Еліміздегі экологиялық ахуал дұрысталар күннің ауылы алыс емес секілді. Ауа тазарып, ағаштарды аялап, нағыз табиғатпен тете ғұмыр кешетін елге айналуымыз бек мүмкін. Себебі Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекске қол қойылды. Аталған құжаттың негізінде қай елдердің тәжірибесі жатыр? Жағдайдың реттелетіні рас па? Осыған дейінгі Экологиялық кодекс қандай еді? Жаңасының қандай ерекшелігі бар?
Зиянды қалдықтардан құтылар күн туа ма?
Әлқисса, бұған дейінгі құжат бойынша ауа ластайтын кәсіпорындар эмиссия төлейтін. Яғни, белгілі бір көлемде қаражат төлеп, ластауға рұқсат алатын. Ал енді жаңа кодексте дәл осы тұста өзгеріс енгізіліп отыр. Атап айтқанда, айыппұлдың бағасы шарықтайтын болады. Бұл дегеніміз – ауа ластаушылар айыппұл төлегенше, техникалық, қаржылық, технологиялық сипаттағы барлық тиісті шараны жасаған оңайырақ болуы тиіс. Сондай-ақ осы арқылы өндірістік кәсіпорындардың қалдығын азайтуға да мүмкіндік туады. Мұны жаңа Экологиялық кодекстің басты әрі маңызды бөлігі десек болады. «Кім ластаса, сол төлейді немесе ластаған адам төлеп, ретке келтіреді» деген принциппен жұмыс істейтін боламыз. Бұл терминді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері қалыптастырды. Әрі жаңа Экологиялық кодексті әзірлеуге де Еуропалық одақ елдерімен бірігіп атсалысты. Бұл елдер жаңа шаралар қабылдаған соң атмосфераға түсетін қалдықтар 94 пайызға азайған. Қарап тұрсақ, бұл – өте жақсы көрсеткіш.10 жылда – ауа жаңа
Ауаны ластайтындар енді ең жақсы қолжетімді технологияларды қолдануға міндеттеледі. «Алдағы бірнеше жылда аудит жүргіземіз. Қазір негізгі ластаушылардан бастап кеттік. Одан кейін сол кәсіпорындардағы қалдықтарды азайтуға бағытталған технологиялардың тізімі жасалады. Сонымен бірге ең жақсы әрі қолжетімді технологиялар анықтамалығы да дайындалады. Осыдан соң елдегі қалдықтардың 80 пайызын іске асырып отырған Қазақстанның алғашқы 50 ірі кәсіпорны 2025-2035 жылдар аралығында ауысым кезеңін алады. 10 жыл уақыт беріліп отырған себебі – бұл процесс қаржылық жағынан да, технологиялық тұрғыдан да қымбат әрі күрделі. Бәрінің жобасын әзірлеп, тапсырыс беріп, алдырып, қондыру керек. Мұның бәрі оңай емес. Кей жерлерге өндірістік технологияны түгел өзгерту қажет болады», – дейді сала министрі Мағзұм Мырзағалиев. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және Еуропа елдеріне ауысу үшін 15 жыл уақыт қажет болған екен. Ал бізге әзірге 10 жыл керек болады деген жоспар бар. Ең жақсы әрі қолжетімді технологияларды енгізу үшін көп қаражат керегі белгілі. Сондықтан мемлекет бұл инвестицияны бөлуге әзір екенін мәлімдеп отыр. [caption id="attachment_100218" align="alignnone" width="1023"] © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Бұған дейін айтқанымыздай, қазір ауа ластаушы кәсіпорындар эмиссия төлеп отыр. 2025 жылдан бастап бұл жүйе толықтай өзгереді. Бір жағынан кәсіпорындар біршама қаражатты үнемдеп, ол ақшаны тиісті технологияларға реинвестиция жасайтын болады. Мынаны қараңыз, бүгінде кәсіпорындар эмиссия үшін 90-95 миллиард теңге төлейді. Одан бөлек, 140 миллиард теңгеге жуық қаражат табиғатты сақтауға бағытталған іс-шараларға кетеді. Сонда жалпы сомасы 250 миллиард теңге шамасындағы ақша 10 жылдай өз қалталарында қалады. Жинақтап есептесе, қыруар қаражат шығады. Қарап тұрсақ, жаңа кодекс аясында кәсіпорындар мен мемлекет арасында серіктестік орнайды. Яғни, мемлекет бизнеске қолдау білдіреді. Сол арқылы табиғатты ластанудан сақтап, экономика мен экология арасында баланс пайда болады. Олай етпеске амал жоқ. Қазіргі экономикалық ахуалды ескерсек, кәсіпорындар мемлекет қолдауынсыз қаржылық жүктемені көтере алмайтыны белгілі.Айыппұл, әлде технология?
Егер кәсіпорындар технологияларды енгізуден бас тартса, қалдықтарға төлейтін қаражат тым қымбатқа түседі. Алдымен екі, одан кейін төрт, одан сегіз есе өседі. Яғни, кәсіпкерлердің алдында таңдау тұрады: не эмиссия үшін жоғарылатылған мөлшерлеме төлейді, болмаса бәрін жаңадан бастап, үнемделген ақшаға тиісті технологияны енгізеді. Айтқандай, 2025 жылдан бастап енгізіле бастайды. Әлбетте, зауыттарымыздың қазіргі ахуалы да есепке алынады. Мысалы, 50-70-жылдары салынғандары жасыл технологияларды қолдана алмауы мүмкін. Ол экономикалық тұрғыдан да ақталмайды. Сол үшін екі жаққа да тиімді тәсіл ойластырылады. Көптен бері айтылып жүрген жасыл технологияларға барлық кәсіпорын көшсе, құба-құп. Сондай жағдай туғызуға ұмтылып отырғандары да белгілі. Еліміздің әр аймағы үшін экологиялық жағдайды жақсарту жоспарын жасау жоспарда бар. Министрдің сөзіне сүйенсек, «АрселорМиттал Теміртаумен» алдағы үш-төрт жыл ішінде қалдықтарын 30 пайызға азайтуға келісім жасалыпты. Осыған ұқсас келісімшартқа «ҚазЦинкпен» де қол қойылған. Әзірге жоспар бойынша, осы Экологиялық кодекстің арқасында елде жасыл экономикаға көшу үдерісі күшейе түсуі тиіс. Сарапшылардың айтуынша, кодекстің қабылдануы – құптарлық дүние. Әйтсе де, алдымен экологиялық мәдениетті тамырымен енгізу маңыздырақ. География ғылымдарының маманы Орденбек Мазбаевтың айтуынша, бұл кодекс тек құжат жүзінде қабылданумен шектелмеуі тиіс. «Бұл жерде бастысы – кодекстің орындалу механизмін жолға қою. Әзірге қазақстандықтардың экологиялық мәдениеті төмен. Соның салдарынан табиғат зиян шегіп жатыр. Ең бірінші кезекте, айыппұлды көбейткенді қолдаймын. Өйткені біздегі кей зауыт-фабрикалар азғантай ақша төлеп отыр. Ал одан қоршаған ортаға тиетін зиян еселеп көп. Бір ғана Еуропадағы айыппұлдарды қараңыз, өте жоғары. Сол себепті кодекстің қабылдануы орынды десек те, алдымен орындалуын бір ретке салған жөн деп ойлаймын», – дейді О.Мазбаев.Жадыра АҚҚАЙЫР