Нью-Йоркте өткен Димаш Құдайбергеннің концертінде талай көрермен таңдай қақты. Мега шоуға тыңдарман әлемнің 63 елі мен АҚШ-тың 41 штатынан арнайы келген.
Нью-Йоркте өткен Димаш Құдайбергеннің концертінде талай көрермен таңдай қақты.
«Хабар 24» арнасына Димаштың АҚШ-тағы жеке шығармашылық кешіне барған көрермен алған әсерімен бөліскен.
АҚШ тұрғындары әнші «ән шырқайтын сенсация» деп атайды. Расында да, жер жүзінде сирек кездесетін дауыс кеңдігі – 6 октава. Димаш заманауи туындыларды орындағанда классикалық музыка мәнерін қосады және дәстүрлі қазақ әндерін бүкіл әлемге танытты.
Джули Киссис, Огайо штатының тұрғыны:
– Димаш – бүкіл әлемде теңдесі жоқ дара тұлға. Ол маған ауруларға төзіп, уайымнан айырылуға көмектеседі. Мен үшін оның орны бөлек. Мен АҚШ-тағы Димаштың Фейсбуктегі фан-клубының модераторымын.
Диана Херд, Луизиана штатының тұрғыны:
– Ол түгел өмірімді өзгертті. Жасым алпыс алтыда. Өмірімде алғаш рет фан-клубқа кірдім. Димаш өзінің терең өнерімен адамдарға үміт береді. Миллиондаған әнші тыңдағанмын, бірақ ешқайсысы Димашқа ұқсамайды. Енді Димаштың отаны – Қазақстанға баруды армандап жүрмін.
Димаш Ниязов, Нью-Йорк полициясының қызметкері:
– Кеш тамаша өтті, ұмытылмас әсер қалдырды. Мұнда көп адам келді, бәріміз оны жақсы көреміз. Концертке жұбайым Дженифермен бірге келдім. Оның сүйікті әні - Screaming.
Дженифер, Нью-Йорк тұрғыны:
– Маған Димаш дауысы мен энергетикасы өте ұнайды. Концерт барысында Димаш халықпен де араласуға үлгерді. Көрермендер сезімдерін жасырмай, әндерін қосылып айтты. Осы шоуды қоюға кәсіби хореографтар, қазақстандық бишілер мен музыканттар, операторлар мен стилистер қатысты.
Светлана, Филадельфия тұрғыны:
– «Маған «Махаббат бер маған» қазақ әні ұнайды. Димаштың оң энергетикасы бар. Өзі халыққа ашық болғандықтан, біз де жүрегімізді ашып, оған ұмтылдық.
Ханаей, Нью-Йорк тұрғыны:
– «Димаш – таңқаларлық әнші. Мен жақында ғана оның отанына, Қазақстанға барып келдім. Керемет ел!
Гүлжамал Жандалинова, фан-клуб өкілі:
– Оның әндері адамды емдейді. Мен Димаш Құдайбергеннің халықаралық фан-клубына кіремін. Сонда біз оның музыкасының шипалық әсері туралы түрлі әңгіме естіп жүрміз.
Қазақстандық шоу көрерменнің таңдайын қақтырды. Бұл кешке әлемнің әр түкпірінен келген Димаштың мыңдаған жанкүйері үшін нағыз мейрам болды. Кентукки штатының 70 жастағы тұрғыны Майкл Гарретт атақты әншімізді қазақ халқының сүйікті ұлы деп атады. Концертке билетті қыркүйек айында сатып алған ақсақал Димашқа сыйға тарту үшін өз қолымен қобдиша жасапты.
Бүгін Димаш Құдайберген Қазақстанға оралады.