Тәтті кәрзеңкеге тыйым салды
Тәтті кәрзеңкеге тыйым салды
122
оқылды

Алда ұзақ демалыстар келе жатыр. Бірақ бірде-бір шенеунік мас күйде, лас күйде көзге түспеуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілерге была­пыт сөйлеп, жұртқа доқ көрсетуге де тыйым салынады. Халық ықыласпен тойлайтын мерекелер қарсаңында Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев шен­ділерге қатаң ескерту жасады.

Ол коррупциямен күрес қарқын алған кейінгі 5 жылда Қазақстан алдын алу, ағартушылық және қылмыстық-құқық­тық шараларды тиімді үйлестіруде ай­тарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін мәлімдеді.

Біріншіден, оның байламынша мем­лекеттік аппарат неғұрлым ашық және айқын бола түсті. Азаматтардың ақпа­рат­қа қолжетімділігін кеңейту және ха­лықпен тығыз байланыстың сапасын арт­тыру есебінен мемлекет пен қоғам ара­­сындағы алшақтық азайды. Мем­ле­кеттік мекемелерде 800-ден аса Оpen spaсe пен фронт-кеңселер және 100-ден аса сер­вистік әкімдік ашу арқылы айқын­дылық қағидаты жүзеге асты.

Мемлекеттік органдар мен оларға ба­ғынысты ұйымдарды оңтайландыру, оның ішінде әкімшілік шығындарды азай­тып, қосалқы құрылымдарды орта­лықтандыру жұмыстары бұл үрдіске едәуір серпін берді. Осының бәрі тұтаса келіп, ықшам әрі үнемді мемаппарат құруды көздейді.

Екіншіден, үкіметтік емес сектордың рөлі біршама артты.

– Мұнда Nur Otan партиясы, ҚХА мен меморгандар жанындағы қоғамдық ке­ңестер маңызды рөл атқарады. Қоғамдық ұйымдар сындарлы диалог форматына көшті, тиісінше біз мұндай серіктестік қандай нәтиже беретініне көз жеткіз­дік, – деді А.Шпекбаев.

Үшіншіден, ауқымды цифрландыру жұмысы, сондай-ақ 348 халыққа қызмет көрсету орталығы желісі мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тұрмыстық жемқорлықты азайтты.

Төртіншіден, мемлекеттік қызмет­шілердің әдеп деңгейі біршама артты.

– Шенеуніктердің дөрекілігіне, мас­күнемдігіне және басқа да жөнсіз мінез-құлқына қоғамның уақытылы назар ауда­руы, сондай-ақ әдептің қатаң бақы­лауға алынуы ескі жағымсыз әдеттерді жояды. Рас, әлі де бәрі кіршіксіз емес. Де­генмен іссапар кезінде тексерілу­ші­лердің бағы­нышты қызметкерлерді әуре-сарсаңға салуы тыйыла бастады. Барған жерінен сыйлық алуға, дастарқан жайғы­зуға болмайтынын әркім түсінді. Мере­ке­лерде тәтті-дәмдіге лық толы кәрзең­келер тү­гілі, болмашы сыйлық алудың өзі әдепті және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы заң­наманы өрескел бұзу болып ба­ғаланады. Мұны барлық мемқыз­мет­шінің қаперіне салғым келеді! – деп нық­тады Агенттік төрағасы.

Ол келесі 2020 жылы Қазақстан Сы­байлас жемқорлыққа қарсы стратегияның «басты белесінен» асатынын жеткізді.

– Біз тиімді алдын алуға, жемқорлыққа қарсы жаппай ағартушылыққа, жал­пыұлттық парасаттылық пен сындарлы серіктестікке және бұлтартпас жазаны қам­тамасыз етуге басымдық беретін, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою­дың жаңа кезеңіне аяқ басамыз! – деді Алик Шпекбаев.


Елдос СЕНБАЙ