Кейбір халықтың жадында ерекше сақталып қалатын актерлер болады. Олар туралы арнайы да жазылады, зерттеледі де. Бірақ соған қарамастан, олардың бейнесі уақыт өткен сайын қайта оралып, тағы да жазғың келіп тұрады. «Көксерек» фильміндегі Құрмашты ойнаған бала сондай тұлғалардың бірі. Әрине, бұл тақырыпқа бас сұққанда, Қамбар Уәлиев туралы жазылған дүниелер бар екенін көреміз. Дегенмен олардың жазылғанына кемінде бірнеше ай өткен, ал бұл тақырып әлі де жаңаша қарауды қажет етеді. Сондықтан бүгін біз қазақ кино тарихында өз орны бар, бірақ өмірі мен тағдыры толық ашылмай қалған актер Қамбар Уәлиевке қайта оралып, оның тұлғасын тағы бір қырынан танып көруге талпыныс жасап көрмекпіз.
«Көксерек» көркем фильмі Мұхтар Әуезовтің осы аттас шығармасы негізінде 1973 жылы түсірілді. Бұл туынды сол кезеңдегі қазақ киносының ең есте қалған шығармаларының біріне айналды. Фильмдегі Құрмаш бейнесі - оқиғаның өзегін ұстап тұрған негізгі кейіпкерлердің бірі. Бала мен қасқыр арасындағы байланыс, сенім мен қайшылық осы образ арқылы беріледі. Сондықтан Құрмаш рөлі фильмнің эмоционалдық салмағын көтеріп тұрған басты желілердің бірі болып көрінеді.
Қамбар Уәлиев осы рөлге іріктеу арқылы келген. Ашық дереккөздерде жарияланған мәліметтер бойынша, интернатта оқып жүрген кезінде мектепке киноға бала іздеген адамдар келіп, балаларды камераға түсіріп алады. Кейін оны сырттай таңдап, «Қазақфильм» киностудиясына апарады. Сол жерде кинопробадан өткен соң Құрмаш рөліне бекітіледі.
Осы фильм Қамбар Уәлиевтің есімін танытқан басты жұмыс болды. Көрермен үшін ол ең алдымен Құрмаш бейнесімен есте қалды. Фильм қайта көрсетілген сайын немесе еске алынған сайын, сол бала туралы сұрақ қайта туындайды. Оның аты жиі аталмаса да, экрандағы бейнесі қазақ киносының жадында сақталып қалды.

Қамбар Уәлиевтің Құрмаш рөліндегі жұмысы кәсіби деңгейде де бағаланған. 1974 жылы Баку қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде ол «Көксерек» фильмі үшін балалар рөлін үздік орындағаны үшін қазылар алқасының көтермелеу дипломымен марапатталған. Бұл оның ойыны тек көрерменге әсер етіп қана қоймай, мамандар тарапынан да бағаланғанын көрсететін нақты дерек.
Қамбар Уәлиев тек осы фильммен шектелмеген. Ол бірнеше фильмге түскен, олардың ішінде басты рөлдер де бар.
- 1972 жылы «Шоқ пен Шер» фильмінде Ғалимжан рөлін сомдаған.
- 1973 жылы «Четверка по пению» фильмінде Ермек рөлінде көрінді.
- Сол 1973 жылы ««Көксерек» фильмінде Құрмаш рөлін ойнап, кеңінен танылды.
- 1974 жылы «Ласточки прилетают весной» киноальманахында эпизодтық рөлде түсті.
- 1978 жылы кеңестік және германдық бірлескен «Алмазная тропа» фильмінде Кеша рөлін орындады.
- 1987 жылы «Шаңырақ» фильмінде Ерлан атты басты рөлдердің бірін сомдады.
- 1988 жылы «Идеальный пейзаж в пустыне» фильмінде эпизодтық рөлде көрінді.


Осы фильмографияға қарағанда, Қамбар Уәлиев белгілі бір кезеңде кино саласында тұрақты жұмыс істеген актер болғаны байқалады. Әсіресе 1970-жылдары оның бірнеше фильмге қатар түскені көрінеді. Кейінгі жылдары да түсірілімдерге қатысқанымен, бұл бағыттағы белсенділігі біртіндеп азайған. Соған қарамастан, оның есімі ең алдымен Құрмаш рөлімен байланысты болып қалды. Басқа рөлдері болғанымен, көрермен жадында «Көксерек» арқылы қалыптасқан бейне негізгі орын алады.
Қамбар Уәлиев туралы кейінірек жазылған әсерлі жазбалардың бірі - журналист Әлия Құдайбергенованың естелігі. Ол кезінде актердің жалдамалы пәтеріне барып, «Жұлдыздар отбасы» журналына сұхбат алған. Кейін сол кездесуді әлеуметтік желіде естелік ретінде қайта жазған. Сол естелікте Қамбар Уәлиевтің өміріндегі ең ащы қайшылықтардың бірі анық көрінеді. Журналистің «“Көксерек” сізге не берді?» деген сұрағына ол «кір жуатын машина» деп жауап берген. Қысқа ғана жауап. Бірақ осы қысқа сөздің өзінде көп нәрсе жатыр. Экранда бүкіл ел таныған Құрмаш, ал өмірде соның нақты қайтарымы тұрмыстық бір бұйым деңгейінде ғана қалғандай әсер береді. Бұл жерде артық түйін жасаудың қажеті жоқ. Актердің сол жауабы жағдайдың өзін айтып тұр.
Әлия Құдайбергенова жазбасында Қамбар Уәлиевтің сол кездегі тұрмысы да ашық айтылады. Оның көлік жөндеу орталығында жұмыс істегені, жұбайының мейірбике болғаны, тапқандары пәтерақы мен күнделікті ас-ауқаттан артылмайтыны көрсетіледі.

Қамбар Уәлиевтің өмірі мен тағдыры оның қоғамдағы орнының қалай қалыптасқанын да көрсетеді. Оны танығандар болды, бірақ өзі айтқандай, «білетіндер біледі, бірақ одан не пайда?». Яғни экрандағы танымалдық өмірде нақты қолдауға айналмаған. Тұрмыстық қиындық, денсаулық мәселесі, бос уәделер - бәрі қатар жүрген. Ол өзі ештеңе де сұрамаған. «Менің өмір сүргенім ешкімге де міндет емес. Менен де зорлар өтті ғой, сый көрмей» деген сөзі де оның осы ұстанымын көрсетеді. 2012 жылы өмірден өтті, бірақ бұл да кең қоғамдық деңгейде үлкен резонанс тудыра қойған жоқ. Осының бәрі Қамбар Уәлиев мысалында талантты тану мен оны бағалау әрдайым бір нәрсе емес екенін көрсетеді.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.
