«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып...». Осынау ән қаншама жүректі тебірентіп, туған жерге деген махаббатын тербете түсті. Қаншама адамды табиғатты сүюге, аялауға үйретті. Бүгінде еліміздегі экотуризмнің тамыры осындай мәдени-эстетикалық тәрбиеде жатса керек. Ендеше Қазақстандағы құстар әлемінің туристік потенциалы қандай? Олардың өлкетанудағы үлесін дұрыс бағалап жүрміз бе?
Бёрдуатчинг
Қазақстан табиғаты аң мен құсқа өте бай. Сондықтан оларды тек пайдакүнемдік мақсатпен аулап құрта бергеннен бір ауық тамашалап та табыс табуға болатынын ескерген абзал. Сондай жолдың бірі – birdwatching. Құстарды бақылау деген сөздің мағынасын беретін экотуризмнің бұл түрі Еуропа елдерінде өте жақсы дамыған. Әсіресе, Германия, Ұлыбритания, Бельгия және Голландияда құстанушылардың ірі бірлестіктері бар. Бүгінде бұл елдердегі әуесқой орнитологтардың қауымдастығына мүше адамдардың саны 80 миллионнан асып жығылады. Олар ортақ чартта «қауырсынды достарының» суреттерімен алмасып, сирек кездесетін құстардың суретін тапса, сүйіншілеп қуанып жатады. Бірлесіп саяхат жасауға жоспар құрып, құстарды қорғау бойынша түрлі қайырымдылық жобаларына дейін ұйымдастырады екен. Соңғы бес жылдықта олар Қазақстанға да жиі келетін болыпты. Өйткені шетелдік бёрдуачерлер үшін біздің еліміз әлі де ашыла қоймаған жаңа кеңістік. Бұл әуестіктің мәні – құстардың түр-түрін тіршілік ету аясында бақылап, фотоаппаратқа түсіруде. Қызығына түсіп кететіні сондай әуесқой-орнитологтар дүниенің түкпір-түкпірін аралап, қолайлы кадрды ілу үшін құстарды сағаттап емес, тәуліктеп аңдып отыруға дайын екен. Мұндай іске энтузиастар елімізде де көбейіп келеді. Әзірге 50 мың адамнан асып кетпесе де, олар интернеттегі чартта өте белсенді. ТМД елдерінің басын қосқан сайттың қазақстандық бөлігі – www.birds.kz порталын күн құрғатпай жаңаша фотосуреттер мен блогтармен толтырып отырады. Қазақстандағы және шетелдегі сапарларынан жаңалықтарын жариялайды. Солардың бірі Геннадий Дякин өткен жылды былай деп қорытындылапты. «Пандемия биылғы біраз жоспарымыздың күл-талқанын шығарды. Нағыз «олжаға» кенелетін көктем-жаз айларында табиғат аясына шыға алмадық. Әйтсе де, карантин сәл саябырсығанда Қорғалжын, Бурабай, Солтүстік Қазақстан, Қызылқұм жақтарға барып қайттым. Ал оның алдында жыл басында Бали мен Малайзияға барып келген болатынмын. Құстардың 274 түрін суретке түсіріп үлгердім. Осылайша менің коллекциямда құстардың 401 түрі бар», – деп жазды ол.Тегін жарнама жасайтын туристер көбейеді
Бұл жұмыстардың барлығы қоғамдық бастамада жүзеге асып жатыр екен. Негізінен қауымдастық мүшелерінің жарнасына ғана жұмыс жүргізіп отырған интернет-ресурс иелері түрлі бёрд-турлар өткізіп, еліміздегі экотуризмнің бұл түрін өз күштерімен дамытпақ ниетте. Биылға олар осындай үш турға шақырып отыр. Соның алғашқысы 18 сәуірде басталатын 10 күндік фотоаңшылық Ақсу-Жабағылы ұлттық паркінен басталып, Дарбаза, Берқара, Шошқакөл, Қызылқұм, Қаратау, Келіншектау, Қызылкөл сынды жерлермен оңтүстік өңірді шарлап, Сайрам-Өгем ұлттық паркінен аяқталады екен. Одан кейінгі он күндік осындай екі тур мамыр және маусым айларына жоспарланған. Әр сапардың ұзақтығы 2 000 шақырымға дейін жетіп жығылады. Негізінен бұл турлар шетелдік бёрдуачерлерге арнап дайындалған. Қызмет құнын да соларға ыңғайлы етіп еуро валютасымен қойған. 2018-2019 жылдары осындай бёрд-турларда болған шетелдіктер бұл туралы өздерінің интернет ресурстарында кең көлемді жолсапар фотоесептерін жариялапты. Бұл да болса Қазақстанның туристік потенциалын насихаттаудың жарқын үлгісі емес пе? Оның үстіне өз қаржысына осындай тегін жарнама жасап беретін туристердің легі арта түскені еліміздің экономикасы үшін де жақсы болмақ. Әрбір тур адам басына 1 000-2 000 еуро аралығында тұратынын, әр топ 5-10 адамнан жасақталатынын ескерсек, бұл аз қаражат емес. Жаңа басталып келе жатқан бағыт болғандықтан, мұндағы бүгінгі туристер легі соншалықты көп деп ауыз толтырып айтуға болмас, бірақ болашағы жарқын екені анық. Өйткені мұндағы саяхатқа жыл он екі ай шыға беруге болады.Қазақстан – құс жұмағы
