Артық салмақ балаға да жүк
Артық салмақ балаға да жүк
586
оқылды

Қой ғана көтеретін семіздікпен күресу жыл өткен сайын қиын­дап барады. Себебі семіздікке ұшырайтындар қатты «жа­сарып» бара жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) жасаған зерттеуінің нәти­жесінде – бес жасқа дейінгі әрбір оныншы, тоғыз жасқа де­йінгі әрбір бесінші балада артық салмақ бар екен. Бұл – уайымдайтындай-ақ дүние. Семіздіктің сал­дары белгілі, ендеше оның алдын алу үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс? Ата-аналар қандай қателік жіберіп отыр?

Семіздіктің себебі неде?

 Балалардың семіздігі шамадан тыс артып келе жатқаны туралы дабыл 2016 жылдан бері қағылып келеді. Одан бері жағдай ушықпа­са, түзелген жоқ. Соңғы он жыл­дық­та жасалған зерттеулерге көз салсақ, бұған түрткі болатын бір­ден-бір себеп – жүкті әйелдердің және балалардың туғаннан кейін дұрыс тамақтанбауы. Әлбетте, «артық салмақ тамақтан болмаған­да, неден болады?» деп таңдануы­мыз заңды. Әйтсе де, проблеманы түбірінен іздеп, талқылай келе, тың деректерді көз шалуы мүмкін. Бәлкім, білместік не бейқам­дықтың да салдары болар. Зерттеулердің қорытынды­сына сүйенсек, екі жасқа дейінгі балалардың 21 пайызы көкөніс пен жемісті жеткілікті деңгейде жемейді екен. Ал жартысына жуы­ғы калориясы жоғары, тәтті су­сындарға құмар. Ал мектеп жа­сын­дағы балалар құрамында қан­ты көп, суық сусындарды күнде­лікті ішеді екен. Осы тұста, мәсе­ленің бір шеті шығады. Неліктен шамадан тыс көп тұтынады? Се­бебі Қазақстандағы балалар құрамында қант, тұз, майы, пайда­сынан зияны көп тамақтардың жарнамасын жиі көреді. Теле­дидарды қосып қалсаңыз, жарқ еткен жарнамаға көзіңіз түседі. Бұл айтып отырғанымыз, жай ғана болжам емес. Осы мақ­сатта ар­найы зерттеу жүргізілген. Басқа ақпарат көздерін қоспа­ғанда, Денсаулық сақтау министр­лігінің қоғамдық денсаулық сақ­тау ұлт­тық орталығының маман­дары отан­дық алты арнаның кон­тентін тексерген. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының қол­дауы­мен жүргізілген мониторинг нә­ти­жесінде телевизиядағы азық-түлік, тамақтану өнімдерінің түрі, ауқымы, әсері – бәрі бағаланған.

