«100 жаңа оқулық» жобасы аударма саласындағы жаңа ізденістерге жол ашты – Әсет Құранбек
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемнің таңдаулы 100 оқулығын аудару ісі межесіне жетті. Әр оқулық 10 000 данамен басылып, еліміздегі 130 университетке таратылды, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқулықтар гуманитарлық саланың философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуалдық құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көшбасшылық, медиа, этнография бағыттарын қамтиды.
Жоба үйлестірушісі «Ұлттық аударма» бюросы жоба барысында әлемдегі оқулық шығаруға маманданған «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен әріптестік қарым-қатынас орнатқан.
Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар мен редакторлар, жалпы саны 300-ге жуық маман қатысыпты.
Сондай мамандардың бірі – философия ғылымының кандидаты, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының редакторы Әсет Абайұлы Құранбек. Ол жоба басталғалы аударма жұмысына араласып, философия, кинотану бағытындағы еңбектерді қазақ тіліне аударуға атсалысқан.
Біз Әсет Абайұлынан «100 жаңа оқулық» жобасы, оның маңызы мен отандық аударма саласы туралы сұрадық:
https://youtu.be/yOkLT_0V0Lo
«Ұлттық аударма бюросының үйлестіруімен үш жылдан аса уақытта әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару жобасы жүзеге асырылды. Аударма саласында философия, әлеуметтану, кинотану, өнертану, жалпы гуманитарлық сала мамандарына аса қажет еңбектерді тәржімалауға басымдық берілді. Бұл туындылар осы мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің қалыптасқан шеңбер аясынан шығып, әлемдік деңгейде ойлана алатын тұлға болып қалыптасуына жол ашары сөзсіз. Атап айтсақ, Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы», Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы», «Ислам философиясы. Оксфорд оқулығы», «Үнді философиясының тарихы», «Қытай философиясының қысқаша тарихы», «Әдебиет теориясы», «Этика теориясы мен қазіргі мәселелері» еңбектерінің қазақ тіліне аударылуы философия саласына айтарлықтай жаңалық әкелді, қазақ тіліндегі философиялық ұғымдарға, терминдерге, түптеп келгенде, категориялық аппаратқа байыппен мән берудің, зертшіл ақылмен келудің қажеттігін көрсетті. Аударма жұмысы осы негіздегі ізденістерге жол ашатынын байқадық.
Ұлттық танымда жүздеген жылдар бойы қалыптасып, орныққан ұғым-түсініктерден қаншалықты ажырап қалғанымызды да аңғардық. Қазақ тілінде философияны сөйлетуде мұндай кедергілер жеткілікті. Тоталитарлық дәуірде ұлттық философияның тұншықтырылуы, ондағы іргелі ұғымдардың ұмытылуына, одан қалса жат дүниетанымға жақындатумен бірге жүдеу тартуына әкеп соқтырды. Аударма ісінде де философиялық мәтіндерді аударғанда бірінші кезекте жүгінетініміз бұған дейін өзге тілде қалыптасқан философиялық ұғымдар болып отыр. Мәселен ислам философиясына қатысты жұмыстарды аударғанда, тарихи қалыптасқан ұғымдардан бас тартып, өзге терминдерге басымдық беріп қоятынымыз жасырын емес. Бұл қазіргі қазақ тіліндегі философиялық кеңістіктің өзекті мәселесі. Аударма жұмысы тіліміз бен ой толғау дәстүрімізде әлі санамызға сіңбей жүрген талай терминнің орнын алмастыра алатын қалыптасқан төл ұғымдар бар екенін де байыптауға мүмкіндік берді. Қазақ тілінде философиялық ұғымдар мен категорияларды беру және сөздігін қалыптастыру шын мәнінде енді басталды десек те болады.
Тағы бір тоқталатын жайт, осыған дейін философтардың шығармалары қазақ тіліне үзіп-жұлып аударылып келді. Философтардың әйгілі шығармасын толық аударып шығаруға көңіл бөлу керек. Әйтпесе, түсініксіз үзінді болып шығады. Осы жоба аясында Жил Делөз сияқты жиырмасыншы ғасырдың маңдайалды ойшылдарының бірі әрі бірегейінің «Кино 1: Қозғалыс – бейне», «Кино 2: Уақыт – бейне» деп аталатын екі томдық құнды еңбегі бірінші рет тұтас күйінде қазақ тіліне тәржімаланды. Ендігі мақсат – осы іспеттес, ойсана тарихындағы ойшылдардың шығармаларын, фундаменталды еңбектерді, ғылыми әдебиетті тұтас күйінде тәржімалауға бет бұру болуға тиіс. Батыс зерттеушілері ортағасырларда аудармашылардың ғылыми-философиялық ойға қосқан үлесінің ойшылдардың еңбектерінен ешбір кем болмағанын, осының арқасында Еуропа ой-санасының жаңа кезеңге қадам басқанын айтады. Бұл сол заманға немесе басқа бір дәуірге ғана тән ерекшелік емес, қай кезеңде де аударма құбылысының қоғамның жаңғыруындағы тарихи, өркениеттік маңызы мен ықпалы, қуаты дау тудырмайтын ақиқат.
Аударма – үнемі дамып, жүріп тұратын процесс. Әрине, елеп екшейтін, қарайтын, өз болмысымызға, рухани мәдениетімізге ыңғайлайтын тұстары болады. Тағы бір түйгеніміз, өзге елдің аудармашылары аударма жұмысында өзіндік менталитетін, болмысын, руханиятын негізге алады. Біз де сол кезеңге келерміз. Барлығы бірден қалыптаспайды. Сабақтастық болуы үшін оның бір тұғыры, негізі, іргетасы берік болуы керек. Үдеріс болмаса, жоқ жерден тәуір дүние жасауды талап етудің өзі артық. Аудармашының бәрі тума талант, данышпан емес. Олай болған күннің өзінде үнемі ізденіс, орта, бастысы тәжірибе керек... Бұл үшін қыруар іс тындырылуы керек. Және мұның сан-салалы детерминанттары бар. Бұған мүдделі ‒ ұлттық саясат, жүйелі ғылыми орта және ізденімпаз аудармашы. Қазіргі кездегі «100 жаңа оқулық» жобасы аясында атқарылған жұмыс осы түйткілді мәселелерді шешуде оң өзгеріс әкелетіні анық.
Энтони Кенни өз еңбегінде латын авторларын ағылшын тіліне аудару мен терминдерді берудің қаншалықты күрделі мәселе екеніне бірнеше рет тоқталады. Одан кейінгі тағы бір маңызды мәселе – аударма мәдениетін қалыптастыруға күш салуымыз керек. Аударма саласы биік деңгейге көтерілген жұрттарда философиялық шығармаларды аударудың ұзақ жылдық тарихы мен дәстүрі орныққандықтан, тіпті әйгілі ойшылдардың еңбектерін тәржімалауға қатысты жеке аударма мектептері қалыптасқан. Ұлттық аударма бюросындағы үш жылдан аса жұмыс ішінде қазақ аудармашылар мектебі қалыптасып қалды деп айтуымызға болады. Еліміз бен әлемнің түкпір-түкпірінде білім алған аудармашылар, тәжірибелі әдеби редакторлар мен ғалымдар жиналды. Жобаға үш жүздей адам қатысты. Осы уақыт аралығында мамандардың өзіндік тәжірибе қалыптастырғаны анық. Ең бастысы біз жолға шықтық».