Байлық салығы таптарды табыстыра ма?
Байлық салығы таптарды табыстыра ма?
234
оқылды

Елімізде байлыққа салық салу мәселесінің айтылып жүргеніне көп болды. Был­тырдың өзінде үш-төрт рет жоғары деңгейде сөз болған. Соның бірінде Президент өз пікірін біл­дірсе, соңғы тал­қылауда Ұлттық эко­номика министрлігі нақты тұ­жырым бекітуді кейінге қалдырды. Сондықтан биыл­ғы жылдың күн тәртібінде бұл мәселе та­ғы да алды­мыздан шықпақ. Өйткені еліміздегі Форбстың ті­­­­зімі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Ал кедейлік шегіне ығыс­қан­дардың ке­митін түрі көрінбейді. Со­ны­мен, бай­лыққа са­лық салу – тап айыр­­машылығын жоя ала ма? Был­­­­тырғы ай­тылған са­рап­шылардың пі­кірін са­ра­лап көрелік.

Әлеуметтік жауапкершіліктің бір тетігі

Елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы көп ай­тылады. Оған үндеу аясында қыр­уар шаруа атқарылып та жатыр. Қаншама нысандар тұрғызылып, қайырымдылық шаралары өт­кізілді. Түрлі жеңілдіктер ұсы­нылып, дәстүрлі акциялар пайда болды. Тіпті, елімізде патронаж инсти­тутына алғышарт қалып­­тасып үлгерді деуге болады. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай ғана әсер беріп отыр. Өйткені сіңірі шыққан кедейлер мен шылқыған байлардың арасы алшақтап ба­рады. Сон­­дықтан да байлыққа салық салуды әлеуметтік жауап­кершіліктің бір тетігі іспетті қа­растырған абзал. Ол бірде бар, бірде жоқ қайы­рымдылықтан гөрі тұрақты сипатқа ие болмақ. Был­тырғы айтылған пікірдің бірі – осы. «Тәуелсіздіктің 30 жылы ішін­де халықтың бай және кедей топтары арасындағы алшақтық айтарлықтай өсті. Байлық са­лығын енгізу Қазақстанда салық салудың әділетті жүйесін қа­лыптастыра алады деп есептеймін. Байларға салық салынса, ел қа­зынасына қыруар ақша түседі. Оны халықты әлеуметтік жағынан қолдауға, яғни көпбалалы, тұр­мысы төмен отбасыларға, мү­гедектерге көмек көрсетуге жұм­сауға болар еді. Жалпы, кез келген қоғамның алға ілгерілетуші тобы – байлар. Батыс елдерінде ғылыми-зерт­теулердің барлығын дерлік байлар қаржыландырады екен, ал бізде, әрине олай емес. Елімізде эли­талық топтардың өкілдері көбірек салық төлеуге келіспейтіні түсі­нікті. «Біздің адамдар байи қалса, Миланнан киініп, Лондоннан зәулім сарай сатып алып, жеке яхта, жеке ұшақ мінуге құмар. Сондықтан салықты көбірек төлеу арқылы болса да, қоғамға пайдасын тигізсін», – деді сенатор М.Бақтиярұлы. Қалай дегенде де, дәулетті жер­лестеріміздің байлығының қайнар көзі еліміздің табиғи ре­сурстары, транзиттік потен­циалы мен агро­өндірістік кешені екені рас. Сон­дықтан табыс бө­­лісудің салықтық сипатын енгізу әділетті шешім болмақ. Бұл – байлық салығын енгізуді қол­дайтын са­рап­шы­лардың ортақ пікірі. Бі­рақ жыл­дан-жылға кү­шейіп келе жатқан бұл көз­қа­растың эли­талық топ­тардың ық­палымен «тұн­­шық­тырылып» келе жат­қа­нын жоққа шығаруға болмас.

Прогрессивті шкала қайта орала ма?

