Тәуелсіздік – тәңір сыйы. Биыл қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толмақ. Тәуелсіздіктің мерейі тағылым болар жылда Атырауда 91 метр биікте көк Ту желбіреді.
– Қаламызға әр берер айшықты нысандар қатары айбынды тутұғыр алаңымен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан ту біз үшін қанымызда қайнаған намыс, рухты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Қаламыздың көркін ашқан байрағымыз еліміздің айбынын асқақтата түсеріне сенемін, – деді салтанатты рәсімде сөз алған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Ту орнатылған тұғырдың биіктігі – 91 метр. Алып тудың болаттан жасалған конус тірегі бар. Ұзындығы 80 метр тутұғыр композициясы субұрқақ пен доға пішінді эркерлік композициядан тұрады. Композицияның орта тұсында Қазақстан картасы, жоғарғы жағында Елтаңба, ал шеткі бөлігінде Әнұран жазылған. Конус пішінді тұғырға көлемі 29х14,5 метр болатын ту ілінді. Енді еліміздің мемлекеттік рәміздері орналасқан алаңда маңызды салтанатты шаралар өтеді. Елдіктің тұғырындай нысан «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен бой көтерді. Компания басшысы Имер Боннер «Мық-тылық, молшылық пен бейбітшілік, сондай-ақ 2021 жылдың жақсылығы көп болсын. Осынау еңселі тұғырдағы ту ұдайы биікте желбіреп тұрсын» деп қазақ халқына ақжарма тілегін арнады. Ұлт байрағы аспанмен таласа тұрған монументтің айналасындағы 6 500 шаршы метр алаңға бұталы 8 500, қылқан жапырақты 44 және жапырақты 70 көшет егіледі. Монументке іргелес аумақ раушан гүлімен безендіріліп, қала көркіне сән беріп тұратын болады. P.S:Жобалаушылар тарапынан Атырау аймағының климаттық жағдайы ескерілді деп айтылса да, жел екпіні күшейгендіктен, 2 тәуліктен соң салтанатты түрде ашылған ту тұғырдан алынды.
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұхановтың айтуынша, қалада жел екпіні күшейгендіктен, тутұғырдағы байрақты уақытша алу туралы шешім қабылданған.
– Мемлекеттік Ту аса қастерлі рәміз ретінде ерекше бақылауда ұстауды талап етеді. Әсіресе, ауа райы қолайсыз кезде. Тудың көлемі аса ауқымды болғандықтан, тутұғыр құрылымын ұстауға арналған техникалық регламенттерде белгіленген жел жүктемесінің нормалары бар. Одан асып кетуіне байланысты ту тұғырдан уақытша алынды. Бұл шешім ауа райының қолайсыздығына байланысты болып отыр, – деп мәлімдеді Қ. Әзмұханов. Ауа райы тұрақталғаннан кейін байрақ орнына қайта орнатылды.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы