«Ұлттық аударма бюросы» Білім және ғылым министрлігін сотқа берді. Бұл туралы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы facebook-тегі парақшасында жазды.
«Құрметті қауым! Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы мазмұндық жағынан аяқталды. Әлемнің ең жақсы деген 100 оқулығы қазақ тіліне аударылды, әрқайсысы 10 мың данамен басылып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына жеткізілді. Оқулықтардың электронды нұсқаларын OpenU.kz порталынан еркін оқуға болады. Олардың негізінде дайындалған 200 видео курс та аталған порталда ашық тұр», - деп жазды «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Рауан Кенжеханұлы министрлікті сотқа бергенін жазған.
«Алайда арадағы шарттың талаптарына сәйкес толық орындалып, тапсырылған жұмысты Білім және ғылым министрлігі қабылдап алмады. Жұмыстың ақысы төленбеді. Осыған орай, «Ұлттық аударма бюросы» шартта көрсетілген заңды талаптарын алға тартып, сотқа жүгінді.
«Ұлттық аударма бюросы» ондаған шетелдік автор мен құқық иеленуші баспалар, бірнеше ірі баспахана және бәрінен бұрын жүздеген аудармашы мен редакторларға қаражат берешек. Алғашқы кезекте жұмысқа атсалысқан мамандар алдындағы қарыз төленеді. Оның негізгі бөлігі өтелді.
Еліміздегі заңның билігі, соттың адалдығы рас болса, сөзіміз расталып, еңбегіміз өтелуі тиіс. Оған кәміл сенеміз.
Бүкіл қоғам көз тіккен үлкен жұмыс о бастан көпшіліктің назарында. Қазір де әлеуметтік желіде түрлі талқы жүріп жатыр. Шын мәнінде анық-қанығын білгісі келетін адамға ұғынықты жауаптар әлдеқашан берілді. Жұмыстың есеп-қисабы талай рет қаралып, тексерілді. Тәртіп пен заңның бұзылмағаны дәлелденген. Бұл жолы да солай болатынына сенімдіміз. Сондықтан сабыр сақтап, ақ-қарасын ажыратуды сотқа тапсырдық», деп жазды ол.
«Ұлттық аударма бюросы» әзірге шығармашылық жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болып отыр.