«Ұлы шахмат тақтасы»: Ойын әлі біткен жоқ
«Ұлы шахмат тақтасы»: Ойын әлі біткен жоқ
667
оқылды

Әйгілі  саясаткер  Збигнев Бжезинскийдің  «Ұлы шахмат тақтасы» атты еңбегі бар. 1997 жылы жарық көрген. Сол кітапта  саясаткер Украинаны  ТМД кеңістігіндегі  батысшыл орталықтардың біріне балаған. Бірақ саясаткер үміт артқан ел бүгінде аумақтық тұтастығынан айырылып қалды. Оған елдегі түрлі саяси топтардың ауызбіршілік таныта алмауы мен айларға созылған ереуілдер, биліктің әлсіздігі себеп болған еді.

Негізі, З.Бжезинский пост­кеңестік елдерде  ереуілдер мен шеру­лердің  ел тұтастығына  зиян келтіретінін айтқан  жоқ еді. Алайда оның еңбегінде айтылған болжам­дарға қарсы әрекет еткен күштер де табылды. Сөйтіп, алып мемлекет­тердің өзара текетіресінен шағын және  ортаңқол елдер зардап шекті. Әйтпесе, мысал етіп отырған Ук­раина  тым  осал емес еді. Тек саяси топ­тардың текетіресін сыртқы күш­­тер  этникалық араздық ба­ғытына  бұрды да, Қырым түбегі Ре­сейге қо­сылып, Донецк пен Лу­ганск  об­лыстары елден  бөлінуге бел бай­лады. Осылайша, қатардағы ми­тинг саналған Майдандағы оқи­ғалар ел тұтастығына нұқсан кел­тірді. Қазір Украина  гибридті  со­ғыс­тың оша­ғына айналған. Әлі күн­ге  елдің шы­ғысындағы сепер­атистер орта­лықпен келісімге келе алған жоқ. Қырым тұрғындары  «ре­ферендум» арқылы түбектің Ре­сейге  қосылуын  жақтап, жер аннексияланды. Енді  оның Украина құ­рамына қайта қо­сылу - қосылмауы екіталай күй­де тұр. Оның үстіне Украинадағы саяси күштердің ымы­ра­ға келе қоятын түрі тағы жоқ. Бәрінің өз мақсат-мүддесі бар. Тек ел тұтас­тығын бірінші орынға қой­ғандары сирек. Демек,  посткеңестік елдерде  демократиялық үрдістерді терең­детудің ерекше тәсілі қажет деген сөз. Бірден атойлап алаңға шығу ыңғайлы амал емес. Керісінше, азаматтардың саяси белсенділігі  сайлауларда дауыс беріп, сол ар­қылы  елде  түрлі өзгерістердің жасалуына ықпал етуге ұмтылғаны керек. Айқаймен іс бітпей­тінін көрдік. Жалпы, бұрын КСРО  құра­мында  болған елдердің Балтық  жа­ғалауындағы мемлекеттерден басқаларының көбінде  түрлі кезең­дер, саяси дағдарыстар, тіпті аза­маттық соғыстар  болғанын бай­қай­мыз. Өткен ғасырдың 90-жыл­да­рындағы алағай-бұлағай кезеңде аумақтық  тұтастығынан айырылған мемлекеттер де аз емес. Молдова, Әзербайжан елдері сол кезде тұтас­тығынан айырылса, Грузия мен Украина  2008 және 2014 жылдары экс-одақтастардың күйін кешті. Тәжікстанда 1992-1994 жылдарда азаматтық соғыс болса, Ресей 1993 жылы саяси дағдарысқа ұшырап, президентті жақтаушы әскерилер парламентті атқылады, екі рет Ше­шенстанда соғыс шықты. Өзбек­станның Ферғана аңғарында саяси партиялар  құрған діншілдер кейін ел билігіне қарсы экстремистік әре­кеттер жасаған. Қантөгіс те болды. Қырғыз Республикасында билік үш рет  төңкеріс арқылы алмасты. Ар­мения­да да ереуілшілер биліктің ал­масуына қол жеткізген. 2015 жылы. Былтыр Беларусь халқы бір­неше ай бойы ереуілдетті. Бір сөзбен айтқанда, посткеңестік елдердің басым көпшілігі  отыз жыл ішінде кемі бірер рет дүрлігісіп алған-ды. Ал қазір елдің берекесін кетіріп, тұтас­тығын бұзудың жаңа «ереже­лері» жасалған сыңайлы. Әрі қауіп жан-жақтан  төнуі мүмкін. Тіпті, кей­бір тәсілдер ап-айқын  көрініп те  тұрады. Мәселен, 2008 жылы Гру­зия мен Ресейдің со­ғысы­на «азамат­тарымызды қорғаймыз» деген сылтау басты себеп  ретінде айтылған еді. Шын мәнінде, нақты себеп геосаяси мүдде екені анық. Алай­да сылтау үшін «азамат­тарымыз­ды қорғаймыз» дегені рас еді. Украинада да  «жасыл адамдар» пайда болып, Қырымды  бөліп әкет­кені есте. Яғни,  гибридті соғыстың амалдары бұл. Демек, қоғамда  сырт­қы күштердің мұндай тәсіл­дерге баруына  жол бермеудің амал­дарын қарастырған абзал. Әйтпесе, «мүйіз сұрап жүріп, құлақтан айырылу» қаупі туады. Осы тұста  тағы бір жайтты атап  өткен дұрыс. Ол ереуілдердің төңкерістің басы болатыны. Әрі билік  төңкеріс арқылы алмасқан елдердің ешқайсысында  тұрақ­тылық орнаған жоқ. Посткеңестік елдерді айтпағанда түрлі төңкеріс­терді бастан кешірген араб елдерін де мысал етуге болады.  Төңкеріс­тердің бәрі демократиялық талап­тар қоюды көздеген ереуілдерден бас­талады. Шамасы кезінде З.Бжезин­ский болжаған этносаралық шие­леніс­тер Еуразия  кеңістігінде қар­қын ала қоймағандықтан стратегтер демократияны сылтау етумен бас­талатын  ереуілдерге үміт артқан сыңай­лы. Әрі  ереуілдерді жақтау­шылар мен бұқараның  дүрмекке ілесуін геосаяси мақсат­тарға көз­дейтіндер де бір жерде «рөл ойнай­тыны» бар. Яғни, гиб­ридті күресті ұйымдастырушылар тек біржақты  болмайды. Супер­күштердің өзара ойыны кезінде  бейбіт жатқан мем­лекеттер мен халықтар құрбандыққа айналады. Қазір біреуге біреудің жаны ашитын заман емес. Тек халық пен  биліктің тізе қосқаны ғана елдегі тұрақтылыққа кепіл бол­мақ. Украинада  халықтың өзі саяси көзқарастарға байланысты екіге бөлініп кетті. Құндылықтар өзгере бастаған сәтте абайсыз  жасалған реформалар көзқарастар қайшы­лығын туғызды. Кеңес әскерін басқыншы санау немесе украин хал­қының түрлі  қайрат­керлерін бір­жақты даттау мен жақтау, тарих­тағы кейбір оқиға­ларға айыпты ретінде нақты бір мемле­кетті атау қоғамды ірітіп тын­ған еді. Сөйтіп, митингтерге этни­калық, рухани, тарихи астар берілген кездер болды. Қазір соның зардабын тар­тып отыр. Негізі, демократия үрдістерін терең­дету әр халықтың дүние­танымы мен мәдениеті, аймақтың геосаяси ахуалы ескеріле отырып  жүргізілуі тиіс. Әрі демократия институттарының барлығы бірдей жүйелі дамыған дұрыс. Әйтпесе сыңаржақтық пайда болады да, оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Түркиялық зерттеуші Ахмет Арслан Украинадағы оқиғалардың кез кел­ген түркі мемлекетінде қай­та­лану қаупі  барын жоққа шығар­майды. «Орталық Азиядағы түркі мемле­кет­терінің орналасқан ай­мағы геосаяси тұрғыда өте маңыз­ды. Онда әлемдегі суперкүштердің барлығының мүд­десі бар. Бір ғана ағат қадам опық жегізуі мүмкін. Тәуелсіздіктен айырыл­мағанның өзінде әлеумет­тік-экономикалық тұрғыда кері кету қаупі болады. Ал Қазақстанның Орталық Азияның кейбір мемле­кеттеріне буфер рөлін атқарып отыр­ғанын ескерсек, елдегі тыныш­тықтың маңызы зор. Ел тұтастығына қауіп төндіретін кез келген фак­тордың қалып­тасуына жол беруге болмайды», – дейді зерттеуші. Қыс­қасы, төңірек­тегі оқиғалардан сабақ алудың ма­ңызы зор. Арандату мен дүр­мекке ерудің қатерлі екенін Қордай оқиғасы да  көрсеткен. Ал ел ішіндегі төңкеріске құмарту одан да ауқымды, бір ауданның ғана емес, тұтас мемле­кеттің тағдырын тара­зыға салатын іс екенін ескеру қажет.

Ардагелді БЕКЖАН