Салық төлеу мерзімі қандай?
Салымшы зейнетақы жинағын мақсатты қажеттілігіне алған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау құқығы берілген. Жарналар аударылған кезде ЖТС алынбайды. Азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыра алады немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезде ЖТС-ты толық көлемде өтей алады. Айта кетерлігі, зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде қазіргі заңнамаға сәйкес, бәріміз 10 пайыз табыс салығын төлеуіміз керек. Осы мәселеге байланысты жаңа тәсіл ұсынылған. Мәселен, келесі жылдан бастап азаматтар өзінің зейнетақы қорынан 1 миллион теңгесін алатын болса, ол 10 пайыз салықты, яғни 100 мың теңгені бірден төлемей, зейнетке шыққаннан кейін 16 жылдың ішінде бөліп төлей алады.Төлем 5 жұмыс күні ішінде аударылады
Электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап төлем 5 жұмыс күні ішінде аударылады. Одан кейін уәкілетті оператор аударылған зейнетақы жинағын азаматтардың арнайы шоттарына 1 жұмыс күні ішінде есептейді. Зейнетақы жинағының шотта жату мерзімі 45 күн. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс.Қордағы қаражатты емделуге жұмсаудың шарттары қандай?
Зейнетақы қорында жеткілікті сомасы бар азаматтар өзіне ғана емес сондай-ақ ата-анасының, туған және асырап алған балаларының, ата-анасы бір немесе бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, сондай-ақ ата-әжесі, немерелері денсаулығын жақсартуға қолдана алады. Жинақ алушының қолына ақша түрінде берілмейді. Қызмет көрсеткен клиникаға аударылады. Зейнетақы қоры есебінен ақысы төленетін медқызмет түрлерінің тізбесіне бірінші кезекте орфандық ауруларды емдеу енгізілген. Бұған қоса, медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер алуға болады. Сондай-ақ, пластикалық операцияларға да зейнетақы жинағының қаржысын пайдалануға болады. Бұл тізімге радионуклидті және радиойодты терапияны талап ететін аурулар да еніп отыр. Радиохирургиялық емдеуді қажет ететін аурулар медқызмет тізбесіне енгізілді. Бұған қоса, отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде санаторий-курорттық жағдайларда медициналық оңалту үшін зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалануға болады. Бұл тізімнің қатары әлі де толығуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі қаңтар айының аяғында барлық нормалар жарияланатынын мәлімдейді.Қандай қадамдарды орындау керек?
Біріншіден, зейнетақы жинағына емделгісі келетін адам өзі тіркелген медициналық ұйымға – емхана-клиникаға жүгініп, өтініш жазуы керек. Екіншіден, өтініш бойынша медұйымның басшысы өз бұйрығымен дәрігерлік комиссия құрады. Оның құрамына емхананың құрылымдық бөлімшелерінің меңгерушілері, кем дегенде 3 дәрігер-маман кіреді. Сондай-ақ оған басқа да медұйымдардың мамандарын, ЖОО, ҒЗИ, зерттеу орталықтары кафедраларының қызметкерлерін тартуға жол ашық. Азаматқа өз жинағына емделуіне келісім беру немесе одан бас тарту жиналғандардың көпшілік дауысымен қабылданады. Комиссияның шешімі отырыс өткен күннен бастап 3 күн ішінде өтініш иесіне табысталуы тиіс. Үшіншіден, алушы электронды цифрлы қолтаңбасымен уәкілетті оператордың интернет ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады. Өтініш толтырады, оны ЭЦҚ-сымен растайды. Комиссия қорытындысын қоса тіркейді. Төртіншіден, электронды өтініш БЖЗҚ-ға келіп түседі. БЖЗҚ өтінішті алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде сұратылған соманы уәкілетті операторға аударады. Оператор ол соманы алушының арнайы шотына жолдайды. Соңында тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады. Айта кетерлігі, алушы соңынан қаражаттың емделуге жұмсалғанын құжат жүзінде растауы тиіс. Егер растай алмаса, жинақты БЖЗҚ-ға кері қайтаруға тура келеді. БЖЗҚ-да жинағы бар, тиісті жаста «жеткіліктілік шегінен» асатын соманың бір бөлігін пайдалана алатын 760 мыңға жуық азамат бар. Орта есеппен бір адамға 2,3 млн теңгеден келеді. Белгілі бір сома салымшының шотында қалуы тиіс. Екінші санат - зейнеткерлер. Олар зейнетақысының жиынтық мөлшері айырылған табыстың 40% деңгейінде алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда, жинақтардың жартысына дейін пайдалана алады. Мұндай қазақстандықтардың саны 170 мыңға жуық. Үшінші санат - зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да жинақтары бар азаматтар. Онда орта есеппен 23 мың адамның әрқайсысына 2,5 млн теңгеден келеді. Осы үш санат бойынша шамамен 1 млн адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға құқылы.