газетінде «Түркі әлемінің лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа Нобель сыйлығын беру керек!» деген акция жүргізіп отырмыз. Өйткені Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ядролық полигонды жаптырып, әлемдік дәстүрлі дін лидерлерінің басын қосқан тұлға, Түркия мен Ресейді жақындастырған көреген басшы Нобель сыйлығына әбден лайықты деп білеміз. Сондықтан Түркі кеңесінің Құрметті төрағасына Нобель сыйлығының берілуіне барлығымыз міндетті түрде атсалысуымыз керек. Түбі бір түрік жұрты Елбасының бауырмалдығын еш уақытта ұмытпаймыз, әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі үшін мың да бір алғыс айтамыз! Біз Нұрсұлтан Назарбаевқа мәңгі бақи қарыздармыз!»
Жалпы, түркі халықтарын халқының саны, даму деңгейіне қарай үшке бөлуге болады. Алты ірі мемлекет – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Әзірбайжан. Одан кейінгі үлкен халықтарға Ресей құрамында автономды республика есебінде өмір сүріп жатқан татар, башқұрт, якут, чуваш халықтары кіреді. Одан кейінгі орында хакас, алтай, қарайым, қарашай, балқар, ноғай, құмықтарды қоямыз. Бұл халықтардың да тілін, ғылымын дамыту күн тәртібінен түспеуі тиіс. Басым бөлігінің мәдениетін дамытуға, әлем елдерімен араласуға кең мүмкіндіктері жоқ. Осы тұрғыда Түркі кеңесі бауырлас елдерге құшағын ашып, өз мүмкіндіктерін ұсынуда. Елбасының «халқы саны неғұрлым аз болса, соғұрлым жоғары дәрежеде көмек көрсетуі керек» деген сөзінің маңызы жоғары. Өйткені 40 тілден тұратын түркі тілдер жанұясы атты топқа кіретін барлық тілдерді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге көрегенділікпен көңіл бөліп отыр.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани байлығымызды, ұлттың өзіндік кодын, ділін, тілін, табиғатын сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу жолын айқын көрсеткен.
Бұл екі мақаланы тек қана қазақ елі емес, әрбір түркі халқының толық пайдалануына негіз бар. Түркі халқы бірден «Түркі әлемінің манифесі» деп жариялап, Елбасымыз көрсеткен тапсырмаларды өздеріне нақты бағдар етіп алды.
Өйткені Тұңғыш Президент «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстанның түркі дүниесіндегі орнына тоқталып, қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуропа мен Азиядағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын түбегейлі өзгерткені туралы баяндады. Ұлы Жібек жолы бойында көшпелі және отырықшы өркениеттің өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналғанын мысалға алды. Өз халқының рухани байлығы ғана емес, Ұлы дала төсінен тараған түбі бір түркілерді дүниеге танытуды көздейді.
Түркі әлемін дүниеге танытудағы келесі қадам – Түркі академиясы халықаралық ұйымының құрылуы. Түркі академиясының 2010 жылғы тұсаукесеріне Елбасымыз бен сол кездегі Түркия президенті Абдолла Гүлдің қатысуы ерекше әсер қалдырды. Екі мемлекет басшысы қатысқан мұндай халықаралық түркологиялық симпозиум бұрын-соңды ұйымдастырылған емес. Төрткүл дүниеден әлемдік деңгейдегі 300-дей түрколог ғалымдар жиналды. Татар ғалымы, академик Мирфатых Закиев бастаған жүз шақты түрколог Елбасына үндеу жазып «Қазіргі таңда кеңестік кезеңде орталық болған Мәскеу, Санкт-Петербор өз қамымен кетті. Ғалымдардың басын біріктіретін, ұйымдастыратын басқа орталықтар жоқ. Түркі елдерінің ғылымын, білімін, тарихын зерттейтін орталық болуға тек Қазақстан лайық. Осы ұсынысымызды қабыл алсаңыз» деген өтініштерін ала келіпті. Ал олардың симпозиумға келгенде халықаралық Түркі академиясының ашылатындығынан еш хабары жоқ болатын. Екі Президенттің қатысуымен Түркі академиясы, Түркі дүниесі кітапханасы мен музейінің тұсаукесеріне қатысып, көктен іздегендері жерден табылғандай қуанып, таңғалыстарын жасыра алмады.
Міне, сол үлкен ғылыми орталық – халықаралық Түркі академиясы бүгінде әлем түркологтарының ортақ алаңына айналды. Түркі халықтарының әдебиеті, тілі, тарихы, мәдениеті салаларында жүздеген кітаптар, сөздіктер, журналдар шығарып, көптеген ғылыми конференция, симпозиум, семинарлар өткізді. Ғалымдарға жан-жақты қамқорлық жасап, түркология ғылымының тереңдеуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл қарқын бұдан кейін де жалғаса бермек.