Жарнаманың жанама әсері

Назарға ілінген алты арнаның ішінде балаларға арналған арна да бар. Зерттеушілер 10 мың жарнама ролигін қарап шыққан. Бұл деге­німіз – 370 сағат эфир уақытын алады екен. Нәтижесінде, азық-түлік және су­сындардың жарнамасы көп көр­сетілетіні анықталған. Нақтырақ айтқанда, телеарналардағы жар­намалардың 32 пайызын алады. Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы телеарнада көрсетілетін тамақ өнімдері жарна­масының 70 пайыздан астамы негізі тыйым салынған болар еді. Бірақ әзірге еш шектеу жоқ. Неліктен рұқ­­сат берілмеуі керек десеңіз, әлгі су­сындар, тамақтардың құрамы күмәнді. Сондықтан ДДСҰ ұсыныс­тарына сай келмейтін майлы, тұзды, тым тәтті тамақтарды көрсетуге шектеу керек секілді. Мысалы, отандық телеарна­лар­дан бері­летін тамақ өнімдері жар­нама­­­ларының ішінде 22 пайызы – су­сындар, 17 пайызы шоколад, кон­ди­терлік өнімдер, энергетикалық ба­­тондар екен . Біздің балалар бір са­ғат­та орта есеппен 9,1 телевизиялық жарнама ролигін көреді екен. Оның ішінде 6,6-сы – тамақ жарнамасы. Ал енді жарнамада тұрған не бар десеңіз, айтайық. Әдетте роликте бәрі әдемі, бәрі дәмді, қызықтырады, еліктіреді, алуға итермелейді. Одан қала берді, атағы жер жарып тұрған тұлғалардың сол өнімді жеп жатқанын көреді. Содан ата-анасына жалынып, жал­пайып, кейде қырсығып болсын алуға мәжбүрлейді. Тамақтың құра­мын, ненің зиян, ненің пайдалы еке­нін бағамдай алатын ата-ана болса, бір сәрі. Жылтырағанның бәрін алып бере беретін әке-шешеге бұл ретте ойланған жөн. Мысалы, Еуропада маркетингтік қызмет жүр­гізерде ұстануы тиіс шаралар болады. Соның ішінде тамақтануға қатысты. Бір қызығы, мұндай қадам өнді­рушілердің өз еркімен жаса­лыпты. Яғни, өнімін сатуды ғана ойламай, тұтыну­шы­лардың саулығын басты назарға алыпты.Ұлыбритания, Да­ния, Ир­­ландия, Норвегия сынды елдерде балаларға арналған тамақ пен алко­­­гольсіз сусындарды жарна­малауға қатысты қатаң шаралар қолданылады. Көршілер елдердегі ахуал қандай? Біздегіге ұқсас зерттеу Ресей мен қырғыз елінде де жа­са­лыпты. Ресейде телеарналардағы жарнаманың 19 пайызы тамақ, сусын екені анық­талған. Ал Қырғыз Рес­публикасында оның үлесі 7,2 пайыз­ды құраған. артық салмақ Сенатор Ақмарал Әлназарова осы мәселені көтерген еді. «Балалар арасындағы семіздік жаһандық мә­селеге айналып бара жатыр. Қа­­зақстанда балалардың 20 пайызға жуығында артық салмақ бар. Мұның негізгі себебі – калориясы, май, тұз, қанты көп тамақтарды жегеннен пайда болатын энергетикалық дис­баланс. Бұл ретте маркетингтің де әсері сол. Орта есеппен 8-10 жастағы балалардың 25,7 пайызы теледидар алдында 2 сағатын кетіреді. Бұл дегеніміз – күніне 13 тамақ жарна­масын немесе жылына 4 700 ролик көреді деген сөз», – дейді депутат.

Қантқа қосарлы салық салу керек пе?

Жоғарыда атап өткен зерттеудің нәтижесінде екі жасқа дейінгі балалардың 21 пайызы көкөніс пен жемісті жеткіліксіз жейтінін айтқан едік. Жалпы, сәбилердің рационын зерттей келе, мынадай қорытынды жасалып отыр. Алты айға дейінгі балалардың 38 пайызы тек ана сүтін ішеді, 41 пайызы алты айдан асқан соң қосымша тамақ жейтін болса да емуін тоқтатпайды екен. Бұл ретте ана сүтінің бала ағзасына өте пайдалы екенін және маңызды екенін атап өту керек. Ал 6-23 айлық балалардың 49 пайызы түрлі тамақ ішетіні белгілі болып отыр. Яғни, рационында түрлі тамақ бар. Одан үлкен, яғни мектеп жасындағы балалар болса, қанты көп салқын сусындарды өте көп ішетінін де айттық. Демек, балалардың дені мектепке барғаннан кейін ағзасына зиян өнімдерді жей бастайды деген сөз. Бүгінде құрамында қант мөл­шері шамадан тыс жоғары сусындар мен тамақ түрлерін негізгі тұ­ты­нушы­лары – балалар. Осы ретте ЮНИСЕФ-тің балалар дамуы жө­ніндегі бағ­­дарламалар коор­динаторы Лариса Тихонова заң аясында бірқатар шара қабылдау керек деген пікірде. «Мем­ле­кеттік деңгейде енгізу керек ша­ралар бар. Мысалы, зиянды азық-түліктерге деген сұ­ра­нысты азайту үшін қантқа қосарлы салық салу керек. Сондай-ақ қантты сусындар, балаларға ар­налған қо­сымша сүт сынды өнім­дердің жар­намасына шектеу қойыл­ғаны дұрыс. Әрі азық-түлік тауар­ларын жет­­кізушілердің бала жағ­дайын ойлап, оларға барынша пай­далы әрі қымбат емес тамақпен қамтамасыз ететіндей жағдай туғыз­ған жөн бо­лады. Қо­ғамда дұрыс та­мақтану мәдениеті қалып­тасуы тиіс», – дейді Тихонова.

