Алдағы жексенбіде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өте сала, ертесіне тағы бір сайлау ұйымдастырылады. Нақтылай кетсек, 11 қаңтар күні елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс сессиясы өтеді деп күтілуде. Сонда ҚХА делегаттары Ассамблея атынан сайлауға түскен 9 депутатқа қатысты көзқарастарын білдіріп, дауыс береді.
Негізі, Парламент Мәжілісінде 107 депутат бар, оның 98-і – 10 қаңтар күні партиялық тізім бойынша, қалған 9-ы 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланады.Ассамблеяның депкорпусы жаңарады
Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайлауға түсетін кандидаттардың тізімі белгілі. Тізім 9 үміткерден тұрады. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаевтың түсіндіруінше, «Сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес, Мәжіліске Ассамблея атынан кандидаттарды ұсыну құқығы ҚХА кеңесіне тиесілі. Бұл кеңестің Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну жөніндегі отырысы 2020 жылдың 11 желтоқсанында өтті. «Ал 14 желтоқсанда олар ОСК-ге өз кандидаттарын ұсыну туралы құжаттарын енгізді. Айта кетер жайт, Ассамблея атынан Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат міндетті түрде тек Қазақстан азаматы болуы тиіс, қос азаматтығының болуына тыйым салынған. Сондай-ақ ол Қазақстан аумағында соңғы 10 жыл бойы тұрақты тұруы шарт. Жасы 25-тен кем болмауы керек. Сайлауға сот «іс-әрекетке қабілетсіз» деп таныған, сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыса алмайды. Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адамдар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және коррупциялық құқықбұзушылық жасағанын сот таныған адамдар да Парламент депутаттығына кандидат бола алмайды», – деді Ерлан Дауылбаев. Оның мәліметінше, Ортсайлауком салық қызметімен және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп, Ассамблея кеңесі ұсынған кандидаттардың әрқайсысын тексеріп шығыпты. Барлығы Конституция мен «Сайлау туралы» заңының талаптарына сәйкес деп танылды. Жалпы, егер 11 қаңтарда делегаттар өз ұсынысымен және дауысымен еш өзгеріс енгізбесе, ҚХА-ның қазіргі депутаттары толық дерлік ауысатын болады. Тек Сауытбек Әбдірахманов қана екінші рет депутаттыққа ұсынылып отыр. Еске сала кетсек, 2016 жылғы 21 наурызда, яғни әз-Наурыз мейрамында өткізілген алдыңғы ҚХА сайлауында Ассамблеяның Елбасы бастаған, дауыс беру құқығы бар 372 делегаты ҚХА кеңесі ұсынған кандидаттардың бәрін қолдады. Бұл ретте үміткерлер келесідей дауыс жинады: Әбдіраxманов Сауытбек Әбдіраxманұлы – 345, Божко Владимир Карпович – 349, Жұмаділдаева Наталья Васильевна – 343, Ким Роман Ухенович – 346, Микаелян Наринэ Гамлетовна – 336, Мурадов Ахмед Сейдарахманович – 339, Нурумов Шаймардан Усаинович – 337, Тимощенко Юрий Евгеньевич – 341, Хахазов Шакир Хусаинович – 342. Айтпақшы, алдағы дүйсенбідегі сайлаудың нәтижесін Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы өз xаттамасымен бекітпек. Содан соң «Сайлау туралы» конституциялық заңының 94-1-бабына сәйкес, ҚХА атынан Мәжіліс депутаттарын сайлау нәтижелері ОСК-ге жолданады. Негізгі қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы шығарады.Үміткерлер қай ұлттан?