Жалпы, әлемдік қауымдастық бүгінгі таңда түркі дүниесін толық танып білді деп әлі де айта алмаймыз. Ал халықаралық Түркі академиясы алдымен түркі дүниесін әлемге таныта бастаса, екіншіден, түркі халықтарының рухани байлығын терең зерттеу арқылы ұмытыла бастаған өз мәдениеттерін өздеріне таныта бастады.
«Қазақстан Президенті Нобель сыйлығына лайық!»
2015 жылы қараша айында басталған Ресей-Түркия арасындағы дағдарыста да Елбасының араағайындық рөлін ерекше атап өтуіміз керек. Ресей ұшағын Түркияның атып түсіруінен соң жағдай күрт ушығып, еларалық виза тоқтады. Шекара жабылды деуге де болатын. Туризм тұралап, Ресейде жұмыс істеп жатқан түрік фирмаларының жұмысы тоқтады. Бір сәтте дүние апай-топай болып, Түркия өндіріс және азық-түлік тауарына Ресейге кіруге тосқауыл қойылды. Жүз мыңдаған отбасының қарым-қатынасы үзілді. Ресейден жылына орта есеппен 4,5 млн адам Түркияда демалатын. Бұл – өз аяғымен келіп тұрған 4,5 млрд доллар түсім. Жергілікті фирмалардың да жұмысы бірден қаңтарылды. Туристерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған Ақ теңіз жағалауындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын 300 мыңдай шаруа бір сәтте жұмыссыздар қатарына қосылды. Қонақүйлерге күнделікті келіп жататын өнімдер күрт тоқтап, экономикалық дағдарыс белең алды. Бірқатар туристік аймақтар көшеге шықты. Сол кезде Қазақстан елшілігіне Түркия саясаткерлері, кәсіпкерлер, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар ағылып келе бастады. Баспасөз, ақпарат құралдары жағдайды одан сайын ушықтырып жатты. Ортақ шешімге, ымыраға келуге Ресей де, Түркия да ықтиярлығын көрсетпеді. Түрік жұртшылығы, зиялы қауым іскер өкілдері «бізді бұл тығырықтан Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қана алып шығады. Басқа ешкімнің шамасы келмейді» деп бітімгершілік жасауды өтінді.
Әрине, бұл жағдайдың барлығынан Елбасы күнделікті хабардар болатын. Біртіндеп екі басшы арасын жақындату шараларына кірісті, бітімгершілік жұмыстарын жүргізді. 2016 жылдың алғашқы айларынан басталған келіссөздер алты айға созылды. Осы кезеңде Елбасы кезек-кезек Түркия, Ресей мемлекеттеріне жұмыс сапарымен барды. Аса күрделі келіссөздер негізінде 2016 жылдың маусым айында екі жақ ортақ мәмілеге келіп, оң шешім қабылданды. Бұл шешім екі жаққа да тиімді болды. Сол уақытта түрік баспасөзі бұл әлемдік деңгейдегі теңдесі жоқ бітімгершілік еңбек деп жарыса жазды. Күллі түркі жұрты Қазақстан Президентін түркі әлемінің көреген Көшбасшысы, дана дуайені деп атап көрсетті.
Бұл туралы жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық медиафорумында Түркиядан келген журналист, халықаралық шолушы Кемал Саллы «2010 жылдан бері «Өнже Ватан» газетінде «Түркі әлемінің лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа Нобель сыйлығын беру керек!» деген акция жүргізіп отырмыз. Өйткені Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ядролық полигонды жаптырып, әлемдік дәстүрлі дін лидерлерінің басын қосқан тұлға, Түркия мен Ресейді жақындастырған көреген басшы Нобель сыйлығына әбден лайықты деп білеміз. Сондықтан Түркі кеңесінің Құрметті төрағасына Нобель сыйлығының берілуіне барлығымыз міндетті түрде атсалысуымыз керек. Түбі бір түрік жұрты Елбасының бауырмалдығын еш уақытта ұмытпаймыз, әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі үшін мың да бір алғыс айтамыз! Нұрсұлтан Назарбаевқа мәңгі бақи қарыздармыз!» деп ағынан жарылды. Мұны бір ғана қарапайым журналистің емес, бүкіл түркі жұртының шынайы құрметі деп қабылдауға болады.
Ер түріктің бесігі – Түркістан
Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен құрылған Түркістан облысы мен Түркістан қаласы да түркі дүниесін елең еткізген өзгерістің бірі.
