Қызыл сызық дегенде қызыл сызық

Қызыл сызық дегенде қызыл сызық

Шымкент қаласында 7 жылдан бері «қызыл сы­зық» мәселесі жыр бо­лып келе­ді. «Қызыл сы­зықтың» бел­гі­лен­ге­ніне осынша жыл өтсе де, керісінше заң­­сыз құрылыстар көбей­месе азаятын түрі жоқ. Ке­зінде оңды-солды тара­тыл­ған жердің шикілігі енді шығып, зардабын тұр­ғындар тартуда. Ал «қы­зыл сызыққа» енген ком­­мер­циялық нысандар мен тұр­ғын үйлер құрылы­сын бұзу­ға асығар емес.

Үшінші мегаполистің осынау проблемасы жергілікті биліктің де, тұрғындардың да бас ауруына айналған. Тіпті, кейбір нысан иелері мұны пайда көзіне айнал­ды­рып отырғанға ұқсайды. Олай демеске лаж жоқ.

Кейбір нысан иелері құ­ры­лыс­ты «қызыл сызық» бел­гі­лен­ген тұсқа заңсыз тұрғыз­ға­нына қарамастан, жерді мем­ле­кет меншігіне қайтару үшін мил­лион­­даған қаржы сұрайды. Ал қалалық сәулет және қала құ­ры­лысы басқармасы осындай жерге салынатын жоба нысанын бекітіп жіберуде. Қоғамдық кеңес төрағасы Нұрғазы Бұқарбаев осы мәселелерді ашына жет­кіз­ді. Мұндай келеңсіздіктер Цита­дельде де орын алып жат­қан. Ескі қалашық бекінісін қал­пына келтіру жұмыстары бары­сында билік осындай заң­сыз­дықтарға жиі тап болады. Нұрғазы Бақтыбайұлы сол маң­да­ғы жерлердің әкімдердің «шек­тен тыс жомарттығынан» саты­лып кеткенін тілге тиек етті. Сал­да­ры­нан заңсыз құрылыстар үшін бюджеттен қыруар қаржы кетіп жатыр.

Айта кетейік, шаһардағы Гага­рин көшесінің өзінде «қызыл сызықтың» бойында орналасқан 22 нысан тіркелгені анықталған болса, қазір оның саны 40-қа жетіпті. Сонда қалай болғаны? Құрылысқа рұқсат беретін тиісті мекемелер үшін «қызыл сызық» қызықтырмағаны ма? Мұндай жағдайлар мәселені реттеудің орнынан күрделендіріп жатқанын қалай түсінуге болады?!

Сондай-ақ бүгінде қала құ­ры­­лысын бақылау басқарма­сы­на заңсыз салынған құрылыс бо­йынша 6 000-ға жуық арыз ке­­ліп түскен. Оның 1 034-і қы­­зыл сызықта орналасқан екен. Мұ­ның басым бөлігі – кәсіп­кер­лік бағыттағы нысандар. Жал­пы, су, газ құбыры, электр бағаны мен кәріз жүйесі өткен тұстар «қызыл сызық» болып белгіленеді. Сондықтан мұндай жерлерді тұрғындарға беруге болмайды. Жауапты мекемелер осыған жіті назар аударуы тиіс.

Түйткілді жайттың 7 жылдан бері түзелудің орнына күрделеніп бара жатқаны халықтың бұған мән бермеуінен бе әлде жауапты мекеменің жауапсыздығынан ба? Бұл – жауабы жоқ сұрақ.


Сонымен қатар бір кезде­рі депутаттар тарапынан қала­дағы Жібек жолы көшесі бойы­на салынып жатқан сауда қата­­рының құбыр үстіне тұрғызы­лып жатқаны туралы да айтылған еді. Өкінішке қарай, бұл ескерту еленбеді ме, әйтеуір сауда қатары тұрғызылып, оны қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы қабылдап алған. Есесіне, енді ол жерге жол салу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөліп, иесінен сатып алу керек болып отыр.

«Қызыл сызыққа» түскен құ­ры­лыстарға әлі күнге дейін тексеру шаралары жүргізілмепті. Ал арыздар тиісті құзырлы ор­ган­ға жеткізілмей жатады. Мұ­ның артында бір шикілік бары рас. Бұл туралы жуырда өткен қоғамдық кеңес жиынында айтылды. Ал жауапты мекеменің тағы бір сылтауы – арнайы түскен арыз-шағым болмаса, тексеру жүр­гізуге құқы жоқ. Онда да про­ку­ратураның келісімі керек.

Қала құрылысын бақылау бас­қармасының мәліметіне сүйен­сек, мәжбүрлеп бұзу туралы да­йын­далған 29 талап-арыздың 6-уы ғана қанағаттандырылған. Онда да 4-еуі ғана бұзылатын бол­са, қалғандары сотта қаралып жатыр. Ал қалалық құрылыс бас­қармасына жыл басынан бері 300-ге жуық арыз түскен. Егер нысандардың заңсыз екені анықталса, миллион теңгеден астам айыппұл салынбақ. Әзірге бұл белгісіз. Бірақ 7 жылдан бері «сен салар да мен салар» болып жүр­ген тірліктің таяу күндері шеші­ле қоюы тағы неғайбыл.

Міне, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөз осындайда айтылса керек-ті.

 

P.S.

 

Жуырда қала әкімі Е.Ай­та­ха­нов қаладағы заңсыз құры­лыс­тар туралы тиісті сала басшыларына қатаң ескерту жасады. «Алдымен құ­рылыс басталады. Сосын ба­рып құжаттандыру жұмысына кірі­сесіздер. Бұл – дұрыс емес. Біз қай жер болса сол жерге құрылыс нысандарын сала беруге жол бер­мейміз. Зардабын тұрғындар тартады. Құрылыс саласындағы осын­дай олқылықтардың, нем­­құрайлықтың салдарынан жұ­мыс­шылар қайтыс болды» деп ашын­ды.

Иә, бұл да кезекті ескерту бол­масына кім кепіл?! Бұл – қалалық сәулет және қала құрылысы мен құрылыс басқармаларының үйрен­шікті ескертпесі. Жалпы, үшінші мегаполисте құрылыс саласына қатысты бұдан өзге де түйткілді мәселелер көп.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы