Сайлау науқаны – қызық та күрделі процесс. Мұны біз сайлаудың басы-қасында жүргендердің әңгімесінен байқадық. Әрі сайлау күні алғаш рет дауыс беріп, байқаушы, комиссия мүшесі сияқты жауапты қызметте жүргендер мән-жайды түсіндіріп берді. Олардың сөзіне сүйенсек, биыл сайлаушылар белсенді. Біршама жасқа келсе де, алғаш рет дауыс бергендер көп екен. Жалпы, халық сайлаушы ретінде құқығы мен міндетін толық орындауға тырысқан.
Алматы қаласында халық сайлауға салғырт қараған. Шаһардағы №532 сайлау учаскесінде байқаушы болған Мадияр Арыстанбаев түске дейін барлық сайлаушының 7%-ы ғана дауыс бергенін айтты. Ал ауыл-аймақта, солтүстік өңірлерде жұрт сайлауға ынта-шынтасымен қатысқан. Туғанай МҰРАТҚЫЗЫ, жас сайлаушы:Сайлаудан сыйлық алдым
– Жалпы, сайлау жайлы білетінім аз. Тек партия сайлауы болып жатқанын білдім. Әлеуметтік желіде жүрген үгіт-насихат арқылы таңдауымды жасадым. Шиелі ауданы Еңбекші ауылындағы №297 сайлау учаскесіне сағат 10-да бардым. Бұл – менің алғашқы сайлауым. Сол үшін аздап қобалжыдым. Дауыс беріп болған соң комиссия мүшелері ең жас сайлаушы ретінде сыйлық берді. «Сайлауға ерте барғандарға сыйлық береді» дегенді еститінбіз. Ал жас сайлаушыларға сыйлық беретінінен хабарсызбын. Байқауымша, барлығы ережеге сай өтті. Адамдар лек-легімен келіп, дауыс беріп жатты. Өз басым алғаш рет дауыс бергеніме, азаматтық таңдау жасағаныма қуаныштымын. Өйткені біздің дауысы- мыз – еліміздің болашағы. Қанат БАЙҰЗАҚОВ, сайлаушы:Учаскеге таңмен таласа бардым
– Жасым 27-де болса да, алғаш рет сайлауда дауыс бердім. Бұған дейін түрлі себепке байланысты сайлауға қатыса алмадым. Бұл жолы өзімнің туған қалам Кентауда болуым әсер еткен болар. Ұялы телефоныма хабарлама келген соң дауыс беруге бардым. Таңғы сағат 7-де №53 сайлау учаскесіне Әнұран ойналған соң алғашқы болып дауыс бердім. Комиссия мүшелері таңғалып, алғашқы дауыс беруші деп қол шапалақтап, алғысын білдірді. Ал таңдау жасағанда белгілі бір факторлар әсер етті. Бала кезден ауылда өскендіктен болар және қазақ спортының дамуына ерекше үлес қосқан журналист Несіп Жүнісбайдың партия құрамында болуы сайлауда дауыс беруге құлшындырды. Нұрбол АРНАБЕК, сайлау комиссиясының мүшесі:Жауапкершілігі жоғары міндет
– Комиссия мүшесі болған қиын әрі қызықты міндет екен. Мұндай жауапкершілік алғаш рет жүктелген соң аздап толқыдым. Таңғы сағат 6-да № 694 сайлау учаскесіне келдік. Сағат 7-де дауыс беру басталды. Барлығы 1 сайлау жәшігі тұрды. Қайталап ауыстырғанымыз жоқ. Шамамен 900 адам дауыс берді. Меніңше, сайлаушылардың арасында жастардан гөрі орта жастағылар басым болды. Бар қызық бюллетеньдерді санайтын тұста басталды. Дауыс санау түнгі 2-3-ке дейін жалғасты. Ал нәтижесінен дүйім ел хабардар. Мадияр АРЫСТАНБАЕВ, байқаушы:Жастар белсенді дауыс берді
– Осыдан бірнеше жыл бұрын байқаушы болуға ұсыныс түскен. Сол уақытта Шығыс Қазақстан облысында лицейде мұғалім едім. Белгілі бір себепке байланысты байқаушы болудан бас тарттым. Осы жолы Алматы қаласында байқаушы болуға ұсыныс түсті. Келістім. Алматыдағы №532 сайлау учаскесінде таңертең сағат 7-ден күндізгі сағат 3-ке дейін байқаушы қызметін атқардым. Ол учаскеде 2 456 адам болған екен. Түскі сағат 2-ге дейін сайлаушылардың 7-ақ пайызы келді. Байқағаным, 60 жасқа дейінгі кісілердің сайлауға дауыс берудегі қателігін жиі байқадым.Мәселен, әйел адам жаныма келіп, «екі партияға дауыс беруге бола ма?» деп сұрағанда таңғалдым. Қайда салатынын, қалай белгілейтінін білмегендер кездесті. Халықтың қарапайым ғана ережелерді білмегені таңданыс тудырды. Содан кейін аталған сайлау учаскесінде жастар белсенді дауыс берді. Жастардың таңдау жасағанына, белсенділік танытқаныма қуандым. Жалпы алғанда, ешқандай құқықбұзушылық, дауыс ұрлау, бюллетеньдерді жәшікке уыстап тастау дерегі тіркелген жоқ. Мақпал МЫСА, депутаттыққа кандидат:Өзгеріске елдің ынтасы зор
– Бұл сайлау – бұрынғыдан көп жағынан өзгерек. Мен үшін сайлау науқанына қатысудың өзі үлкен мектеп болды. Партияның өзі іштей түбегейлі реформаға шын кіріскенін сезіндік, көрдік. Бұл сайлаудан байқалған ең басты мәселенің бірі – ел тағдыры қазақтілді аудиторияда екенінің анық байқалғаны. Жалпы, барлық партияның бағдарламасында руханият пен мәдениеттің айтылуы – бұл да елдің сұранысы мен талабының сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. «Nur Оtan»-ға елдің сенім білдіруі – сырт көзге оп-оңай, қалыпты нәрсе сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл жеңістің артында қаншама жанкешті еңбектің жатқанына шын куә болдық. Праймериз кезінде де, сайлауалды науқан кезінде де бүкіл республика бойынша әр аудан мен ауылдарға барып, аралап шықтық. Халыққа бағдарламамызды түсіндіріп, сұрақтарына жауап бердік. Өзгеріске елдің ынтасы зор. Ең бастысы, сенім білдірді. Ал бұл бағдарламаның тиянақты, сапалы, дәйекті, сенімді болуының басты себебі – партияның қаншама жыл бойы жасап келе жатқан жұмысы, тәжірибесі екені дау келтірмейді. Ол – ауыл-ауылдағы, қалалардағы қарапайым қызметкерлердің, дәрігерлердің, мұғалімдердің маңдай терімен келген еңбегінің нәтижесі. Бұл жеңіс – сол миллиондаған еңбек адамдарының жеңісі. Баршамызға құтты болсын!Айзат АЙДАРҚЫЗЫ