Елордада Қазақстан теннис федерациясы отандық жас теннисшілер арасында 2019 жылдың үздіктерін марапаттады. Жыл сайын өткізілетін іс-шараның биылғы жеңімпаздары аймақтағы федерация филиалдарының дауыс беру нәтижесінде анықталды.
Айта кететін жайт, аталған іс-шара бойынша 12, 14, 18 жасқа дейінгі теннисшілерге, сондай-ақ ең үздік жаттықтырушы мен ең үздік өңірлік федерация филиалдарына арнайы сертификатпен бірге қаржылай сыйлық табысталды.
12 жасқа дейінгі ұлдар арасында қарағандылық Амир Омарханов, қыздар арасында алматылық Полина Слепцова ең үздік теннисші атанды. 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында Максим Батютенко, қыздар арасында Карина Жұмажанова үздік деп танылды. Ал 18 жасқа дейінгі өрендер арасында Гальфингер Ротислав пен Татьяна Николенко топ жарды.
Ең үздік жаттықтырушы атағына қарағандылық Петр Нестеров ие болды. Үздік теннис мектебі немесе жаттықтырушылар тобы ретінде Алматыдағы «Қазақмыс» теннис мектебі марапатталды. Алматы, Шығыс Қазақстан облысы және Ақтөбе облысы турнир ұйымдастыру бойынша үздік филиал атанды. Үздік деп танылған барлық спортшыға 500 мың теңге, ал жаттықтырушыларға 750 мың теңге қаржылай сыйақы берілді.
«Тенниске 6 жасымда келдім. Өте қатты ұнайды. Бұл жетістігіме биыл Ақтөбе қаласында өткен ITF (халықаралық теннис федерациясы) шеңберінде өткен турнирдегі жеңісім себеп болды. Турнирде астаналық қызды ұтқан едім. Болашақта ресейлік Мария Шарапова сияқты теннисші болғым келеді. Көктемде АҚШ-қа барғанда Шарапованың жаттығатын теннис академиясында дайындалған едік. Атақты теннисшіні көріп, суретке түсіп, өз қолынан қолтаңба алдым», – деді 14 жастағы алматылық жасөспірім Карина Жұмажанова.
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараевтың сөзіне сенсек, елімізде қазіргі таңда 10 мыңға жуық бала тенниспен айналысады. Осы санды 15 мыңға жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар өз сөзінде Диас Досқараев теннисті Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді ету федерацияның басты мақсаты екенін айтты.
Қазіргі таңда Қазақстанның теннис федерациясы бастамасымен жүзеге асып жатқан бірнеше жоба бар. «10 жасқа дейінгі теннис» бағдарламасы бойынша балалар теннисін дамыту қолға алынған. Team Kazakhstan академиясы әлемдік тәжірибе бойынша жұмыс істеп жатыр. Оған қоса теннисті аймақтарда дамыту, жаттықтырушылар мен инструкторлардың білігін сертификациялау, судьяларды әзірлеу бағдарламасы және әуесқойлар арасында теннисті дамыту бар.
Ерік ИЛЬЯСОВ