Екі ел арасындағы байланыс нығая түседі

Екі ел арасындағы байланыс нығая түседі

Мемлекет басшысы Фран­­ция бизнесінің өкіл­де­­рі­­мен кездесті. Бұл ту­ралы Ақор­даның баспасөз қызметі ха­бар­лады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Франция Қазақстанның Еуро­палық Одақ аясындағы негізгі серіктесі екенін және еліміздің екіжақты ық­пал­дастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.

– Екі мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас тұрақты әрі жоғары деңгейде. Біз Фран­ция президенті Эмманюэль Макрон­ның Қазақстанға жасай­тын алдағы сапары екіжақты ынты­мақтастықты дамытуға тың серпін береді деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда француз капиталының қатысуы­мен Orano, Alstom, Air Liquide, Airbus сияқты 160-тан астам тран­сұлттық компания жұмыс істейді. 2018 жылы елдер арасын­дағы тауар айналымы 32 пайызға артып,
4,5 миллиард долларға жетті.

– Биылғы көр­сет­­кіш­терде де оң қарқын бай­қа­ла­ды. 9 айдың ішінде тауар ай­на­лымы 5,5 пайызға өсіп, 3,4 мил­лиард долларға жетті. Жал­пы, Қазақстан экономика­сы­на салынған француз инвести­циясының көлемі 16 миллиард долларға жуық, – деді Президент.

Президент француз бизнес­мен­дерінің назарын екі ел ара­сын­дағы ынтымақтастықты нығайтуға негізделген бағыт­тарға аударып, оларды агроөнер­­кә­сіптік кешен және эко­но­мика­ның басқа да сектор­ларын­дағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін серіктес болуға ша­қырды.

– Қазақстанның бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мүмкіндігі зор. Елімізде 25 миллион гек­тар егістік пен 186 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар. Бұл – орасан зор ресурс және резерв. Географиялық тұр­ғыдан біз үлкен әрі жоғары төлемқабілеттілігі бар Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Индия нарықтарына жақынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өз сө­зінде инновация, цифрлық эко­номика салаларындағы ынты­­мақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.

– Елімізде Назарбаев уни­верситеті және Иннова­ция­лық технологиялар паркі се­кілді инновациялық кластер­лер жұмыс істейді. Astana Hub IT-стартаптар халық­аралық технопаркі ашылды. Біз Қа­зақстанда француздық инно­вациялар мен технологияларды енгізу үшін мейлінше қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Президент.

Көлік-транзит инфрақұры­лымын дамыту мәселесіне тоқ­талған Мемлекет басшысы Қа­зақстан арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын халық­ара­лық көлік дәлізі өтетінін, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұшта­сатын «Нұрлы жол» бағдар­лама­сының жүзеге асырылып жатқа­нын айтты. Бұдан бөлек көліктік және туристік әлеуетті арттыру мақсатында еліміздің жетекші әуежайларында «ашық аспан» жүйесі енгізілді.

– Мен Қазақстанның ас­паны ашық болуы керек деген шешім қабылдадым. Осы жүйе 11 әуежайға енгізіліп, барлық әуе компаниялары арасында, оның ішінде қазақстандықтар да бар, тиісті бәсекелестік ұйым­дастырылады. Бұл жолау­шылар тасымалы тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа арасында жүк тасымалын ұйым­дастыратын еліміздің авиациялық мүмкін­дік­теріне оң ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқосу барысында Қазақ­стандағы Total компаниясының басшысы Алем Фрига-Ной, Air Liquide компаниясының вице-президенті Филипп Кристодолу, Alstom компа­ниясының Таяу Шығыс елдері бойынша аға вице-президенті Дидье Флежер, Renault кәсіп­орнының аға вице-президенті Николя Мор, Idemia компа­ниясының аға вице-президенті Изабель Лозон, Orano mining компаниясының бас директоры Николя Маэс, Vicat компаниясының аймақтық директоры Пьетро Кала және басқа да француз бизнесінің өкілдері сөз сөйледі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев осы іс-шараның Қазақстан мен Франция ара­сындағы байланысты нығайтуға септігін тигізетініне, өзара тиім­ді жаңа жобалардың бастауы бола­тынына сенім білдірді.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