2018 жылғы 19 маусымдағы Елбасымыздың Түркістан облысын құру және Түркістан қаласын орталығы етіп бекіту жөніндегі Жарлығы Қазақстан үшін ғана емес, түркі дүниесі үшін де тарихи қадам дер едік. Елбасымыздың ұзақ жылдан бері «Түркістан – түркі дүниесінің орталығы болуы тиіс» деп қайталап айтып келе жатқанының өзіндік себебі бар.
Айналасынан 7-8 көне қаланың орны табылған Түркістан шаһарының тарихы тереңде. Кезінде Жібек жолы бойында дәуірлеп тұрған Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Исфиджаб, Сауран арасындағы қалалары өркениет орталығы болды. ХІІ ғасырда Түркістанда өмір сүрген ғұлама Қожа Ахмет Ясауи – атақты ақын ғана емес, пәлсапалық ілімнің бастаушысы. Тәлімін алған шәкірттері Өзбекстан, Түркия жерінде өмір сүрген. Ирак, Сирия жеріне де таралған. Қазіргі түрік оқымыстылары, зиялы қауымы ХІІІ ғасырдан бастап құрылған Осман империясының түркітілдес, түркірухтас болып қалуына негізгі себепші болған Ясауи бабамыздың шәкірттерінің еңбегі деп айтады. Себебі Түркияның араб елдерінің немесе басқа көрші тілдердің ықпалында кетпей, бүгінгі күнге Түркия мемлекеті болып жетуіне бірден-бір себепші болған Ясауи шәкірттері Юнус Әміре, Бекташ, Мәулана сияқты ұлы тұлғалардың арқасы деп біледі. Қазіргі таңда Түркияда Ясауи атындағы бірнеше мешіт бар, 100-ге жуық қор құрылған, бұдан бөлек көптеген лицей, колледж, зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Ал ясауитанушылар Ясауи шығармаларын жыл сайын үлкен тиражбен басып отырады.
Жалпы, Ясауи ілімі, оның ақындығы Түркияда Қазақстанға қарағанда кеңінен танымал. Түркістан қаласын Елбасымыздың түркі әлемінің орталығы етіп құруы арқылы түркі дүниесінің орталығына айналдыру болса, екіншіден, Ясауи бабамыздың ілімін терең қарауға, зерттеуге арналған үлкен қадам.
Тілде, пікірде, істе – бірлік!
Түркі мемлекеттері басшыларының соңғы саммитінде Елбасымыз түркі дүниесінің «100 жаңа көшбасшысы», «Түркі дүниесінің 100 жаңа есімі», «түркі дүниесінің 100 киелі жерлері» атты бағдарламаларды жүзеге асыруды ұсынды. Түркі дүниесі жас көшбасшыларының форумын өткізу туралы ой тастады. Бұл ресми басшылар ғана емес, жас лидерлердің басқосуы арқылы түркі дүниесінің ынтымақтастығының беки түсетініне көрсетілген сенім.
Қазіргі таңда халықаралық сарапшылар Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстанды геосаяси және стратегиялық тұрғыдан түркі дүниесі қауіпсіздігінің кепілі деп санайды. Еуропа және Қытай арасындағы негізгі транзиттік дәліз ғана емес, жалпы, континентті масштабта батыс пен шығысты, солтүстік пен оңтүстікті байланыстырып отырған шешуші ел деп есептейді. Ал Н.Назарбаев саясаты көрші мемлекеттердің де мүддесін көздеп, күрмеуі көп аймақтық және халықаралық ахуалдың шешуші алаңына айналдырды.
Сондықтан болса керек шетелдік саясаткерлер Н.Назарбаевты түркі Еуразиялығының аса көрнекті идеологы деп бағалайды. Назарбаев түрікшілдігінің ерекшелігі, оның нақты стратегиясында, әсірешілдік пен популизмнен алыс болуында. ХХІ ғасырдағы әлемдік саяси жүйеде өмір сүрудің ең басты кепілі – бірлік десек, ол жалғыз Қазақстан емес, түркі әлемі үшін де аса маңызды. Өйткені бірлік – түркі, мұсылман дүниесі жоғалтып алған ең үлкен шығын. Сондықтан түркі дүниесінің Көшбасшысы Н.Назарбаев түркі әлемінің интеграциясын нығайтуға күш салды. Бұл мақсатты Н.Назарбаев тілде, пікірде, істе, бірлікте жүзеге асырған тұлға.
Жылдар жылжыған сайын Елбасының осы еңбектері нәтижесін беріп, Қазақстанның орны әлемдік аренада биіктей бермек.