Алматы қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектепте «Ыбырай шәкірттері» тақырыбында Қазақ тілі мен әдебиеті апталығы өтті.
Апталық барысында жас ұстаздарға тәжірибесімен бөлісу мақсатында мектептің шебер, зерттеуші, сарапшы мұғалімдері М.Дүйсенбаева, Н.Саматаева, А.Дауренбекова, Б.Каркеева, Д.Абдукаримова ашық сабақтар өткізді. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ш.Әбдіманаптың бастамасымен «Ғалыммен кездесу» айдары аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Ноттимгем» университетінің (Ұлыбритания,Ноттингем) «Білім мен ғылым саласындағы басқару» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған, «Академиялық жазылым» еңбегінің авторы, оқытушысы Еділбай Оспанмен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге мектептің жас мамандар белсене қатысып, «Ғалым мен педагог», «Шәкірттерді ғылымға баулу», «Өзіңді-өзін басқару» тақырыптары кеңінен талқыланды.
Апталықта «Білімге құштар мектеп» республикалық жобасы аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тазалыққа ұмтылу», «Түнгі лирика», «Жиырманың жалыны», «Жаратылыснама» кітабының авторы Мұратхан Шоқанмен онлайн кездесу болды. Ақын оқушыларға ақындықтың сырлары, жаратылыстың құпиясы, ақын ғана көре алатын әлем туралы сөз қозғап, сыр тербетті. Оқушылар түрлі сұрақтар қойып, тұжырымды жауаптар алды. Мұратқан ағамыз кездесу соңында өзінің түнгі лирика кітабын мектеп кітапханасына сыйға тартты.
Оқушылар бойында тіл мәдениетін қалыптастыру, білімге деген қызығушылығын арттыру, оқыту әдістемелерінің тиімді жолдарын түсіндіру бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызымен «Қазақ тіліндегі тиімді ІT жобалар» тақырыбында вебинар өтті. Вебинар барысында М. Бақытқызы «Тіл-Қазына» орталығының төл өнімдерін, қосымша ретінде қазіргі қазақ тіліндегі пайдалы платформаларды оқушылар мен ұстаздарға таныстырды.
Апталық барысында 5-9 сынып оқушылары арасында «Ана – тілім ардағым» тақырбында эссе байқауы өтті. Байқауға 57 оқушы қатысты. Байқау соңында жүлделі орындар анықталып, марапатталды. Сонымен қатар «Поэзия шапағаты» айдары аясында 5-9 сынып оқушылары арасында мәнерлеп оқу сайысы болды. Сайысқа 65 оқушы қатысты. Туған жер, ана тілі, Отан тақырыбында өлеңдер оқылып, поэзия шырайы ашылды. Сайыс соңында қазылар жеңімпаздарды анықтап, арнайы дипломдармен марапаттады.
Апталықтың жабылу салтанатында мектеп директоры А.Имангалиева: «Қазақ руханияты қайда десек, біз оны, әрине қазақтың тілінен, оның әдебиетінен табамыз. Сондықтан да бұл апталықтың өтуіне ерекше мән бердік. Рухты жырларды, терең тарихты сіңіруге тырыстық. Апталықтың қорытынды нәтижесін көре отырып, біз ол мақсатқа жеттік деп ойлаймыз» – деді. Мектеп ұсатаздарына кезекті апталықтарды да көтеріңкі рухта жалғастыру керегін жеткізді. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралардың көп болатынын айтты.