Қой ғана көтеретін семіздікпен күресу жыл өткен сайын қиындап барады. Себебі семіздікке ұшырайтындар қатты «жасарып» бара жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) жасаған зерттеуінің нәтижесінде – бес жасқа дейінгі әрбір оныншы, тоғыз жасқа дейінгі әрбір бесінші балада артық салмақ бар екен. Бұл – уайымдайтындай-ақ дүние. Семіздіктің салдары белгілі, ендеше оның алдын алу үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс? Ата-аналар қандай қателік жіберіп отыр?
Семіздіктің себебі неде?
Балалардың семіздігі шамадан тыс артып келе жатқаны туралы дабыл 2016 жылдан бері қағылып келеді. Одан бері жағдай ушықпаса, түзелген жоқ. Соңғы он жылдықта жасалған зерттеулерге көз салсақ, бұған түрткі болатын бірден-бір себеп – жүкті әйелдердің және балалардың туғаннан кейін дұрыс тамақтанбауы. Әлбетте, «артық салмақ тамақтан болмағанда, неден болады?» деп таңдануымыз заңды. Әйтсе де, проблеманы түбірінен іздеп, талқылай келе, тың деректерді көз шалуы мүмкін. Бәлкім, білместік не бейқамдықтың да салдары болар. Зерттеулердің қорытындысына сүйенсек, екі жасқа дейінгі балалардың 21 пайызы көкөніс пен жемісті жеткілікті деңгейде жемейді екен. Ал жартысына жуығы калориясы жоғары, тәтті сусындарға құмар. Ал мектеп жасындағы балалар құрамында қанты көп, суық сусындарды күнделікті ішеді екен. Осы тұста, мәселенің бір шеті шығады. Неліктен шамадан тыс көп тұтынады? Себебі Қазақстандағы балалар құрамында қант, тұз, майы, пайдасынан зияны көп тамақтардың жарнамасын жиі көреді. Теледидарды қосып қалсаңыз, жарқ еткен жарнамаға көзіңіз түседі. Бұл айтып отырғанымыз, жай ғана болжам емес. Осы мақсатта арнайы зерттеу жүргізілген. Басқа ақпарат көздерін қоспағанда, Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары отандық алты арнаның контентін тексерген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен жүргізілген мониторинг нәтижесінде телевизиядағы азық-түлік, тамақтану өнімдерінің түрі, ауқымы, әсері – бәрі бағаланған.Жарнаманың жанама әсері
Назарға ілінген алты арнаның ішінде балаларға арналған арна да бар. Зерттеушілер 10 мың жарнама ролигін қарап шыққан. Бұл дегеніміз – 370 сағат эфир уақытын алады екен. Нәтижесінде, азық-түлік және сусындардың жарнамасы көп көрсетілетіні анықталған. Нақтырақ айтқанда, телеарналардағы жарнамалардың 32 пайызын алады. Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы телеарнада көрсетілетін тамақ өнімдері жарнамасының 70 пайыздан астамы негізі тыйым салынған болар еді. Бірақ әзірге еш шектеу жоқ. Неліктен рұқсат берілмеуі керек десеңіз, әлгі сусындар, тамақтардың құрамы күмәнді. Сондықтан ДДСҰ ұсыныстарына сай келмейтін майлы, тұзды, тым тәтті тамақтарды көрсетуге шектеу керек секілді. Мысалы, отандық телеарналардан берілетін тамақ өнімдері жарнамаларының ішінде 22 пайызы – сусындар, 17 пайызы шоколад, кондитерлік өнімдер, энергетикалық батондар екен . Біздің балалар бір сағатта орта есеппен 9,1 телевизиялық жарнама ролигін көреді екен. Оның ішінде 6,6-сы – тамақ жарнамасы. Ал енді жарнамада тұрған не бар десеңіз, айтайық. Әдетте роликте бәрі әдемі, бәрі дәмді, қызықтырады, еліктіреді, алуға итермелейді. Одан қала берді, атағы жер жарып тұрған тұлғалардың сол өнімді жеп жатқанын көреді. Содан ата-анасына жалынып, жалпайып, кейде қырсығып болсын алуға мәжбүрлейді. Тамақтың құрамын, ненің зиян, ненің пайдалы екенін бағамдай алатын ата-ана болса, бір сәрі. Жылтырағанның бәрін алып бере беретін әке-шешеге бұл ретте ойланған жөн. Мысалы, Еуропада маркетингтік қызмет жүргізерде ұстануы тиіс шаралар болады. Соның ішінде тамақтануға қатысты. Бір қызығы, мұндай қадам өндірушілердің өз еркімен жасалыпты. Яғни, өнімін сатуды ғана ойламай, тұтынушылардың саулығын басты назарға алыпты.Ұлыбритания, Дания, Ирландия, Норвегия сынды елдерде балаларға арналған тамақ пен алкогольсіз сусындарды жарнамалауға қатысты қатаң шаралар қолданылады. Көршілер елдердегі ахуал қандай? Біздегіге ұқсас зерттеу Ресей мен қырғыз елінде де жасалыпты. Ресейде телеарналардағы жарнаманың 19 пайызы тамақ, сусын екені анықталған. Ал Қырғыз Республикасында оның үлесі 7,2 пайызды құраған.Қантқа қосарлы салық салу керек пе?
