Ресейдің «Меридиан» жобасы: бақталас па, бақ-ырыс па?
Ресейдің «Меридиан» жобасы:  бақталас па, бақ-ырыс па?
288
оқылды

Ресей 2021 жылы конти­нент­тер арасын жалғайтын «Ме­ридиан» атты автомагис­траль құрылысына кірісті. Жобаны ресейлік БАҚ «жаңа Ұлы Жібек жолының» жетіспей тұрған буыны» деп дәріптеуде. Бұған дейін солтүстік көрші Қа­зақ­стан бастамашы болған, жаңа Ұлы Жібек жолының за­манауи нұсқасы саналатын «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халық­аралық автотрассасы­ның өз жері арқылы өтетін бө­лігін салуға ықылас танытпады. Нәтижесінде, Қазақстанға бұл автожолдың бір тармағын Каспийдегі Ақтау, Құрық порт­тарына жалғауға тура келді.

Біздің жобаның бақталасы емес пе?

Осыған орай, «Меридиан» мега­жобасы қазақстандық «Батыс Қы­тай-Батыс Еуропаға» балама емес пе?» деген сауал туады. Бұған жауап табу үшін көрші бастама­сының байыбына барған жөн. Ашық де­ректерге жүгінсек, жаңа мега­жоба Қазақстан шекарасынан бас­тау алады. Содан Ресей жерін кесіп өтіп, Беларуське жетеді. Көліктер әрі қарай Польша арқылы Герма­нияға дейін жол тартады. Танымал қытайтанушы Уэйд Шепардтың мәліметінше, бұл жоба «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» көлік дәлізінің аса маңызды құ­рам­дас бөлігі болады. «Ресейдің «Меридианы» Қазақ­станды сырт қалдыра алмайды және ол қазақ жерінен Батыс ел­деріне өтетін Қытай жүгін және кері бағытта ҚХР-ға тасымал­данатын еуропалық жүкті игеруге бағытталған. Өйткені бұл жүк ағы­ны жыл өткен сайын алапат ауқым алмақ. Ресей «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» қытай жобасының жай бір тармағы болуды ар көрсе керек, «Меридиан» мегажобасы содан туып отыр. Ресей осы инфра­­құрылымдық ірі жобаны «ғасыр құрылысы» деп атап үлгерді. Қалай болғанда, бұл дәліз Сары теңіздегі (Хуанхай) Ляньюньган айлағынан бастау алып, осы мақ­сатта тұр­ғызылған ең ұзын Қы­тай жолы­мен – Ляньхуо жоғары жыл­дамдықты автома­­гистра­лімен бой­лай отырып, Қазақстанмен ара­дағы Қорғасқа жетеді. Одан ары қазақ жерін, Ресей аумағын басып өтіп, Еуропаға енеді» деп түсіндірді Уэйд Шепард. Сарапшылар тағы бір ерек­шелікке назар аударады. Ресейлік «Меридиан» автокөлікпен шекте­леді. Ал қазақстандық «Батыс Қы­тай-Батыс Еуропа» дәлізі мен «Бел­­деу және жол» жобасы авто­мобиль, теміржол және авиациялық көлік тораптарын – бірыңғай интер­модальді экожүйеге бірік­тіруді көздейді. Елдер осы мақсатқа қол жеткізе алса, онда ҚХР мен ұжымдық Еуро­па арасындағы тауар жет­кі­зудің бүкіл жүйесі өзгеріп, жыл­­­дам­­дығы артып шыға келмек. Бұл тауар айналымының еселеп өсуіне тың серпін беруі тиіс. Салыстыру үшін айтсақ, аталған дәліз тең-тең жүк тиелген фураларға Қытай мен Еуро­­­па арасын небәрі 11 күнде жү­ріп өтуге мүмкіндік беруі тиіс. Бүгінде теңіз жолы арқылы жүк тасымалдау 30-50 күнге, ал темір­жол арқылы 15 күннен көпке ұзайды. «Негізі, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің құрылысы 2009 жылы басталғаны мәлім. Қы­тай өз жеріндегі жолдарды Қазақ­стан шекарасына дейін салып қой­ды. Қазақстан да өз жобаларын аяқтауға таяды. Әйтсе де, жобаның ілгерілеуіне Ресейдің өз аума­ғын­дағы жобаларға лайықты көңіл бөлмеуі, оларды іске асыруға тиісті қаражат бағыттамауы үлкен кедергі болды. Нәтижесінде, бұл дәліз кө­біне Қазақстан мен Қытай тер­ри­ториясындағы жоғары жыл­дам­дықты автострада, заманауи тран­зиттік бағыт қызметін атқарды. Осы екі елдің аумағынан жүйткіп өтетін жүк көліктерінің Ресейге кіргенде жүрісі тежеліп, нашар трассаларда батпақтап, инфра­­құрылымдық проблемаларға кезі­­гетін. Ендеше Ресей «Меридиан» жобасын аяғына дейін жеткізсе, онда бұл дәліз Шығыс пен Батысты қосатын нағыз «жаңа Ұлы Жібек жолына» ай­налады», – дейді У. Шепард. жол

Мегажобаға Ресейдің дайындығы қандай?