Былтыр көктемде байлыққа салық салу мәселесі көтерілген кезде Мемлекет басшысы жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына қайта оралуды ұсын­ған болатын. Мұндай тәжі­рибе елімізде 2007 жылдың 1 қаңтарына дейін болған. Кейіннен тегіс шка­лаға ауыстырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкі­метке берген бұл тапсыр­масының мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. «Айына 250-300 мың теңгеге дейін табыс табатындар 7% салық төлеу керек. Ал орта тапқа қа­тысты айтар болсам, оларға бұ­­рынғысынша 10% салық қала береді. Шартты түрде айтқанда 300 мың болмаса 1,5-2 млн теңге табыс табатындар үшін қазіргі мөл­шерлеме сақталады. Ал жы­лына 25 миллион теңгеден көп табатындар үшін 10%-дан көп табыс салығын белгілеу қажет. Олардың қандай сома төлейтінін комиссия анықтайды. Бұл 13 не­месе 15% болуы мүмкін, бірақ 15%-дан көп емес», – деді Пре­зидент. Мемлекет басшысы ұсынып отырған прогрессивті шкаланың мәні – аз табыс табатындар аз, ал неғұрлым көп табыс таба­тын­дардың соғұрлым көбірек са­лық салу. Болжамды есеппен ал­ғанда, бұл 7-15% ара­­лығында. Мұндай тәжірибе әлемнің бір­қатар ел­дерінде бар. Сол кез­дегі оты­рыс­та Президент бұл мәсе­лені әлі де қоғаммен, депу­тат­тармен, ма­ман­дармен талқы­лап, оны ен­гізу немесе енгізбеу тура­лы ше­шім қа­­­­­былдайтынын айт­қан бо­латын. «Мен ол кісіні қолдаймын. Айына 300 мың теңге таба­тын­дар 6-7% төлесін, 100 мың тең­геден төмен алатындар, тіп­ті са­­­­­­­лықтан босатылсын. Ал жыл­­­­­дық табысы 25 миллион тең­геден асатын дәулеттілер үшін табыс салығын 15%-ға дейін көтеру әділ шешім болар еді. Мұндай жүйе Еу­ро­паның кей­­бір елдерінде бар. Мы­салы, Фин­­­ляндияда 100 мың еу­родан астам табысқа салынатын салық ставкасы 31,7%-ды құ­рай­ды», – дейді экономист Мақсат Халық.

Прогрессивті шкаланың теріс өлшемі

Экономист Асылхан Андашов прогрессивті шкала бюджет кі­рісін төмендетіп, салықты азай­тып жіберуі мүмкін екенін айтады. Өйткені шамадан тыс табыс та­­атындар елімізде ат төбеліндей ғана, ал орташа ең­бекақыдан тө­мен айлық ала­тындар саны одан бірнеше есе көп. Бұл қазіргі про­порциялық тепе-теңдікті бұзуы ықтимал. «Кейбір зерттеулер бойынша, пандемияға дейінгі ең көп кез­десетін жалақы 58 мың теңге бо­латын. Ал 3,5 миллионнан ас­­­­­­­­­­та­м адамның жалақысы 112 мың тең­гені құрады. Яғни, біз­­де аз табыс табатындардың саны табысы жоғары азамат­тар­­дан көп. Сол себепті мил­лион­­­­­даған адам­ның салығын азайтып, жүз­деген мың адамның салығын арт­тыр­ғаннан бюджетке түсетін табыс көлемі ұлғаяды деп айта ал­маймын. Ке­­­рісінше, бюд­­жет та­бысы азаюы мүмкін», – дейді экономист Асылхан Анда­шов. Бұлай болмас үшін жалпыға бірдей табыс декларациясын енгізуді дұрыс жолға қою керек. Егер ешкім өз табысын жасырмай, салықтан жалтармай, заңмен жү­ретін болса, ел қазынасына бір­неше миллиард теңге кіріс түсуі мүмкін. Өкінішке қарай, заңсыз жолмен байығандар өз мүлкін жария еткісі келмейді. Прог­рес­сивті шкала туралы кү­мәнді пікір білдірген кейбір сарапшылар мұн­дай салық механизмі түптеп кел­генде нағыз байларды әлеу­меттік жауап­кершілікке шақыруға емес, қара халықтың қалтасын қағуға жұмыс істеп кете ме деп те қауіп­тенеді. «Елімізде әлі де болса на­рық­тық экономиканың заңдары то­лық орындалып жатқан жоқ. Оған қоса, мемлекет салықты бел­гілі бір нормадан арттырып жі­берсе, салықтан жалтарушылар көбейеді. Сөйтіп, көлеңкелі эко­номиканың үлесі артуы мүм­кін», – дейді эко­­номист Мақсат Халық.