Жалпы, әлемде құстардың 10 500 түрі болатын болса, белгілі орнитолог Анатолий Ковшарьдың «Дала анықтамалығы» бойынша Қазақстанда солардың 505 түрі бар екен. 21 отрядқа бөлінетін бұл алуандық бёрдуачерлер үшін баға жетпес «фотоолжа» екені анық. Еліміз бойынша «құстардың жұмағы» деп Алматы облысын айтуға болады. Өйткені мұнда тау құстары да, су құстары да, орман мен дала құстары да бар. Әсіресе, жыл құстары келіп ұя салатын мамыр-маусым айларында мұнда құстың 206 түрі кездеседі екен. Одан соңғы кезекте Алатауға жалғасқан Қаратау сілемі, Тарбағатай-Алакөл-Зайсан ареалы, Қорғалжын қорығы, Каспий теңізі және т.б. аймақтар тұр. Елімізге ұя салу үшін Үндістаннан ұшып келетін құстар да бар екен. Шыбынаулағыш торғай – тропикалық құстар отрядына жататын сондай құстардың бірі. Ал сирек кездесетін реликтті шағала Алакөл қорығының символына айналып кеткен. Жыл сайын мұнда осында жұмыртқа басу үшін келетін шағаланы көру құрметіне әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын құстанушыларға арнап «Алакөл қанаты» бёрдуачерлер фестивалі ұйымдастырылады. Қызғылт қоқиқазды еліміздің екі өңірінен тұрақты кездестіруге болады. Каспийде (Қаракөл көлінде) қыстайтын оларды биыл бүкіл әлем дронмен түсірілген әуесқой бейнетүсірілімнен қызыға тамашалай алды. Азамат Сәрсенбаев есімді маңғыстаулық тұрғын оны Facebook парақшасына жүктеген болатын. Негізгі мекені Қорғалжын қорығындағы Теңіз көлі болған қоқиқаздардың бүгінгі таңда саны 60 000-ға дейін жетеді. Бұл құстар сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістан елдерінде де қыстайды. Ал Каспийде биыл аққудың көптеп келгенін байқауға болады. Жылдағыдай емес Ақтау маңына шоғырланған олардың саны 16 мыңға жеткен. Мұндай жағдай бұдан бұрын 1980 жылдары болған екен. Ол кезде ақ маржан қала Ақтауға 25 мыңға дейін аққу құсы ұшып келіпті.Құс қанатындағы өлкетану
Каспий теңізіне, соның ішінде Ақтау қаласына қыстауға келетін жыл құстары көп ретте Қаракөл көлін паналайды. Бұл облысқа теңіз суын тұщытып беріп отырған Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатының (қазіргі «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС) өткен ғасырдың 60-жылдары қолдан тұрғызған жасанды су қоймасы. Егер картадан мұқият қарайтын болсаңыз, облыс орталығының оңтүстігінде теңіз бауырына тығылысып жатқан 15 шақырымдық су суытатын тоғанды көрер едіңіз. Өлкеге белгілі эколог Әділбек Қозыбақов осы тоғанның орнитологиялық мүмкіндігін өлкетану мақсатында пайдалануды ұсынады. Ол үшін «Қаракөл көлі» атты экологиялық-ағартушылық орталық ашып, көлдің жағасынан бірнеше жерден бёрдуачерлік бақылау пункттерін орналастыру керек. Сондай-ақ бұл жерге әуесқой орнитологтардан бөлек, өлкетану экскурсиясын ұйымдастырып, оқушыларды да күн сайын әкеліп тұру қажет. «Әуелгіде бұл тоған осы маңдағы жан-жануарлар үшін, соның ішінде құстар үшін мұншалықты қолайлы тіршілік ортасына айналады деп ешкім ойламаса керек. Қазір бұл жер «қанатты достарымыздың» жолай аялдайтын, қыстайтын және мекендейтін көліне айналып отыр. Бүгінгі таңда мұнда құстардың 175, сүтқоректілердің 11, буынаяқтылардың 8 және қосмекенділердің 1 түрі тіркеліп отыр. Жәндіктердің 500 түрі бар. Солардың ішінде құстарды айтар болсақ жыртқыш құстардың 7, Қызыл кітапқа енген құстардың 22 түрі кездеседі. Сондықтан да көлді Рамсар конвенциясына енгізу жоспары қарастырылуда. Бұл дегеніміз пайдалана білгенге үлкен туристік потенциал», – дейді «Табиғи орта» Батыс Қазақстан өңірлік ҮЕҰ-ның қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Әділбек Мұстажебұлы. Қаракөлде «Экологиялық-ағартушылық орталық» ашу шалшықты-батпақты жерлерді пайдалану бойынша ғылыми мақсатта зерттеу жүргізуге, Маңғыстауда бёрдвочерлік клубтар құруға, жабайы құстарға ветеринарлық көмек көрсету тетігін қалыптастыруға, халықтың туристік мәдениетін, экологиялық сауатын арттыруға септік етпек. Өйткені бүгінгі таңда су қоймасы тиісті дәрежеде қорғалмағандықтан оның айналасында ешқандай қоршау жоқ. Адамдар келіп жабайы демалыс жасап, қоқыстарын шашып кетуі, қараусыз жайылған малдың көл суын кешіп лайлауы, мұндағы енді-енді қалыптасып келе жатқан флора мен фаунаның бүгіні мен болашағына қауіп төндіріп отыр. Егер, қаржы көзі табылып, жоба жүзеге асар болса, Қаракөл экологиялық туризм нысанына айналып, демалушылардың арнайы бағдар бойынша соқпақтармен жүріп, құстарды тамашалап, суретке түсіріп қана қоймай, оларды жемдеуіне де мүмкіндік жасауға болар еді. Көл айналасында бизнес нысандары мен инфрақұрылым пайда болар еді. Мұндай практика әлемнің Жапония, Гонконг, Корея сынды тағы да басқа дамыған елдерінде кеңінен жолға қойылған. Экологтар бұл жобаның құнын шамамен 50-100 миллион теңгеге бағалап отыр.Нұрлан ҚОСАЙ