Сонымен, Ресей Қазақстан мен Қытай бірлесіп қолға алған алып дәліздің өз аумағындағы бөлігін ғана «Меридиан» деп атап отыр. Осы жобаны ілгерілетіп отыр­ған басты оператор – «Меридиан» ресейлік инвести­циялық холдингі. Оның басшылық тізгіні «Газпром­ның» басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Александр Рязановқа берілді. Ол сонымен бірге РЖД теміржол монополисінің директорлар кеңесінің мүшесі. А.Рязанов ақпарат құралдарына берген түсініктемесінде «Мери­диан» холдингі осы замануи авто­жол төселетін аумақтардағы қа­­­жетті жер телімдерінің 80%-дан астамын сатып алғанын хабарлады. Оның мәліметінше, мегажоба бүгінде белсенді жобалануда. «Бұл ақылы жол болады. Жалпы ұзындығы шамамен 2 мың шақы­­рымға созылады. Бір ұшы ортақ шекарадан – Қазақстандағы «Жай­саң» және Ресейдегі «Сагарчин» өткізу пунктінен бастау алады. Екінші ұшы Беларусь шекарасына барып тіреледі. Жаңа автома­гистральдің жалпы құны шамамен 9,3 миллиард долларға тең. Одан қымбат болуы да мүмкін», – деді ол. Қаржыландыру ауыртпа­лы­ғының басым бөлігі жеке фир­маларға жүктеледі, олар оны кейін көліктерден ақы жинау арқылы қайтара алады. Дегенмен инвес­торлар Мәскеуден жарты миллиард доллардай мемлекеттік көмек сұрап отырған көрінеді. Бұл қа­ражат оларға шекараларды жабу, жүк айналымын тоқтату секілді ықтимал саяси тәуекелдерден сақ­тану үшін қажет екен. Әмбебап, яғни Қазақстандағы автомобиль, теміржол және су көліктерін біріктіретін «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» жобасынан бір айырмашылығы, «Меридиан» автожолы негізінен жүк көлігімен шектеледі. Түсетін табыстың үлкен бөлігі де фуралардан жиналады деп күтілуде. А.Рязановтың есептеуін­ше, жолға салынған бастапқы капиталын қайтару үшін холдингке 12-14 жыл қажет болады. Тағы бір айырмашылығы, «Ме­ридиан» бірден Беларуське бет алып, Украинаны және Грузияны «жаңа Жібек жолынан» тыс қалдыруды көздейді. Ал біздің дә­ліз Ақтау теңіз айлағынан Әзер­байжанға, одан Грузияға жетеді, ары қарай Қара теңіз арқылы жан-жаққа – Украинаға, Түркияға тармақталады. «Меридиан» жобасының гео­саяси астары барына вашингтондық Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) сарапшысы Джонатан Хиллман назар аудартты. Оның бағалауынша, «Меридиан» Ресей жүзеге асырып жатқан және Украинаның Қазақ­станмен, Орталық Азиямен, Қы­таймен байланысын шектеуге бағытталған бірнеше көлік жоба­сының бірі болып есептеледі». Біздің дәуірге дейінгі ІІ ғасырда ашылған Ұлы Жібек жолы да әр мемлекеттің аумағында әртүрлі геосаяси тоспаға ұшырап отырған. Бұл ақырында оның бірнеше тар­маққа ажырауына әкелді. Бірақ одан ұтпаса, ұтылмады: қаптаған керуен жолы көптеген халықтың өркениет өріне өрлеуіне, мәдениет төріне төрлеуіне, ауқат-байлы­ғының шалқуына ықпал етті. Ал Қазақстан басшылығының күш салуы арқасында Ұлы дала елінен өрісі кеңейетін «жаңа Ұлы Жібек жолына» ешбір елдің монополиясы жүрмейді. Ол әрбір елдің игілігіне айналады.

АйханАйхан ШӘРІП