Биыл елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы кезеңі басталды. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. Олар бұған дейін де декларация тапсырып келген. Оның несі жаңалық деген сұрақтың туындары заңды. Сөйтсек, бұл декларация бұрынғыдан өзгерек екен.
Жалпыға бірдей декларация заңға сай жүргізілсе, қазақстандықтардың табыс ы мен мал-мүлкі 2025 жылы бір түгенденіп қалады. Ал оған дейін екі кезеңнен өтуіміз керек. Биыл мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларының табысы мен мүлкі есепке алынады. Екінші кезеңде – 2023 жылы мемлекеттік мекемелер, бизнес және квазимемлекеттік компаниялар басшылары мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға кіріседі. 2025 жылы табысы мен мүлкі бар әр қазақстандық декларация тапсырады. Декларацияға қандай мүлік пен табыс тіркеледі? Әңгімені осыдан бастасақ. Бірінші кезекте декларацияға жылжымайтын мүлігіңіз туралы мәліметті енгізесіз. Ол ғимарат, жер телімі, үй мен пәтер, Қазақстан мен шетелдегі саяжай болуы мүмкін. Меншігіңіздегі көліктер де жазылады, оған мотоцикль, яхта, жеңіл және ауыр көліктер жатады. Ақша туралы мәлімет жазарда Қазақстан банктері мен елден тысқары жердегі есепшотыңызда, депозит мен төлем картаңыздағы, тіпті қолма-қол жұмсайтын ақшаңызды да көрсетесіз. Қызығы сол, декларацияға қарызыңыз туралы мәліметті де жазуға міндеттісіз. Мысалы, нотариалды түрде куәландырылған және куәландырылмаған қолхаттар тіркеледі. Бұл жерде сіз кімге қарызсыз, сол адамның ЖСН-і және сізге қарыз адамның ЖСН-і көрсетілуі керек. Сонымен бірге мұраға қалған, сыйлыққа келген тарихи бағалы бұйымдар мен әшекейлеріңіз де есепке алынады. Биологиялық активтер – қорадағы малыңыз да тіркеледі. Қысқасы, қандай жолмен табыс тапсаңыз да, бәрін декларацияда жазуға міндеттісіз. Қандай да бір табысыңызды жасырсаңыз, басыңыз дауға қалады. Декларацияда көрсетілген табыстан артық табысыңыз болғаны анықталса, оның 10 пайызынан салық төлейсіз. Онымен де құтылмайсыз, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл кеседі. Биыл 1 АЕК 2 917 теңге болып белгіленді, демек 87 510 тг айыппұл арқалайсыз.Мемқызметкер мүлкі мен есепшотын да көрсетпеуіне болады
Сонымен, биыл мемқызметкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруды бастайды. Бұл топ бұған дейін де декларация тапсырып келгенін әлгінде айттық. Биыл олар тапсыратын декларацияда өзгеріс болғандықтан, алғашқы кезеңге осы топ бөлек таңдап алынған сияқты. Бұл топта кімдер бар? Олар – жауапты мемлекеттік қызметті атқаратын адамдар және олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар және олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары. Бұдан бөлек, бұл санатқа Конституциялық заңға, Сайлау туралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Қазақстан банктері және банктік қызметі туралы, сақтандыру қызметі туралы заңдарға сәйкес декларация тапсыруға міндетті қызметкерлер кіреді. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің жалпыға бірдей декларациялау басқармасының басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер бұған дейін дебиторлық берешек, құнды мүлік, инвестициялық алтын, мүлік, авторлық құқық, қолма-қол ақша сияқты активтерді декларацияда көрсетпей келген. Себебі талап етілмеді. Сондықтан олар биылға дейін «Жеке табыс салығы және мүлік бойынша декларациясын (230.00-нысаны)» тапсырған. Енді жалпыға бірдей декларациялау талабына сәйкес, 2021 жылы «Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00-нысаны)» ұсынады. 230.00 мен 250.00-нысанының қандай айырмашылығы бар? [caption id="attachment_101512" align="alignnone" width="915"] © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] «230.00-нысанында Қазақстанда тіркелген жылжымайтын және жылжымалы мүлікті көрсету міндетті болса, 250.00-нысанында ол көрсетілмейді. Сол сияқты Қазақстан банктеріндегі шотта жатқан ақшаны да 250.00-нысанында көрсетудің қажеті жоқ. Себебі Мемлекеттік кірістер комитеті өзге мемлекеттік органдар базасымен интеграцияланып жатыр. Сондықтан барлық ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің «Интеграцияланған деректер қоры» ақпараттық жүйесінде бар», – дейді Д.Құсайынова. Яғни, мемлекеттік қызметкерлер мүлкі мен есепшотын, көлігін декларацияда көрсетпеуіне болады. Ал 250.00-нысанында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуы туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті, басқа бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтынды, зияткерлік меншік, авторлық құқық нысандарын көрсетуі қажет. Айта кетейік, декларация қағаз жүзінде 15 шілдеге дейін, электрондық түрде 15 қыркүйекке дейін тапсырылады.Шенеуніктің дүние-мүлкі жария болуы керек пе?
