Ең үздік жас теннисшілер
Ең үздік  жас теннисшілер
313
оқылды

Елордада Қазақстан теннис федерациясы отандық жас теннисшілер арасында 2019 жылдың үздіктерін марапаттады. Жыл сайын өткізілетін іс-шараның биылғы жеңімпаздары аймақтағы федерация филиалдарының дауыс беру нәтижесінде анықталды.

Айта кететін жайт, аталған іс-шара бо­йынша 12, 14, 18 жасқа дейінгі тен­нис­шілерге, сондай-ақ ең үздік жат­­тықтырушы мен ең үздік өңірлік фе­дерация филиалдарына арнайы сертификатпен бірге қаржылай сыйлық табысталды.

12 жасқа дейінгі ұлдар арасында қа­рағандылық Амир Омарханов, қыз­дар арасында алматылық Полина Слеп­цова ең үздік теннисші атанды. 14 жас­­қа дейінгі ұлдар арасында Максим Батю­тенко, қыздар арасында Карина Жұмажанова үздік деп танылды. Ал 18 жасқа дейінгі өрендер арасында Галь­фин­гер Ротислав пен Татьяна Нико­лен­ко топ жарды.

Ең үздік жаттықтырушы атағына қа­рағандылық Петр Нестеров ие бол­ды. Үздік теннис мектебі немесе жат­­тық­тырушылар тобы ретінде Алма­ты­­дағы «Қазақмыс» теннис мектебі ма­рапатталды. Алматы, Шығыс Қазақ­стан облысы және Ақтөбе облысы тур­нир ұйымдастыру бойынша үздік фи­лиал атанды. Үздік деп танылған бар­лық спортшыға 500 мың теңге, ал жаттықтырушыларға 750 мың теңге қаржылай сыйақы берілді.

«Тенниске 6 жасымда келдім. Өте қат­ты ұнайды. Бұл жетістігіме биыл Ақ­төбе қаласында өткен ITF (ха­­лықа­ра­лық теннис федерациясы) шең­бе­рін­де өткен турнирдегі жеңісім себеп бол­ды. Турнирде астаналық қызды ұт­қан едім. Болашақта ресейлік Мария Шарапова сияқты теннисші болғым келе­ді. Көктемде АҚШ-қа барғанда Ша­рапованың жаттығатын теннис ака­де­­миясында дайындалған едік. Атақты тен­нисшіні көріп, суретке түсіп, өз қолы­­­нан қолтаңба алдым», – деді 14 жас­­та­ғы алматылық жасөспірім Карина Жұма­­жанова.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараевтың сөзіне сенсек, елімізде қазіргі таңда 10 мыңға жуық бала тенниспен айна­лы­сады. Осы санды 15 мыңға жеткізу жос­­парда бар. Сонымен қатар өз сөзінде Диас Досқараев теннисті Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді ету федера­ция­ның басты мақсаты екенін айтты.

Қазіргі таңда Қазақстанның теннис федерациясы бастамасымен жүзеге асып жатқан бірнеше жоба бар. «10 жас­­­қа дейінгі теннис» бағдарламасы бо­йын­­­ша балалар теннисін дамыту қолға алын­­ған. Team Kazakhstan академиясы әлемдік тәжірибе бойынша жұмыс істеп жатыр. Оған қоса теннисті аймақ­тар­да дамыту, жаттықтырушылар мен инс­трук­­торлардың білігін серти­фи­ка­циялау, судья­ларды әзірлеу бағдарламасы және әуес­қойлар арасында теннисті дамыту бар.

 

Ерік ИЛЬЯСОВ