Сонымен, осы жолы Ассамблея кеңесінің шешімімен Мәжіліс депутаттығына 9 кандидат ұсынылып отыр. Олар: Әбдірахманов Сауытбек Әбдірахманұлы – VI сайланған Мәжілістің депутаты; Амирханян Аветик Рубенович – Батыс Қазақстан облыстық «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Буларов Ильяс Юсупович – Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Сартөбе ауылдық округінің әкімі; Дементьева Наталья Григорьевна – Көкшетау қаласының білім бөліміне қарасты Техникалық лицей директоры; Ли Юрий Виссарионович – Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы; Набиев Вакиль Гусейнович – «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті; Осин Шамиль Абзалетдинович – «Шығыс» фермерлік шаруашылығының басшысы; Тохтасунов Владимир Имтахунович – «ЖетісуОблГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры; Хамедов Абилфас Муслимович – «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Сарапшылардың айтуынша, аты-жөні өзгергенімен, бес этнос Парламенттегі өз өкілін сақтап қалуы мүмкін. Мысалы, тегі армян Наринэ Микаеляннің орнын Аветик Амирханян, дүнген этносынан шыққан Шакир Хахазовтың орнын Ильяс Буларов, кәріс диаспорасының белгілі өкілі Роман Кимнің орнын Юрий Ли басуы ықтимал. Мәжілістің іс басындағы депутаты Шаймардан Нурумовтың ресми өмірбаянында «ұлты – ұйғыр» деп жазылған. Жаңа үміткер Владимир Тохтасунов ұлтын көрсетпепті, ал өмірбаянында оның 1953 жылы Алматы облысындағы Ұйғыр ауданында туғаны, өмір бойы сол өлкеде еңбек еткені, 1999 жылғы наурыздан 2007 жылғы мамырға дейін ұзақ жыл бойы Ұйғыр ауданының әкімі болғаны атап өтілген. Қазіргі Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко да еш жерде ұлтын ашық көрсетпейді, бірақ оның «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының» төрағасы екені белгілі. Енді Ассамблея қолдаса, орыс ұлтының өкілі, бірақ қазақ тілінің мұғалімі Наталья Дементьева Мәжіліс депутаты болуы ықтимал. Өзге этностардың да қуанышы мен жұбанышы бар. Мысалы, алғаш рет татар диаспорасының өкілі Шамиль Осин ҚХА атынан сайлау додасына түсіп отыр. Әзербайжандар да Ассамблея атынан өз өкілін ұсынуға біраз жылдан бері үміттенген. Бұл үмітін осы жолы Абилфас Хамедов ақтауы мүмкін. Күрдтер де шаттыққа бөленуде: «Күрдтердің Қазақстанда тұрғанына 82 жыл өткенде тұңғыш рет оның өкілі Парламент депутаты атануы мүмкін. Ол – Вакиль Набиев» деген жаңалықты тіпті шетелдегі күрд диаспоралары жылы қабылдапты. Әйткенмен, бір жайтты қадап айтқан жөн: қай ұлт өкілі болсын, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаттар тек бір этностың емес, бүкіл Қазақстан халқының мүддесін білдіріп, ортақ ұстаным мен ынтымақты қорғауға міндетті.Ассамблея сайлауының көрігі қызуда
ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаевтың дерегінше, Ассамблея сессиясында дауыс беруге арналған бюллетеньдерді ОСК 2018 жылғы 23 тамыздағы №11/192 қаулысымен бекітіп қойыпты. Егер 2016 жылы Ассамблеяда 372 делегат қана дауыс берсе, бұл жолы олардың саны көбірек болатынға ұқсайды. – Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлайтын сайлаушылардың тізіміне Ассамблеяның барлық 504 мүшесі енгізіледі. Осыған байланысты, резервті қоса алғанда, 11 қаңтардағы сайлау үшін дайындалуға жататын бюллетеньдердің саны – 504+1% резерв, яғни жалпы саны 509 дана болады. Сайлау бюллетеніне үміткерлердің аты-жөні қазақ тілінің әліпбилік ретімен енгізіледі, – деді Ортсайлауком мүшесі. ҚХА кандидаттары да үгіт-насихат жүргізуде. Әйтпесе, жеткілікті дауыс жинай алмай, жарыс жолынан шығып қалуы ықтимал. Ортсайлауком хатшысы Сабила Мұстафина ассамблеялық үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарына және БАҚ-та өзіне дауыс беруге үгіттейтін материалдар жариялауға бюджеттен қаржы берілгенін растады. Ортсайлаукомның қаулысына сәйкес, үміткердің теледидарда – 15 минут; радиода 10 минут сөз сөйлеуіне, сондай-ақ мерзімді баспасөз не интернет басылымдарда 2 ақылы мақала жариялауына қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, 9 үміткердің сайлауалды іс-шараларын өткізу шығыстары, көлік шығыстары бюджеттен өтелуде. Жалпы алғанда, әр кандидатқа үгіт жүргізуіне 870 мың теңгеден ұсынылған. Соның ішінде теледидар мен радиода сөз сөйлеуге, газеттерде 2 мақала жариялауына – 590 000 теңге; сайлауалды жария іс-шараларын өткізуге және үгіт материалдарын басып шығаруға – 130 000 теңге; көлік шығыстарына 150 000 теңге ақша бөлінді. Ассамблея кезекті тарихи оқиғасына қызу әзірленуде.Елдос СЕНБАЙ