Жалпы, табыс пен мүлік декларациясы туралы сөз болса, шенеуніктердің мал-мүлкі ашық болуы тиіс дейтіндер көп. Жаңа заңнамада бұл мәселе ескерілген бе? Д.Құсайынованың айтуынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11-бабының 9-тармағына сәйкес саяси мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, «А» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, Парламент депутаттары мен олардың жұбайлары, судьялар мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық функцияларды орындайтын адамдар мен олардың жұбайлары ұсынған, жеке тұлғалардың декларацияларында көрсетілген мәліметтер есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде жариялануға жатады. Жариялануға жататын мәліметтер тізбесін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Көрсетілген мәліметтерді мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Парламент пен Жоғарғы соттың ресми интернет-ресурстарында персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) орналастырады. Сарапшылардың арасында декларациядан үміт күтетіндер де, декларация ештеңені өзгертпейді деп санайтындар да бар. Бірінші топ декларация қыруар қаржы тауып оны жасырып қалғысы келетіндер үшін қиынға соғатынын айтады. Сондай-ақ жұмысшыны еңбек шартынсыз жұмысқа алатын мекемелердің де заңсыз ісі әшкере болып, еңбеккер құқы қорғалады дейді. Дұрыс делік. Алайда декларацияда барлық табыс пен мүліктің толық жазыларына кепіл бар ма? Олардың декларациядан тыс қалған табысын қалай анықтаймыз? Салық органдары бұл сұрағымызға салық төлеушi ұсынған салық есебі, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу мен талдау негiзiнде камералдық бақылауды жүзеге асыру арқылы анықтаймыз деп отыр. Ал экономист Мақсат Жәнібек бұл уәжбен келіспейді. Оның пікірінше, жалпыхалықтық декларациялауға көшпей, бұл реформадан жақсы нәтиже күтудің қажеті жоқ. Себебі шенеунік дүние-мүлкін алыс туысының атына жазып қоюы мүмкін. Жалпыхалықтық декларация болса, сол алыс туысына дүние-мүлік қайдан келді деген сұрақ туындайды да, бәрі белгілі болады. «Былтыр дифференциалды табыс салығын енгіземіз деген әңгіме шыққанда да, мәселе осы жалпыхалықтық декларацияға барып тірелген. Жалпыхалықтық декларациядан кейін де бұл проблемадан құтылмаймыз ба деген қауіп бар. Өйткені жасырын табыс қолма-қол қаражат күйінде шетел асып отырады. Сондықтан басқа мемлекеттермен біздің азаматтардың дүние-мүлкі жайлы ақпарат алмасу жағын реттемей ол да өз жемісін бермейді. Бұл жерде Түркиядан баспана алып жатқан азаматтарымызды мысалға айтуға болады. Олардың арасында декларацияланбаған жасырын қаражатқа баспана алып жатқандар болуы мүмкін. Экономикасы үшін инвестиция және одан қағылу Түркия үшін ақымақтық болар еді. Сондықтан ол ел жаңа мүлік иесі жайлы ақпаратты жасырын ұстауға ниетті болады. Түркия – мысал ғана, осындай инвестицияға мұқтаж дамушы мемлекеттер өте көп», – дейді. Оның пікірінше, қандай тұлға болмасын, мемлекеттік қызметтің алғашқы табалдырығына аяқ басар болса, ол дүние-мүлкін бірден ашық жариялауы керек. Өйткені мемлекеттік қызметке бизнесте біраз жетістікке жетіп, дүние-мүлік жинап алған тұлғалар да келіп жатыр. Оларға қоғамнан теріс көзқарас болмас үшін ашықтық болғаны дұрыс.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