Весовая, Крестовский елдімекенінің азаматтары белгісіз біреулер үйлерінің есігін бұзып, өртеп кеткендерін айтады. Тұрғындар мұны қалаға көшуден бас тартқандарымен байланыстырады. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Жезқазған, Ұлытау, Сәтбаев қалаларының маңындағы ауыл тұрғындарын пайдалы қазбаларды өндіру үшін көшіру жоспары осыдан 9 жыл бұрын жүзеге асырыла бастады.
Крестовкий ауылының тұрғыны Николай Случиктің жалғыз үйі өртенген. Баспанасы отқа оранған сәтте үй иесі жұмыста болған. Оның айтуынша, өртке дейін жергілікті әкімдік өкілдері оған бұл елдімекеннен Сәтбаев қаласынан бір бөлмелі пәтер алу шартымен көшуді сұраған. Алайда үй иесі шаршы метрі аз болғандықтан бұл ұсынысқа келіспеген.
https://youtu.be/aEIxyOtOswM
Крестовский ауылының тұрғыны Николай Случик: «Мені бұл жерден көшірмекші. Маған бір бөлмелі пәтер бермек. Бірақ менде бұл жерде үш бөлмелі үй тұр. Үйімді өртеп кетті. Түгі қалмады. Енді қайда барарымды білмеймін», – дейді.
Көршілес Весовая ауылында белгісіз біреулер тұрғындар жоқта есіктерін бұзып кеткен. Айтуларынша, жұрттан әкімдік жуық арада көшуді сұрағаннан кейін осындай келеңсіздік болған.
[caption id="attachment_102589" align="aligncenter" width="1024"] Фото: Видеодан алынған кадр[/caption]
Бұл мәселеге қатысты Сәтбаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі: «Келісу рәсімдерін жүргізу кезінде азаматша Сағымбаеваға оның үш бөлмелі пәтерінің орнына 3-қабаттағы 2 үш бөлмелі пәтер ұсынылды. Алайда азаматша Сағымбаева ол пәтерлерден бас тартты. Қазіргі тұрып жатқан пәтерінің есігін бұзу фактісі бойынша полиция бөліміне хабарласу ұсынылды. Қазіргі уақытта онымен келісу рәсімдері жалғасуда», – деп жауап берді.
Қазір қаңырап бос қалған елдімекендерде қоныс аударудан бас тартқан санаулы ғана тұрғын қалған. Пайдалы қазба өндірілуіне байланысты Весовая, Крестовский және Перевалка ауылының тұрғындары тегіс көшірілуі керек.
2012-2020 жылдар аралығындағы қоныс аудару жоспар бойынша былтыр аяқталуы тиіс еді. Бұл мақсатқа осыдан тоғыз жыл бұрын бюджеттен 35 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.