Субсидияның да сұрауы бар

Субсидияның да сұрауы бар

Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияның тиімсіз түрлерін алып тастап, нәтижеге бағытталған түріне мемлекеттік қолдауды күшейтуді ұсынды. Үкімет отырысында министр Сапархан Омаров ет, жұмыртқа және басқа да өнім өндірушілерге берілетін субсидияларды қысқартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

– Біз ірі қара мал етіне, жұмыртқаға, қымызға және шұбатқа, күрішке, мақтаға субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырмыз, өйткені бұл өнімдер өзін-өзі қам­тамасыз ету деңгейіне ие, – деді С.Омаров.

Министрдің айтуынша, тиімсіз субси­диядан үнемделген қаржы кері қайта­рылмай, агросектордың өзінде қалады. Ол шамамен 20 млрд теңге көлеміндегі қа­ражат. Бұл қаражат ауылшаруашылық тех­никалары мен жабдықтарды жаңартуға, құс еті фабрикалары мен қант қызылшасы өндірісін ұлғайтуға, сондай-ақ өнімді сақтауға арналған инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ.

Осылайша, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі тұқым, тыңайт­қыштар мен өсімдіктерді қорғау саласында осы уақытқа дейін өзін­дік құнды арзандату үшін бе­ріліп келген субсидиядан бас тар­туды жоспарлап отыр. «Біз 2017 жыл­дан бастап жарма, майлы да­қыл­дар, көкөністер мен бақша да­қылдарын субсидиялауды қыс­қарттық. Енді біз ірі қара мал еті­не, жұмыртқаға, қымыз бен шұ­батқа, күрішке, мақтаға суб­си­дияны тоқ­татамыз. Себебі бұл та­уарлармен қамтамасыз ету дең­гейі жеткілік­ті», – деді министр.

Айта кетейік, ел Үкіметі бү­гінгі күнге дейін агроөнеркәсіп ке­шенінің рентабельділігін қол­дау­ға бағытталған жалпы көлемі 292 млрд теңге қаражат бөлген. Аталған қаржы субсидиялаудың 47 түрі арқылы агросекторға са­лын­ды. Алайда ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерімен ішкі нарықты то­лық қамти алмай отырған тауар түр­лері әлі де көп. Омаровтың ай­­­туынша, қазір еліміздегі әлеу­меттік маңызы бар тауарлардың тізіміне 19 тауар кіреді, оның ішін­де тек алты өнім бойынша 505 миллион доллар кө­лемінде импорт тауарына тәуел­ді­міз. Атап айтқанда, бұл 191,6 мың тонна құс еті немесе ішкі тұтыну­дың 49% сырт­тан келеді. Одан ке­йін шұ­жық өнімдеріне импорт­тың үле­сі – 39%, яғни жылына 30 мың тоннадай шұжықты сатып аламыз. Сүт өнімдерінің 46,5% мөлшерін (21,9 мың тонна) им­порт­тап отыр­мыз. Сондай-ақ 30 мың тон­на (импорт 72%) балық өнімдері мен 250 мың тонна қант (57%) және 101 мың тонна алма (31%) бар.

Үкімет отырысында осы алты өнім бойынша импортқа тә­уел­ділікті азайтудың нақты жоспары дайындалғанынан хабардар еткен Ауыл шаруашылығы министрі 2024 жылға дейін біртіндеп нә­тижеге жетуге сендірді. «Сүт өнім­дері бойынша жылына кемінде 25 сүт фермаларын енгізу бойынша нақты жоспар бар. Құс еті импортын азайту үшін қуаты 200 мың тонна құс фабрикалары салынады. Біз қазірдің өзінде 155 мың тонна құс етін өндіретін 12 жоба дайын­дап жатырмыз. Алма импор­тын ал­мастыру үшін қосымша 12,5 мың га алқапта бақ өсіруіміз керек, бұл 105 мың тонна алма өндіруге мүмкіндік береді», – деді С.Омаров.

Ал ішкі нарықты қантпен қам­ту мақсатында екі жаңа зауыт салынып, қолданыстағы үш қант зауытын қайта жаңғырту қажет. Сонымен қатар қант қызылшасын өсіретін алқаптар кеңейеді.

Министрліктің жоспарла­уын­ша, импортты алмастыру бо­йын­ша осы шараларды жүзеге асыру 2024 жылға қарай ішкі нарықты 80%-100% отандық өнімдермен қамтамасыз етуге және салада­­ғы негізгі капиталға шамамен 770 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Салаға жауапты басшының сөзін тыңдаған Премьер-Ми­нистр Асқар Мамин алдағы 3-5 жыл ішінде республикадағы импортқа тәуелділікті жойып, бар­лық әлеу­меттік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етуді міндеттеді.

Сондай-ақ Үкімет отыры­сын­да Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі елімізде ет комбинаттары мен сүт зауыттарының құрылысын тоқ­татуды ұсынды. Оның айтуын­ша, жаңадан ет, сүт комбинатын салғаннан қолда барын қайта жаңғыртудан өткізген де тиімді. Болашақта бұл салаға мемлекеттің қолдау қаражатынсыз бизнес инвестициясын тартуға мүмкіндік жасалмақ.

Субсидия қаржысын бөлудегі барлық өзгерістер Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Отырыс барысында саланың алдағы жоспарымен таныстыр­ған министр Үкімет басшысына қа­рата «Құрметті Асқар Ұзақ­байұлы, Үкіметтің инвести­циялық субси­диялар бойынша 28,5 млрд теңге көлеміндегі қа­рызды жабуға қол­дау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар бізде мал шаруашылығын субси­диялау бойынша 36,8 миллиард теңге қарызымыз бар. Инвес­ти­циялық субсидиялар бойынша қа­рыздың сальдосы 11,7 млрд тең­ге. Субси­дия­лаудың бұл қо­сымша қажеттілігі бірнеше жылдар бойы келе жат­қан тұрақты сипатқа ие мәселе. Біз сізден қолдауыңызды сұрай­мыз», – деді министр.