Алаяқтық банк картасынан басталды
Алаяқтық банк картасынан басталды
212
оқылды

Қаржы пирамидасын құру­шылар ақша салатын банк кар­точкасын өз атына рәсім­демей­ді. Қарағанды облысын­да бір азамат аңғалдығымен қаржы пирамидасын ұйым­дастырушылардың бірі бол­ғанын білмей қалған.

Қарағанды облысында 45 мил­лион теңгені қалтасына басты де­ген айыппен 4 азамат ұсталды.  «Биз­нес Лайн» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар қаражатты банк карталарына қабылдап, 5 күн ішінде 50 пайыз үстемемен қай­тару­ға уәде берген. Полицияның мәліметінше, 4 күдікті өткен жылдың маусым айы­нан тамыз айының соңына дейін «Биз­нес Лайн» атты қаржы пи­рамидасын құрған. Олар банк кар­таларына қолма-қол ақша сал­дырып, 5 күн ішінде 50 пайыздық үстемемен қайтаруға уәде береді. Алайда кейін түскен ақша қай­тарылмайды. «Қазір Қарағанды облысы тұр­ғындарынан 34 өтініш келіп түсті. Еліміздің 14 өңірінен барлығы 114 жәбірленуші анықталды. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар келтірген зиянның болжамды со­масы шамамен 45 миллион теңгені құрайды. Қылмыстық кодекстің 217-бабы, 3-бөлігі «Қаржы пи­рамидасын құру» бойынша қыл­мыстық іс қозғалды. Күдіктілердің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша тергеу жалғасуда», – дейді Қарағанды об­лысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сәтін салғанда, «Бизнес Лайн» қаржы пирамидасын құрғандар ұсталды.  жәбірленуші­лер шағым­данып, ақша аударғандарын дәлел­дей алады. Ал қарағандылық бір азамат осындай пирамида құрушылардың қатарына қосылып кеткенін кейін білген. Пирамидаға сеніп, ақша салушы ретінде алданса бір жөн. Ұйымдастырушы ретінде қалың жұртқа қалай қарыз болғанын өзі де кеш біліп, сан соғып отыр. С. деген ақсақал – ауылда малын бағып, еңбегінің зейнетін көріп отырған қария. Қаржы пирамидасынан хабары жоқ. Адал еңбекпен тапқан малдың жайын күйттеп, немересін бағып, қамсыз жатқан ақсақал. Елге сыйлы, бір әулеттің тұтқаұстары. Күндердің күнінде қарияға балалары төлем жасап, ақша аударуға ыңғайлы деп KaspiGold карточкасын ашып береді. Ауыл адамына бұл таңсық дүние, дегенмен қолданбағаннан кейін ақсақал карточканың бар екенін ұмытып та кетеді. Сол карточка бүгінде кенеттен пайда болып, оның ішінде миллиондаған қаржы айналып, қарияны істі қы­лып, бір әулетті әуреге салып қой­ды. Ақсақалдың бір баласы жақын досынан жұрттың бәрі аз уақытта ақшасын еселеп жатқанын естиді. Бұрыннан таныс, шаңырағында талай рет дәм татқан, жақын ара­ласқалы біраз болған. Ол да қар­жыдан қиналып жүрген жас от­басынан көмегін аямайды. Келген сайын базарлығын үйіп-төгіп әкеледі. Жақын туысы жасамаған жақсылықты жасайды. Мұндай қамқорлыққа көңілі жібіген жас жігіт досының айтқанына сенеді. Басында өзі азын-аулақ ақшасын салады, үстінен пайда көреді. Оны сүйіншілеп, туыстарына хабар­лайды. Олар да жапа-тармағай ақша салуға көшеді. Жұрт ақ­сақалдың өтірік айтпайтын, кісі ақысын жемейтін баласына сенеді. Ол досының айтуымен таныс­тарына әкесінің карточка нөмірін береді. Досына көзсіз сенеді. Кейін үстеме ақша сап тыйылғанда, досы да жоғалады. Бүгінде ақсақал қаржы пи­рамида­сына байланысты ашылған қылмыстық істе басты күдікті. Алаяққа алданып қалған жанның барлығы ақшасын сол кісінің карточкасына салған екен. Банктен түбіртек шығарғанда айналған қаржының көлемі 90 миллионның төңірегінде болғанын көргенде естерінен танып қала жаздайды. Бүгінде ақшасы қайтпаған жанның барлығы берешегін ақсақалдың ұлынан сұрайды. Оның қалтасы тесік, өзі қарызға белшеден батқан, кірерге тесік таппай жүр. Жұрттың қаражатын қайтаруға тұқым-жұрағаты түгел жиналып жылу жинаса да жетпейтін деңгейде. Осылайша, қаржы пирамидасы бір отбасын құрдымға құлатып, қан­шама жанның көз жасын жазықсыз жанның мойнына іліп қойды. Өткен жылдың күзінде ғана Қарағандыда «Крутой» атты қаржы пирамидасын жасады деген күдікпен 58 жастағы әйел ұсталды. Оған бизнеспен айналысатын азамат үстінен пайда табамын деп алданып, 9 млн теңгесін ұстата салған. Соңынан бір жыл жүгіріп, ақырында өз ақшасына жете алмаған соң полицияға шағым­данды. Былтыр күзде Қарағанды об­лысы бойынша Экономикалық тер­геу департаментінің қызмет­керлері тағы бір қаржы пирамида­сын анықтады. B2B Jewelry деп аталатын қаржы пирамидасы зер­герлік бұйымдар салонының атын жамылған.  Қаржы пирамидасы елдің басқа да облыстарындағы зергерлік дүкендер желісі аясында жұмыс істеген. Кіру жарнасы 180 мың теңгені құраған. Қылмыстық схемаға сәйкес жеке тұлғалар компания филиалдарында «кэш­бек» түрінде сыйақы алып, 15 мың­нан 3,5 млн теңгеге дейінгі сомаға қағаз сертификаттар сатып алған. Қазақстанда қаржы пирамида­ларының қызметіне заңмен тыйым салынған. Сондықтан алаяқтар оларды заңды бизнес ретінде жасы­рып, сауда-саттықпен байланыс­тырады. Одан 2 жыл бұрын Қарағандыда «Финансоптогруппа» атты қаржы пирамидасының директоры Елена Колесникова қамалды.  Салым­шылар «Оптовкаға» кем дегенде 50 мың теңге салып, бір аптаның ішінде 7 пайызға көбейтіп алып отырған. Компания жиналған қаражатқа ыдыс-аяқ, жиһаздар алуды да ұйымдастырған. Жазда құрылған компанияның қаржысы күзде 3 миллиард теңгені құрайды. Бір қызығы, Е.Колесникованы қамап жатқанда салымшылардың барлығы құқық қорғау органдарына қарсы шықты. Халық кедергісіз пайда тауып отырған олжадан айырылғысы келмеді. Полицей­лердің айтуынша, Е.Колесникова ашқан компания 752 адамды тақырға отырғызған. 2017 жылы сот Е.Колесниковадан 385 млн теңгені салымшылар пайдасына өндіртуді жүктеп, 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Дегенмен Е.Колесникова темір тордың ар жағынан мерзімінен бұрын, биыл шықпақ. Оның тергеуде болған бір күні бір жарым тәулікке теңес­тіріліп, уақытынан бұрын шығуы мүмкін. Қарағандыда қаржы пирамида­сына алданып, тұзағына түскендер сотқа шағымданып, жауапқа тар­тылуда. Дегенмен жеңіл байлықты армандағандар бұл оқиғалардан сабақ алар емес.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ,  Қарағанды облысы