Жаңа жылдың алғашқы сауда күні мұнай бағасының өсуімен есте қалды: Brent мұнайдың бағасы 52,5 АҚШ долларынан асты. Мұндай баға соңғы рет 2020 жылдың 26 ақпанында тіркелген еді. Ал 2021 жылдың екінші күні доллар индексі (DXY – дамыған елдердің валюталары қоржынына қатысты америкалық доллардың мәні) жаңа деңгейге түсіп, 2018 жылдың ақпан айындағы ең төменгі 89,51 тармақты құрады. Қарапайым тілмен айтқанда, әлемде доллар арзандады. Бұл теңгенің айырбас бағамын нығайтуға жақсы себеп болмақ.
Келесі жағымды жаңалық қазақстандықтар арасында депозитін теңгеде сақтаушылар көбейді. Өткен жылдың қараша айының аяғында Қазақстандағы депозиттік ұйымдардағы депозит көлемі 21,940 млрд теңгені құрады. Депозит құрылымында шетел валютасындағы (доллар) депозиттің орнына теңгемен салынған депозиттің үлесі басым шықты. Заңды тұлғалардың депозиттері қараша айында 11% немесе 697 млн АҚШ долларына төмендеп, теңгедегі аударымдары бір айда 14%-ға немесе 410 млрд теңгеге өсті. Біздіңше, жыл жаман басталмаған сыңайлы. Ал сарапшылар не дейді? Алдағы уақытта экономикалық ахуал қандай бағыт алады, теңге бағамы мен мұнай бағасында қандай өзгеріс болуы мүмкін?
Мұрат ҚАСТАЕВ, экономист:
– 2021 жылға жалпы болжам бірқалыпты қолайлы деп жасалып жатыр. 2020 жылға қарағанда биыл жақсы болуы тиіс. Оның басты себебі – коронавирус індетіне қарсы шығарылған вакцина әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде салына бастады. Біздің болжамға сәйкес, осы жылдың екінші жартысында әлемнің едәуір бөлігі вакцина алады, соның арқасында пандемияның күші әлсіреп, 2022 жылы індет толық жоғалуы мүмкін. Нәтижесінде, биыл шикізат тауарларына, әсіресе мұнай бағасы көтерілуі мүмкін. Ал біздің елдің экономикасы толығымен әлем экономикасы мен мұнай бағасына тәуелді болып қала береді.
2021 жылы мұнай бағасы Brent сұрыбының баррелі 45-55 доллар тұрады. Мұнай осы баға маңайында болса, доллардың бағамы 420-440 теңге мөлшерінде болады. Мұнай бағасы 55 доллардан асса, доллар 400-420 теңгеге дейін арзандауы мүмкін, ал, керісінше мұнай 30-35 долларға дейін, немесе одан да төмен түссе, доллар бағамы 440-460 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Яғни, барлық болжам пандемияның бәсеңдеу динамикасына тәуелді болып отырады. Экономикамыздың оған соншалықты тәуелді болуының себебі – біздің экономиканың негізі шикізат экспортынан тұрады. Экономикамызды әртараптандыруды жүзеге асырмайынша, ел бюджеті, теңгенің күші толығымен шикізат, әсіресе мұнай бағасының артынан құбыла береді.
Оразбек МЫРЗАҚҰЛ, экономист:
– Биыл экономиканың қалпына келу үдерісінің алғашқы белгілері байқалатын жыл болмақ. Олай болуының негізгі себептері, ең алдымен әлемдік энергия ресурстары нарығында, атап айтсақ мұнай бағасының қалпына келуіне байланысты.
Қазына кірісінің 70% құрайтын мұнайдан түсетін табыс ел экономикасына серпін беруі керек. 2021 жылы локдаун қайталанады деп ойламаймын, себебі 2020 жылғы тәжірибе бұл шешімнің өте шығынды екенін көрсетті. Оған вакциналардың пайда болуын қоссақ, ешқандай ел ол шешімді қайта қабылдамаса керек.
Бұл өз кезегінде әлем елдері шекарасын туристерге бірте-бірте ашуға алып келеді. Яғни, әуетасымалы оңалып, әлемде мұнайға деген сұраныс артады. Бұл дегеніміз – ел қазынасына көбірек қаражат түседі, демек мемлекет шығындары көбейеді (мемлекеттік бағдарламалар, трансферттер, экономиканы дамытуға бағытталған іс-шаралар жасауға мүмкіндік туады).
Ел экспортының ең үлкен бөлігін мұнай құрағандықтан, елде долларға деген ұсыныс сұранысты қанағаттандыра алады. Яғни, тенге бағамы тұрақталып (420-430), тіпті долларға қарағанда кішігірім нығаюы мүмкін (415-420).
Инфляция деңгейі (ресми) 6% аспай, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда салалары өсім көрсетеді. Сонымен қатар халық жинағының артуы, зейнетақы қорынан қаражат алуға рұқсат берілуі, мұнай бағасы мен теңге тұрақтылығы экономикада өсім болуының алғышарты бола алады.
Дегенмен мұнай бағамына байланысты ОПЕК ұйымы 2021 жылға мұнай өндірісін арттыруды жоспарлап отыр, демек әлемдік нарықта мұнай көбейсе, сәйкесінше бағасы төмендеуі мүмкін. Алайда баға өседі деген болжамға көбірек сенемін.
Досжан АЛТАЙ, экономист:
– Жаңа жылдың алғашқы күні мұнайдың Brent маркасының бағасы 52,5 долларға жетті. Мұны соңғы уақыттағы COVID-19-ға қарсы вакциналардың пайда болуымен және көптеген сарапшылардың әлем экономикасының үміт ұялататын болжамдарынан байқауға болады. Сонымен қатар Иран мен Израиль мемлекеттерінің арасындағы ушығып бара жатқан шиелініс те өз әсерін тигізіп жатыр.
2021 жылы әлемдік ЖІӨ-нің 6,4%-ға өсуін болжайды. Алдымен бұл жандануды дамушы елдердің экономикасы бастайды, содан кейін АҚШ пен Еуропада экономикалық өсу қайта жандануы мүмкін.
Дәл қазір АҚШ пен Еуропада COVID-19 жағдайының көбеюі қалыпты жағдайға оралуды қиындатады. Алайда пандемия ұзаққа созылса да, әлемдік экономика таңғаларлық тұрақтылығын танытуда. Көптеген аналитикалық ұйымдар 2021 жылы әлемнің ЖІӨ-і пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жетеді деп болжап отыр.
Егер жоғарыда аталған оң болжамдар орындалса, мұнай бағасының тұрақтылығына әсер етеді. Ол дегеніңіз – ұлттық валютамыздың тұрақтылығына алып келеді. Алайда теңгенің тұрақтылығы деп айту артық болатын шығар, өйткені оның бағамын сыртқы, біз әсер ете алмайтын, сыртқы фактор анықтайды (көбінесе Ресей рублі мен мұнай бағасы).
Әлемдегі ең көп қолданылатын валюта АҚШ долларына келетін болсақ, жағдай қатты қуанарлықтай емес. АҚШ-та бұрын-соңды болмаған шығындар бюджет пен ағымдағы шоттың үлкен тапшылығына әкеліп соқты және долларды тартымсыз инвестицияға айналдырды. Доллардың бұл әлсіздігі 2021 жылы да сақталуы мүмкін, өйткені инвесторлар тәуекелді активтерге көшеді. 2020 жылы доллар шамамен 7% жоғалтты. АҚШ экономикасы жақсы жұмыс істесе де, доллар айтарлықтай әлсіреуі мүмкін деп ойлаймыз.
Дайындаған
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