Алматы бюджетінің негізін кәсіпкерлік саласы құрайды. Пандемия алып шаһардың кәсіпкерлік нысандарына ауыр тиді. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, өткен жылы қала шағын және орта бизнес нысандарынан түсуі тиіс 100 миллиард теңгеден қағылды.
Оның сөзінше, уақытша жұмысын тоқтатқан немесе бағдарларын өзгертуге мәжбүр болған бизнес нысандарына қатысты нақты статистика жоқ. «Біз көктемнен бері ай сайын жүргізілетін сауалнамаларды басшылыққа аламыз. Өнеркәсіп саласында ешқандай кәсіпорын жабылған жоқ. Жағдай өте күрделі болған жаз айларында 1 500 кәсіпорын 15%-ға дейін жұмысын тоқтатқан еді. Жұмыс орындарын қысқарту болды. Соңғы сауалнамалар бойынша жұмыс істеу орындары жалға берілді немесе жұмысына қайта кірісті. Біздің ойымызша, өндіріс өнеркәсіптерінің көп дегенде 5%-ы жұмысын қайта бастамады, олар шағын цехтар. Саудада және қызметтерде шағын бизнестің кейбір нысандары жұмысшылар құрамын оңтайландырды деген бағалау бар», – деді ол. Мысалы, бір ғана қоғамдық тамақтану саласын алсақ, елімізде өткен жылы тамақтану нысандарының 30 пайызы жабылған. Көбі 10-20 пайызға бағаларын көтерген. «Қазақстан рестораторлар клубы» қауымдастығының президенті Гүлнар Қатыбаеваның айтуынша, мейрамхана бизнесі жалақы, коммуналдық қызмет және жеткізілім төлеміне қарыз. «Карантин кезінде барлық ірі қаладағы мейрамханалар өз бастамасы бойынша медқызметкерлер мен полицейлерді, аз қамтылған отбасыларды тегін тамақтандырды. Бұл жағдайды екі айға ғана жалғасады және кейін бұрынғы өмірімізге қайта ораламыз деп ойладық. Сондықтан да дәрігерлерге көмектесу керек деп шешіп, 1 300 дәрігерді екі жарым ай бойы тамақтандырдық. Енді біздің өзімізге көмек керек. Карантин шығындарына келер болсақ, караоке қауымдастығы 20 миллиард теңге шығынға ұшырағанын айтып отыр. Ал кинотеатрлар 7 миллиард теңге шығынға ұшырады. Мейрамханаларды есептеген жоқпыз, олар ішінара жұмыс істеді», – дейді маман. Оның сөзіне қарағанда, банкет залдары өз шығын деректерін әлі бермепті. Ал сабақтың онлайн болуына байланысты мектеп асханалары да әлі жұмысын бастай алмай отырған жайы бар. «Деректерге қарағанда, Алматыда мейрамхана, кафе, барларда 300 мың жұмыс орны бар. Карантин кезінде олардың 70 пайызы үйде отыруға мәжбүр болды. Олар біртіндеп жұмыстарына кірісіп жатыр. Осы жерде айта кету керек, мониторинг тобының тексеруінен кейін айыппұл арқаламаған нысан жоқ. Мейрамханалар 80 пайызға дейін ақша айналымын жоғалтты. Караоке, фудкорттар, банкет залы, бильярд клубтары 100 пайыз ақша айналымынан айырылды. Осы салалардағы нысандардың 30 пайызы жабылды. Тағы 20 пайызы жабылуы мүмкін деп қауіптенеміз», – дейді Гүлнар Қатыбаева. Алматыда карантин кезінде мейрамханалар мен кафелерде отырғызу саны 80-100 пайыздан 30-50 пайызға дейін төмендеген. Өйткені талап солай болды. Елімізде рестораторлардың үштен бірі қызметкерлерін 30-40 пайызға қысқартуға мәжбүр болған. Мейрамхана мен кафе қожайындарының 20 пайызға жуығы жұмыс орнын 10-20 пайызға қысқартқан. Ал 6 пайызы жұмысшыларының жартысынан астамын, 2 пайызы 70-80 пайызын қысқартқан. Өткен жыл рестораторлар үшін өте қиын болды. Пандемияға дейін Қазақстанда 18-19 мың мейрамхана, бар, кафе жұмыс істеген. Қазір оның 60 пайызы жұмысын тоқтатқан, 20 пайызы тіпті жабылып тынды. Ең қызығы, пандемия кезінде елімізде 950-ге жуық жаңа мейрамхана мен кафе ашылған. «Қазақстан рестораторлар клубының» зерттеуі бойынша, ірі қалаларда кофехана мен барлардың жұмысына сұраныс артқан. Ал өзге қалаларда пиццерия сияқты бір бағытқа негізделген тамақтану о5отыр», – дейді бар қожайыны Мәдина Момынбекова. Алматыда қазір қоғамдық тамақтану нысандарынан фудкорттар, банкет және салтанат залдары, ойын-сауық орындарынан бильярд, караоке, боулинг орталықтары, компьютер клубтары, түнгі клубтар, жабық нысандардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтарының жұмысы әлі тоқтап тұр. Сондай-ақ бұқаралық іс-шаралар өткізуге, атап айтқанда спорттық іс-шаралар; форумдар, конференциялар, семинарлар, жиналыстар өткізуге рұқсат берілген жоқ. Осыдан бірер күн бұрын Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов «Қаңтар айынан бастап пилоттық жоба жоспарлануда – жабық қалған 9 сала қызметінің барлық түрі пайдалануға берілмек және олар үшін жеке алгоритмдер әзірленетін болады. Барлығы мемлекет пен бизнес арасындағы адалдық пен сенім қағидаттарына негізделеді. Сондықтан қолданыстағы нормаларды толығымен сақтауға шақырамыз және тиісті келісімдер аясында барлық қызмет түрін біртіндеп іске қоса- мыз», – деді. Демек, алдағы күндері пандемия салдарынан айлар бойы жұмысын тоқтатып тұрған алматылық кәсіпкерлердің жаңа жүйеде жұмыс істеп дағдылануына тура келіп тұр.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