Көкшетауда Сарыарқа шағынауданындағы 9/8 тұрғын үй иелерінің жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Ондаған жылдар бойы баспана кезегінде тұрғандар енді аламыз дегенде тағы бір мәселе алдынан шыққан. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне есепшот ашып, қаражат жинағандар үйді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алған. Жақында қалалық тұрғын үй-құрылыс бөлімінен хабарласып, «Баспанаға ие болдыңдар» деген хабар жеткізген. Қуанышы қойнына сыймаған үй иелері ипотеканы рәсімдеп те алыпты. Алайда күні бүгінге дейін баспаналарының кілті қолдарына тимеген. Ал ай сайынғы ипотекалық несиені төлеуді бастап та кеткен.
«Ипотеканы төлеп бастаған пәтеріміздің кілтін ала алмай жүрміз»
Облыс орталығында жаңадан салынып жатқан бұл шағынауданда тұрғын үйлердің сапасына қатысты бұған дейін де тұрғындардың наразылығы болған. Жақында ипотека рәсімдеген бұл үй тұрғындары да жергілікті билік өкілдеріне шағымдарын бірнеше мәрте айтыпты. Бірақ әкімдіктің тиісті органдары тұрғындарды біріне-бірі сілтепті. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы конкурс болып, бізге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен «баспанаға ие болдыңыздар, ипотека рәсімдеңіздер» деп хабарласты. Төбеміз көкке екі-ақ елі жетпеді. Қатты қуандық. Бірақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Өйткені әлі күнге дейін пәтердің кілтін ала алмай жүрміз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарлассақ, «сәл күтіңіздер, кейіндеу тапсырамыз» деп телефон тұтқасын қоя салады. Олардың айтуынша, үйге жарық қосылмаған. – Онда үй толық аяқталмаса, бізге неге ипотека рәсімдетеді, – дейді өзін Гүлмира деп таныстырған Көкшетау қаласының тұрғыны. Болашақ көршісінің сөзін осы үйден пәтерге ие болғандар да қостай жөнелді. «Бізге күтіңдер дейді. Қалай күтеміз? Жылдар бойы енді жеттік дегенде осындай қиындыққа тап болдық. Бізге не үшін пәтеріміздің кілтін бермейді? Ипотекалық несиемізді төлеп жатырмыз. Бізге жаңа жылға дейін баспанамызды беруге үлгереміз деп уәде берген. Алайда әлі де пәтер жалдауға бір, онымен қоса үйдің ипотекасына екі төлеп жатырмыз. Өзім тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне күнде хабарласамын. Олар тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі деп бізді сонда жібереді. Әбден сандалып, не істерге білмей дал болып отырмыз», – дейді Айнұр есімді қала тұрғыны.«Электр жарығының қуат көзін ауыстыру керек»
Мәселені Көкшетау қалалық әкімдігінен анықтап білмек болдық. Қала әкімінің орынбасары Ербол Төлеуовтың айтуынша, тұрғын үй иелерінің қоныстанбауына жарық мәселесі себеп болған. – «Сарыарқа» шағынауданындағы 9/8 мекенжайындағы 30 пәтерлі баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілген. Баспана тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері және толық емес отбасылар сияқты арнайы жеті санат бойынша ұсынылған. Қазір құрылыс бөлімі тапсырыс берген үйде орнатылған уақытша жарықты тұрақты электр жарығы жабдығына ауыстыру процесі жүріп жатыр. Негізінен, барлық жұмысты аяқталған. Тек осы жарықты тұрақты ету қажет. Содан кейін келер аптаның басында құрылыс бөлімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне баспананы тапсырады. Алдағы дүйсенбіде пәтер кілтін үй иелеріне тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазір өзім аталған тұрғын үйге барып, жағдайды өз көзіммен көруге барамын, – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов.«Сырлау, сүрту жұмыстары қалды»
Тұрғын үйге тапсырыс берген құрылыс бөлімі басшысымен де тілдесіп көрдік. – Мердігер «Еңбек Аршалы» компаниясы қазір аздаған кемшілікті түзетіп жатыр. Алдағы дүйсенбіге дейін толықтай аяқтауы тиіс. Жаңа ғана сол тұрғын үйге барып келдім. Үйдің ішінде сырлап, сүртетін жерлер қалыпты. Жаңа үй болғандықтан, терезенің айналасында жарылған тұстары бар екен. Сондай-ақ электр жабдықтарын тұрақты қуат көзіне ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бір-екі күн ішінде бітіріп, тұрғын үй иелеріне пәтер кілтін табыстамақпыз, – дейді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Рүстем Сәдуақасов. Тиісті орган басшылары осылай деп мәселенің жақында шешілетінін жеткізді. Алайда тұрғындар әлі де болса пәтер кілтінің жуық арада берілетініне күмәнмен қарайды.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы