«Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында үй кезегінде тұрғандар үшін 25 мыңдай пәтер салынып жатыр. Мұны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті хабарлады. Сонымен бірге жаңа бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірқатар мәселе туындапты.
Баспаналы болғандар күрт көбейді
Ресми мәліметке жүгінсек, 2020 жылы Қазақстанда 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл ел тарихындағы рекорд! Және 2019 жылғы көлемнен 16,8% көп. Әрине, әр баспананың шаршы метрі әртүрлі екені анық. Мысалы, бір отбасы 1 мың шаршы метрлік кең сарайдай коттеджді жалғыз өзі иеленуі мүмкін. Бұдан елдегі баспанасыздық мәселесі шешілмесі анық. Сондықтан өткен бір жыл ішінде нақты қанша отбасы қоныстойын тойлағанын білу маңызды. 2020 жылы барлығы 140 мың 336 тұрғын үй пайдалануға берілген екен, соның ішінде 41 мың 193-і – жеке үй. Сөйтіп, нақты сандық көрсеткіші де 2019 жылғыдан 21,8%-ға өсті. 2020 жылы тұрғын үй құрылысына шамамен 2 триллион теңгедей инвестиция құйылды. Бұл 2019 жылғы деңгейден 33,6%-ға жоғары. Бұл қарқын биыл да ғаламат өсуі ғажап емес: 1 миллиондай азамат БЖЗҚ-дағы жинағын баспана сатып алуға жұмсау мүмкіндігін иеленбек.Бастамаға қанша млрд құйылды?
Өткен жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда «5-10-20» бағдарламасы өмірге жолдама алды. Оған «Шаңырақ» деген атау берілді. Оны жүзеге асыратын оператор – «Отбасы банкі» (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі). Тұтастай алғанда, мембағдарламаны қаржыландыруға 390 миллиард теңге жұмсалмақ. Негізгі бөлігі биыл игеріледі деп күтілуде. – 2020 жылы «Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асыруға бюджеттен 210 миллиард теңге бөлінді. Оның алғашқы бөлігі – 90 миллиард теңгесі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне түсті. Бағдарлама аясында жылдық ставкасы 5% (тиімді мөлшерлемесі 5,2%) болатын арзан ипотеканы алу үшін азамат әкімдіктегі үй кезегінде тұруы шарт. Сондай-ақ ол несие мөлшерінің 10 пайызынан асатын соманы бастапқы жарна ретінде жинауы қажет, – деді «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова. Бұл бағдарламаның қатысушылары екі топқа бөлінді. Біріншісіне –әкімдіктердегі үй кезегінде 1986 жылдан 2015 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда, ұзақ уақыт бойы тұрғандар кірді. Бұл азаматтардан өтініш қабылдау аяқталған соң, егер банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болса, бағдарламаның ІІ кезеңіне 2016 жылдан бастап кезекке тұрған азаматтар шақырылуы мүмкін. Мұның сыртында «Шаңырақ» бағдарламасына қатысу үшін соңғы 6 ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне шаққандағы 1 айлық табысы 3,1 күнкөріс шегінен аспауы тиіс. Күнкөріс шегі 2021 жылы 34 302 теңгеге тең. Яғни, үй кезегінде тұрған отбасының әр мүшесінің табыс көлемі биыл 106 337 теңгеден аспаса, онда ол «5-10-20» ипотекасына іліге алады.Бағдарламаның «керегесі» кең болса...
