Сарайшық туризмге сұранып тұр
Сарайшық туризмге сұранып тұр
508
оқылды

Қасым хан билеген Қа­зақ хандығының астанасы Сарайшық қаласын бола­шақ­та үлкен өзгеріс күтіп тұр. Екі жыл бұрын көне қаланың іргесіндегі Жайық өзені жа­ға­л­ауын бекіту жұмыстары тия­­­нақты атқарылды. Енді қа­ла аумағында «Сапар орта­­лы­­ғының» құрылысы баста­ла­ды.

Елбасының «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасы аясында «Қа­зақ­­станның киелі жерлерінің геогра­фия­сы» жобасының тізіміне енген Сарайшықта қазіргі заманға сай барлық жағдай жасалған кешен бой көтереді.

Жуырда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет ауданына сапары кезінде «Сарай­шық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығындағы болашақта салы­натын «Сапар орталығы» ке­ше­нінің құрылыс алаңымен та­ныс­ты.

«Сапар орталығы» құрылысы сыртқы және ішкі туризмнің дамуына, адамдардың қасиетті Сарайшық қалашығына ерекше назар аударуына септігін тигізеді деп күтіліп отыр. Жобаға сәйкес бұл орталық туристер мен келу­ші­лер үшін барлық жағдай жасалған кешен болады. Мұнда әкімшілік ғимарат, қонақүй, тұрмыстық үй секілді бірнеше ғимарат салу жоспарланған. Екі қабатты әкімшілік ғимаратында экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, 100-150 орындық конференц-зал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады. Кешен аумағында лекция алаңдары, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейт Мұхтардың айтуынша, археологтар ХІХ ғасырдың орта шенінде жасалған карта бойынша қалашықтың бағзы қамалын табу мақсатында биыл да көне шаһардың орнында қазба жұмыстарын жүргізген.

Осы қазба жұмыстары кезін­де диірмен тасы, Өзбек хан би­лік құрған уақытта жасалған мыс тиын­дар табылған. Соңғы жәді­герлер 1330-1350 жылдары Сарай­шық­та соғылған деуге толық негіз бар дейді тарихшылар.

Археологтар қазба кезінде ХІІ ғасырда жасалған көне кера­ми­калық қыш бұйымдарды, жасал­ғанына екі мың жылдай болған айна сынығы мен тас келсаптар және әртүрлі кезеңдегі жебе ұшта­рын тапқан.


Археологтардың ең үлкен олжасы – жылқы бейнесінде жа­сал­ған жез кілт – әлемнің кез келген алдыңғы қатарлы музей­ле­рінің экспозициясынан ойып тұрып орын алатындай жәдігер.

Көне Сарайшық жерінде қаз­ба жұмыстарына қатысқан ға­лымдардың бірі, Астрахан қала­сының тарихи-сәулет му­зей-қорығының археология сек­торы­ның меңгерушісі Вячеслова Плаховтың мәліметінше, жылқы бейнесінде жасалған кілттің бірі Эрмитаж жәдігерлерінің арасында да бар.

Жалпы, жылдар бойы көңіл бөлінбей, соңғы жылдары ғана жағалауы бекітіліп, қазба жұ­мыс­тарына қаржы қаралып, көне қаланы туризм орталығы етуге жергілікті атқарушы билік тарапынан кешенді жұмыс жүр­гі­зіліп келеді. Айталық, осы жыл­­дың қазан айында Атырау облы­­сы кәсіпкерлік және индус­триалды-инновациялық даму басқармасының қаржылай қол­дауымен «Сарайшық» мем­ле­кеттік тарихи-мәдени му­зей-­қо­рығы ұйымдастырған «Сарай­шық – Сарай-Бату – Са­рай-Берке қалалары ізімен» атты халықаралық ғылыми-зерт­теу, туристік экспедиция Жошы ұлы­сының астаналық қала­ла­ры­ның орнына сапарға шығып келді. Экспедиция нәтижесінде Алтын Орда тарихындағы астаналардың орнында алғашқы ғылыми-зерттеулер жүргізілді, Ресейдің Астрахан, Волгоград облысындағы музейлермен қарым-қатынас орнатылды. Туризмді дамыту мақсатында Астрахандағы «Дария-тур», «Актив-тур» туристік фирма­ларымен ынтымақтастық шарты жасалды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа туристік маршрут ашылды.