Жоғарыда атап өткен зерттеудің нәтижесінде екі жасқа дейінгі балалардың 21 пайызы көкөніс пен жемісті жеткіліксіз жейтінін айтқан едік. Жалпы, сәбилердің рационын зерттей келе, мынадай қорытынды жасалып отыр. Алты айға дейінгі балалардың 38 пайызы тек ана сүтін ішеді, 41 пайызы алты айдан асқан соң қосымша тамақ жейтін болса да емуін тоқтатпайды екен. Бұл ретте ана сүтінің бала ағзасына өте пайдалы екенін және маңызды екенін атап өту керек. Ал 6-23 айлық балалардың 49 пайызы түрлі тамақ ішетіні белгілі болып отыр. Яғни, рационында түрлі тамақ бар. Одан үлкен, яғни мектеп жасындағы балалар болса, қанты көп салқын сусындарды өте көп ішетінін де айттық. Демек, балалардың дені мектепке барғаннан кейін ағзасына зиян өнімдерді жей бастайды деген сөз. Бүгінде құрамында қант мөлшері шамадан тыс жоғары сусындар мен тамақ түрлерін негізгі тұтынушылары – балалар. Осы ретте ЮНИСЕФ-тің балалар дамуы жөніндегі бағдарламалар координаторы Лариса Тихонова заң аясында бірқатар шара қабылдау керек деген пікірде. «Мемлекеттік деңгейде енгізу керек шаралар бар. Мысалы, зиянды азық-түліктерге деген сұранысты азайту үшін қантқа қосарлы салық салу керек. Сондай-ақ қантты сусындар, балаларға арналған қосымша сүт сынды өнімдердің жарнамасына шектеу қойылғаны дұрыс. Әрі азық-түлік тауарларын жеткізушілердің бала жағдайын ойлап, оларға барынша пайдалы әрі қымбат емес тамақпен қамтамасыз ететіндей жағдай туғызған жөн болады. Қоғамда дұрыс тамақтану мәдениеті қалыптасуы тиіс», – дейді Тихонова.Оқушылардың бәріне – тегін тамақ
Таяқтың екінші ұшындағы мәселе – құнарлы тамаққа ақшаның жетпеуі. Мұны да назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі ЮНИСЕФ-тің зерттеуі нәтижесінде Қазақстанда қазір бір миллионға жуық бала өте кедей отбасында өмір сүріп жатыр. Яғни, ата-анасының табысы төмен, соған байланысты денсаулығына пайдалы тамақ ішуге мүмкіндігі жоқ. Әрине, мектепте жағдайы төмен отбасының балаларына ыстық тамақпен қамту қарастырылады. Тіпті, кей жағдайда мектеп асханасынан ғана дәмді түскі ас ішіп, ақуыз бен дәрумендерге толы тағамдар жейтіндер бар. Ал жағдайы ортадан жоғары отбасының балаларына тегін түскі ас болмағандықтан, олар сырттан ішуге, түрлі пайдасыз тіскебасарлар жеуге мәжбүр. Сондықтан кем дегенде бір мәрте берілетін болса да, бәрін тегін тамақпен қамтыған жөн деген ұсыныстар айтылып жатыр. «Мектептегі тамақтану стандартын қайта қарау керек. Олардың ішінде міндетті түрде ақуызы бар тамақ, көкөніс, кем дегенде бір алма, бір стақан сүттен тұратындай болғаны жөн. Құрамында Д дәрумені, йод және кальциі бар тағамдар пайдалы. Бүгінде балаларға арнап берілетін атаулы көмектердің дені оларға жетпей қалып жатады. Сондықтан оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қаржыны бөлгенде сол атаулы көмектердің есебінен алуға болады», – дейді «Қазақстан Әйелдері Күштерінің Альянсы» төрағасының орынбасары Азиза Шөжеева. Аурудың көбі астан болатыны бәрімізге белгілі. Сөйте тұра, не ішіп, не жейтінімізге ересектердің өзі баса мән бере бермейтініміз бар. Соның салдарынан бойымызға дерт дендеп жатады. Ал енді бүгін көтеріп отырған мәселе – балалар семіздігі болса, тіпті ойлантатын дүние. Әдетте әжелер баланың балпанақтай, денесі буылтық болғанын құп көріп жатады. «Көршінің баласы топ-томпақ» деп белсенді ойнап жүрген, дені сау сәбидің аузына бәрін тықпалай береді. Әлі жасқа жетпеген баланың өзіне қанты бар печеньені сүтке езіп беріп, асқазанына ауырлық қылатындар тағы бар. Баланы кішкентайынан дұрыс тамақтануға үйретсек, көп кеселдің, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болар еді.Жадыра АҚҚАЙЫР