Мемлекеттік бағдарлама іске қосылған бір жыл ішінде оның кемшіліктері де байқалуда. Осы бағдарлама бойынша тек жаңа салынған үйлерден ғана алуға болады екен. Бұл ретте, кез келген құрылыс компаниясын таңдай алмайсыз: бағдарламаға арнап, жергілікті әкімдіктер тұрғызып жатқан кредиттік тұрғын үйден алуыңыз керек, оның сапасы ұнамаса, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігін алған құрылыс компанияларына ғана жүгіне аласыз. Мұндай компаниялар тізімі «Отбасы банк» сайтында тұр. Алайда 2020 жылғы қарашада аталған қор жойылды: қаптаған квазимемлекеттік ұйымды қысқартып, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторын құру бастамасы аясында бұл қордың үлестік құрылыстың аяқталатынына кепілдік беру жөніндегі функциялары «Қазақстандық ипотекалық компанияға» көшті. Азаматтар «Шаңырақ» бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін тек кепілдігі барлармен шектемей, кеңейтуді сұрайды. Мысалы, қайталама нарықтан баспана сатып алуға рұқсат етуді өтінеді. Әйтпесе, осы бағдарлама қолға алынғалы қолында әлгі қордың кепілдігі болған құрылыс компаниялары шаршы метр құнын қымбаттатқан. «Біріншіден, бағдарлама іске қосылғалы қор кепілдігіне ие құрылыс салушылар пәтерлерінің бағасын көтеріп жіберді. Өз қаласында қолжетімді баспана таба алмаған «Шаңырақ» қатысушылары өзге облыстарға, мысалы Петропавл, Көкшетау, Қостанайға көшуге дайын отыр. Тек арзандау пәтер табылса дейді. Екіншіден, бұл бағдарламаға сәйкес, ипотеканы ала сала оны өтеуге кірісіп, төлем жасай бастауы керек. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында осы несиеге алынған үйлер тек жыл соңында не келесі жылы қолданысқа беріледі. Осы орайда, бағдарламаға қатысушылар – табысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар екенін естен шығармаған жөн. Олар төл үйі болмағандықтан, жалдамалы баспанада тұрады. Ендеше олар ипотека төлеміне, сондай-ақ болашақ пәтерінде жөндеу жүргізуге қосымша ақша таппауы мүмкін. Өйткені бар табысы үй жалдауға, отбасын асырауға кетеді», – дейді құзырлы органдарға жазған хатында бағдарлама қатысушысы Сәния Ибраева. Тұйықтан шығарар жол ретінде бастамашыл топ ипотеканы тұрғын үй іске қосылып, борышкер соған қоныстанғаннан кейін ғана төлей бастауға мүмкіндік беруді ұсынады. Қорыта айтқанда, ел Президентіне, Үкімет мүшелеріне ұжымдық хат жолдаған бастамашыл топ бағдарлама шарттарын қайта қарап, біріншіден, құрылыс компаниясына «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігін алу талабын жоюды, екіншіден, ипотекалық заем төлемін тұрғын үйді іске қосу актісіне қол қойылғаннан кейін төлеуге рұқсат етуді ұсынады.Ұсыныстың ұтымдысы қайсы?
Сарапшылар мен мамандар бұл ұсыныстарды біраздан бері талқылауда. Әйтсе де, орындалуы қиын дейді. Мысалы, баспананы кепілдігі жоқ құрылыс компанияларынан алу мүмкіндігі берілсе, онда бағдарлама алданған үлескерлер проблемасын өршітуі ықтимал. ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетовтың мәліметінше, ведомство бастамашыл топтың ұжымдық өтінішін қараған екен. «Несиені тұрғын үй нысаны пайдалануға берілген соң төлей бастау туралы ұсынысқа қатысты байлам жасамас бұрын тәуекелдерді қосымша талдауымыз қажет», – деді ол. Себебі мұны әкімшілендіру күрделі. Мәселен, «Отбасы банкі» мен бағдарлама қатысушысы келісімшартқа отырған дата белгілі. Ал әр қаладағы әртүрлі құрылыс салушының тұрғын үй кешендері қашан іске қосылатыны беймәлім. Соның салдарынан мақұлданған және қатысушы баспана алуға шығындап қойған ипотека бойынша төлем төлеу белгісіз мерзімге доғарылса, бұл мембанкті қиындыққа ұшыратуы кәдік. Қаржы министрлігінің аудиторлары мұны заңбұзушылыққа жатқызуы ықтимал. Бағдарламаға қатысушыларды баспана тапшылығынан арылту бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. – Жалпы алғанда, «Шаңырақ» жобасын жүзеге асыруға 390 миллиард теңге жол тартқалы тұр. Соның ішінде 180 миллиард теңгеге әкімдіктер 15 мыңдай пәтерді салып шығады. Ол тұрғын үйлердің құрылысы барлық өңірде жүруде. Пәтерлердің ең көбі мегаполистер еншісінде: Нұр-Сұлтанда – 3 828, Алматыда – 3 472, Шымкентте 1 700 пәтерден астам. Басқа өңірлерде 200-700 пәтер аралығында. Бұған қоса, әкімдіктер облигациялық заем аясында қаржыландырылатын 10 мың кредиттік пәтердің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Осы жобалардың жүзеге асырылуы үй кезегіндегі көптеген отбасының қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді, – деді Мархабат Жайымбетов. Сондай-ақ бағдарламаға арналған баспана санын арттыру мақсатында оффтейк-контракт енгізу ұсынысы қарастырылуда. Оған сай құрылыс компаниялары үй кезегіндегі отбасылар үшін тапсырыспен үй салады. Жалпы алғанда, 2022 жылға дейін бұл бағытта барлық әкімдіктің үйге мұқтаждар тізімінде тұрғандар үшін 17 мыңдай баспана берілуі мүмкін.Айхан ШӘРІП