«Сарайшық» мемлекеттік тари­хи-мәдени музей-қорығы­ның директоры Әбілсейіт Мұқ­тар­­дың айтуынша, туризмді да­мы­туға байланысты мақсатты қаржыландыру бағдарламасы арқылы географ, PhD докторы Имашев Эдуард Жүсіпұлының жетекшілік етуімен «Еділ–Жайық өзенаралық аймағындағы Алтын Орда кезеңіндегі қалалардың (Сарай­шық, Сарай-Бату, Сарай-Берке мысалында) тарихи-геогра­фиялық және мәдени құнды­лығының туристік әлеуеті» атты жоба дайындап, министрлікке жіберілген.

– Бұл тарихи география, туризм саласындағы зерттеулер Алтын Орда кезеңінде ортағасырлық қала­л­ар халқының таралу жүйе­сін, Еділ–Жайық өзенаралық аймағындағы алтынордалық қала­лардың мәдени құндылығы, турис­тік әлеуеті және олардың негізінде тарихи-туристік-гео­графиялық маршрут жоспарын дайындау. Осы орайда, алдымен Атырау облысының туризмді дамыту бағдарламасын жүзеге асы­ру, көршілес облыстар және Ресей субъектілерімен қарым-қа­­тынас пен Еділ – Жайық өзена­ралық аймағындағы тарихи-мәдени-географиялық туризмнің да­муы­ның табиғи жағдайын зерт­теу секілді міндеттерді іске асы­ру қа­жет, – дейді Әбілсейіт Мұқ­тар.


Сала министрлігіне ұсынылған жобаның бірі – «Ортағасырлық Сарайшық қаласы Ресей, Түрік, Иран және Қытай тарихи дерек­терінде (ХІІІ-ХVІІ ғғ.)» деп ата­лады. Бұл – музей және архив ісі саласындағы деректану зерт­теу­лері.

Бұл жобаға тарих ғылымының кандидаты Ұлжан Ахметова жетек­шілік етеді. Ортағасырлық Сарайшық қаласының әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени дамуына қатысты әлемдік архив деректерін ғылыми айналымға қосу, бұрын жарық көрмеген дерек­терді Қазақстанға әкелу. Орта­ғасырлық Сарайшық тари­хына қатысты жарияланған ар­хив деректерін саралау, олар­­ды пайдалану деңгейін анық­тау. Ресей, Түрік, Иран, Қытай ар­хив­тері­нен ХІІІ-ХVІ ғасыр­лар­дағы Сарайшыққа қатысты тарихи де­рек­терді іздеу және оларды Қа­зақ­станға әкелуді мақсат еткен жоба.

Тағы бір жоба «Алтынордалық Сарайшық қаласы цитаделін қал­пы­на келтіру бойынша архео­логиялық жұмыстар (XIII-XVI ғғ.)» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, бұл археологиялық зерттеулерге бағытталады. Цитадельді архивтік, қолжетімді емес нарративті дерек­көздерді талдау арқылы және археологиялық қазбалар кезін­де заманауи геоақпараттық техно­логияларды, жерді қашықтан зондтау әдістерін, геофизика және радиокөміртектерді анық­тау әдістерін қолдану арқылы зерт­­телмек. Қала цитаделінің жос­парын анықтау мақсатында ны­санның бетін түзу үшін гео­фи­зикалық зерттеулер мен то­по­графиялық жұмыстар жүр­гізу. Цитадель мен оның негіз­гі нысандары белгіленген шека­ра­ларда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу секілді міндеттері бар жобаға жетекшілік ету «Сарайшық» мемлекеттік тари­хи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтарға жүктелген.

Ал белгілі археолог Мадияр Елеуов жетекшілік жасайтын жоба «Қазақстанның батыс өңіріндегі көне керуен жолдары және Алтын­ордалық керуен-сарайлар: керуен-сарайларды зерттеу және оларды есепке алу» деп аталады. Бұл да археологиялық зерттеу жобасы. Батыс Қазақстанның ежелгі керуен жолдары мен керуен-сарайларын жан-жақты зерттеу және олардың негізгі бағыттарын қарастыру, керуен-сарайлардың орналасқан жерін және олардың қолданыста болған кезеңін анықтауды қажет етеді.

«Сарайшық» мемлекеттік та­ри­хи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтардың айтуынша, сала министрлігіне жолданған осы жобалар бекітілсе, батыс өңірдің туризміне даңғыл жол ашылып, еліміз үшін табыс көзі ғана емес,   тарихымыздың әлемге насихатталуына жағдай жасалады.

Сайып келгенде, сала министр­лігі Жайыққа жұтылуға шақ қалған Қазақ хандығының астанасы бол­ған Сарайшық қаласының ту­ризм орталығы атануын ел бо­лып тілеп отырғанын ескерер деген үміт­те­міз.


Атырау облысы