Партияның мерекеге тартуы
Партияның мерекеге тартуы
177
оқылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Nur Otan партиясының Орталық аппаратында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени да­муына қосқан елеулі үлесі, жемісті қоғамдық қызметі үшін партияның белсенді мүшелері мемлекеттік және партиялық наградалармен марапатталды.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аға буын өкілдерін егемендігімізді сақтап, елдігімізді нығайтып, еңсемізді тіктей аламыз ба деген ойлар мазалағаны рас. Сол кезде кәсіпорындар жабылып, жаппай жұмыссыздық орын алды. Халықтың тұрмыс-тіршілігі ауыр болды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығы мен өз халқына деген қалт­қысыз қызметінің арқасында аз уақыт ішінде қиындықтарды еңсере білдік. Қажетті нарықтық реформалар жүргізіліп, 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Барлық халықаралық қауымдастық мойындаған мемлекеттік шекарамыз бекітілді. Мың­даған шақырым жол мен мектептер, ауруханалар салынды. 90-жылдары қазақстандықтардың үштен бірінен астамы кедейлік шегінде өмір сүрсе, бүгінде бұл көрсеткіш 4,6% -ға дейін төмендеді. Біз бүгін ең қасиетті мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттілігіміздің да­муына, қоғамдық татулық пен тұрақ­тылықты, ауызбіршілікті сақтай отырып, Елбасының мемлекеттік бағыты төңіре­гінде топтасуға атсалысқандарды құт­тықтауға жиналдық, – деп атап өтті Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек марапатталғандардың арасында Қарағанды облысындағы шалғай жатқан Тікенекті ауылының 82 жастағы тұрғыны Миниагзам Авляримовты ерекше атап өтті.

Жарты ғасырдай ДТ-75 тракторын тізгіндеген қария ауыл тұрғындарына күн сайын көмек қолын созуға әзір. Жазда барлық мұқтаж ауылдасына қысқы мал азығын жинауға, шөп шабуға жәрдемдеседі. Өзендегі судың деңгейін бақылап, бөгет­тердің бұзылмауын қадағалап жүреді. Ал қыста ауыл халқы 300 шақырымнан асатын қашықтағы аудан орталығына қиналмай жетуі үшін жолдарды қардан тазартады. Осының барлығын ақсақал тегін жасайды. Ешкімнен, ешқандай ақы алған емес. Осындай істері үшін ауыл балалары оны «Сарыөзендік супермен» деп атап кетті.

Қария туралы жаңалықтардан естіп-білген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сарыөзендік суперменді» «Шапағат» мемлекеттік медалімен мара­паттауды арнайы тапсырды.

– Күш-жігерім бар кезде жұмыс істей беремін. Отаның мен халықтың игілігі үшін талмай еңбек етсең, күш-қуатың да сарқылмайды. Осыдан 60 жыл бұрын Сарыөзен совхозына тракторшы болып жұмысқа орналастым. Қазір бұл ауыл Тікенекті деп аталады. Осы ауылда отбасын құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірдім. Өзімнің DT-75 тракторымды «Дос-Темір» деп атаймын. Бұл темір дос дегенді білдіреді. Өмірімді тракторсыз мүлдем елестете де алмаймын. Оның моторының даусы маған жүрек қағысы секілді естіледі. Ешқашан атаққа ұмтылып, ешкімнен марапат сұрап көрмеппін. Бар ойым – адал еңбек жолыммен жастарға үлгі бола білу, – дейді Миниагзам ата.

Салтанатты рәсім барысында ел Прези­дентінің атынан «Құрмет» орденімен «Болашақ» корпоративтік қорының төрайымы Динара Шайжүнісова марапат­талды. «Кедергісіз келешек» партия­лық жобасының аясында Қор еліміздің барлық 17 аймағында инклюзивті білім берудің 43 кабинетін ашты. Инклюзия саласына бейімделген 420 арнайы жұмыс орны ашылды. Ерекше қажеттілігі бар ба­лалардың құқықтарын қорғау мақсатында, тек «Болашақ» қорының мүшелері заң­намалық актілерге инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері бойынша 60-тан астам сапалы ұсыныс пен түзету енгізді.

«Қассиетті жол» қоғамдық қорының негізін қалаушы Динара Закиева да «Құрмет» орденіне лайық деп танылды. Ол басқара­тын ұйым сал ауруына шалдыққан балаларға қолдау көрсетуге қатысты бір­қатар сәтті жобаларды жүзеге асырды. «Бақытты отбасы» және «Кедергісіз келе­шек» партиялық жобалары аясында көп­балалы отбасылар мен ерекше қажеттілігі бар жандарға бірлескен қолдау көрсетіліп келеді.

«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі «ДОС» Тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қауымдастығы директорының орынбасары Ардақ Оторбаевқа табысталды. Бірнеше ай бұрын ол арбадағы би халықаралық тур­нирінде күміс медаль жеңіп алған еді.

 

Клара НАҚЫП