Оқушылардың бәріне – тегін тамақ

Таяқтың екінші ұшындағы мә­селе – құнарлы тамаққа ақшаның жетпеуі. Мұны да назардан тыс қал­дыруға болмайды. Себебі ЮНИСЕФ-тің зерттеуі нәтижесінде Қазақстанда қазір бір миллионға жуық бала өте кедей отбасында өмір сүріп жатыр. Яғни, ата-ана­сының табысы төмен, соған бай­ланысты денсаулығына пайдалы тамақ ішуге мүмкіндігі жоқ. Әрине, мектепте жағдайы төмен отбасының бала­ла­рына ыстық та­мақпен қамту қарас­тырылады. Тіпті, кей жағдайда мек­теп асха­насынан ғана дәмді түскі ас ішіп, ақуыз бен дәру­мен­дерге толы тағамдар жей­тіндер бар. Ал жағдайы ортадан жоғары от­ба­сының бала­ларына тегін түскі ас бол­ма­ған­дық­тан, олар сырт­тан ішу­­­­ге, түрлі пайдасыз тіскеба­сарлар жеуге мәж­бүр. Сон­дықтан кем де­генде бір мәрте бері­летін болса да, бәрін тегін тамақпен қамтыған жөн деген ұсы­ныстар ай­тылып жатыр. «Мектептегі тамақтану стан­дар­тын қайта қарау керек. Олардың ішінде міндетті түрде ақуызы бар тамақ, көкөніс, кем дегенде бір алма, бір стақан сүттен тұратындай бол­ғаны жөн. Құрамында Д дәрумені, йод және кальциі бар тағамдар пай­далы. Бүгінде балаларға арнап бе­рілетін атаулы көмектердің дені оларға жет­пей қалып жатады. Сон­дықтан оқу­шыларды тегін та­мақпен қам­тамасыз ету үшін мем­лекеттік қар­жыны бөл­генде сол атау­лы кө­мек­тердің есе­бінен алуға болады», – дейді «Қа­зақстан Әйел­дері Күш­терінің Альян­сы» тө­рағасының орынбасары Азиза Шө­жеева. Аурудың көбі астан болатыны бәрімізге белгілі. Сөйте тұра, не ішіп, не жейтінімізге ересектердің өзі баса мән бере бермейтініміз бар. Соның салдарынан бойымызға дерт дендеп жатады. Ал енді бүгін көтеріп отыр­ған мәселе – балалар семіздігі болса, тіпті ойлантатын дүние. Әдетте әже­лер баланың балпа­нақтай, денесі буылтық болғанын құп көріп жатады. «Көр­шінің баласы топ-томпақ» деп бел­сенді ойнап жүрген, дені сау сәбидің аузына бәрін тық­палай береді. Әлі жасқа жетпеген баланың өзіне қанты бар печеньені сүтке езіп беріп, асқа­занына ауырлық қыла­тындар тағы бар. Баланы кішкен­тайынан дұрыс тамақтануға үйретсек, көп кеселдің, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болар еді.

Жадыра АҚҚАЙЫР