Шетелде шешімін тапқан салық

Әлемнің кейбір мем­ле­­кет­терінде байлық салығының түрлі жүйелері қарастырылған. Мә­селен, Францияда бұл тә­жірибе 1980 жылдардан бастап бар. Мұнда дүние-мүлік, банктегі шоттары мен құнды қағаздарын қоса алғанда, азаматтардың бар­лық активтеріне байлық салығы салынады. Ал басқа елдерде бар­лық активтері салық салу ны­­саны ретінде қарасты­рылмаса да, люкс класына жататын ав­томобиль, яхта, ұшақ, қымбат бұйымдар сынды бірнеше тауар түрлерінен салық ұсталады. Мә­селен, АҚШ, Ұлыбритания, Қы­тай және Жа­понияда табыс са­лығының мөл­шерлемесі аза­маттардың та­быс көлеміне бай­ланысты, яғни прог­рессивті шка­­ла есебінен шешіледі. Же­келеген байларға келсек, Ама­зонның негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адам Джефф Бе­зостың салық төлемі – 42,8 мил­­лиард доллар, Tesla және SpaceX жетекшісі Илон Маск – 27,5 мил­лиард доллар, Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг 22,8 мил­лиард доллар салық төлейді. Былтыр Қазақстан бай­лыққа салық салудың бірінші кезеңіне аяқ баса алмай жүргенде мұхит­тың арғы жағында оның сапалық екінші деңгейіне көшуге беттеген сыңай­­лы. Енді мұнда 60%-дық бірреттік салық түрін енгізу лоб­биі күшейіп тұр. Сенаторлар ұсы­­­нып отырған заң жобасы «Мил­­­­­­лиардерлердің тө­­ле­мін жа­са» деп аталады. Онда 467 бай адамнан тұратын эли­тадан 731,8 миллиард дол­ларға сәйкес келе­тін 60 пайыз­дық са­лық өн­діріп алу мүмкіндігі қарас­ты­рылған. Бұған Аме­риканы биыл 18 нау­рызда бас­талған пандемия туын­датқан қиын­­­дық мәж­­бүр­леуде. Эпи­демия бас­тал­­­­ған шақ­та 50 млн-нан астам аме­рикалық жұ­мыс­сыздық тура­лы кө­­­мек сұрап, тағы 5,4 млн адам меди­циналық сақ­тан­­ды­руынан айы­рылған екен. Се­наторлардың пікірінше, бір­жолғы салық салу барлық аме­­рика­лықтарға бір жыл ішінде меди­циналық шығын­дарды, соның ішінде рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді тө­леуге мүм­кіндік береді. Ал Швецияда, керісінше ірі байлыққа салық салуды 2007 жы­­лы алып тастаған. Оған дейін мөл­шерлемесі 1,5% болған са­лықтан 2005 жылы ел қа­зы­на­­­сына 500 миллион еуро кіріс түс­­­кен. Әйтсе де, Швеция үкі­меті бай­­­­лыққа салық елден ка­пи­­­­­­талдың кетуіне, ин­вес­тицияға кедергі және кәсіп­керлік бел­­сен­­­­­­ділікке тежеу бо­лып отыр де­­ген шешімге келген. Олар бұл салықтың ке­сірінен ел қазы­­­­насы 53 мил­лиард доллар көле­­мінде кі­­рістен қа­ғылды деп са­­найды. Өйт­кені байлар өз­дерінің бай­лығының шетінен салық төлеуге ықылас танытпай, жиған-тер­генін шет­елде ин­вестиция етіп құйған.

Нұрлан ҚОСАЙ