Биыл айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 139 теңгеге артып, 2 917 теңге болды. Зейнетақы мен жәрдемақы да өсті. Ал ең маңызды саналатын ең төменгі жалақы сол баяғы 42 500 теңге қалпында қалды. Бірақ девальвация кесірінен оның құны 111 доллардан 100 долларға дейін төмендеп кетіпті. Неге? Көбінің тапқаны тамақтан артылмайтын азаматтар қымбатшылық қысқан заманда қалай күн көреді? Үкіметтің не ойлағаны бар?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында мұғалімдердің еңбекақысы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 пайызға көтерілетінін мәлімдеген. Сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруды тапсырған. Биыл республикалық бюджеттен 247 мың медицина қызметкерінің табысын ұлғайтуға 222,3 миллиард теңге бөлінді. 38 мыңнан астам әлеуметтік қызметкердің кірісі бір жарым есе көбейеді. Алайда ең төменгі жалақы мөлшері мұрты бұзылмастан мызғымай тұр. Жалпы, экономикада «индекстеу» деген ұғым белгілі. Халықтың табысын индекстеу – тұрғындардың қымбатшылық тудырған шығынын өтейтін әдіс. Зейнетақы, стипендия, жәрдемақы және тұрғындардың басқа тіркелген табыстарын, соның ішінде кесімді жалақы мен тарифтік ставка, бөлшек баға индекстерін қайта есептеу – әлеуметтік қолдаудың бір түрі. Амал қанша, Қазақстанда ең төменгі жалақы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бері индекстелген жоқ. Былтыр Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов үкіметбасы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, осы мәселені қозғаған. Депутат карантин кезінде 42 500 теңгенің әлеуметтік төлемі елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне айналғанын ашынып айтты. «Жақында адамдар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінен «42 500 теңгеге бір ай өмір сүре аласың ба?» деп сұрады. Ешқандай нақты жауап алынған жоқ» деген халық қалаулысы 2020 жылдың 11 айында азық-түлік тауарлары – 9,6 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,1 пайыз, ақылы қызметтер 3,8 пайыз қымбаттағанын жеткізді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне жүгінсек, өткен жылдың бірінші тоқсанында әрбір қазақстандық азық-түлік тауарларына айына орта есеппен 31 000 теңге жұмсаған. Азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер үшін тағы 24 000 теңге жаратқан. Жиыны – 54 500 теңге, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінен асып түседі. «Бұл межені өмірі дүкенге немесе базарға бармайтын адамдар қарағандай әсер қалдырады. Мысалы, ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша бір адам айына 2 425 теңгеге сиыр еті, 147 теңгеге макарон өнімдері, 65 теңгеге қарақұмық жармасы, 270 теңгеге күріш, 180 теңгеге шай және т.б. сатып алуы қажет» деген-ді Аманжан Жамалов. Рас, азық-түлік тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сүйенсек те, 42 500 деген сома ақылға сыймайды. Мысалы, мамандардың есептеуінше, ет және еттен жасалатын өнімдерді жан басына пайдаланудың ұтымды коэффициенті – жылына 78,4 келі. Ең төменгі жалақының тұтыну себетіне 43 өнім кіреді. Ал жаңағы физиологиялық норма бойынша 64 тауар тұтынуымыз керек. Демек, Үкімет осы норманы негізге алып, ең төменгі жалақыны қайта қарауы тиіс. 2013 жылдан кейін теңге еркін айналымға кеткені мәлім. Қазынамыз ортайды. Жалпы ішкі өнім 7 мың долларға дейін екі есе құлдырады. Халықтың қолындағы ақша құнсызданды. Азық-түлік бағасы аспандап, инфляция қысып барады. БҰҰ ережесіне сәйкес, күніне 5,5 доллардан табысы аз адам кедейлер санатына жатады. Сол 5,5 долларды ұлттық валютамызға шағып, бір айға көбейтсек, 60 мың теңге шығады. Яғни, ең төменгі жалақы кем дегенде 70 мыңның үстінде болуы керек еді. Халықтың орташа табысы 207 мың деп ауыз толтырып айтсақ та, Еуропада көп қолданылатын медианалық жалақы әдісімен санасақ, тұрғындардың басым көпшілігі 100 мың теңге жалақыны місе тұтатынын анық аңғарамыз. – Мемлекет ақшаны қайдан төлейді? Бюджеттен түскен қаражаттан төлейді. Негізі, пандемия келмей-ақ біздің экономика әлсіз еді. Біз экономиканы дербестендіріп үлгермедік, әртүрлі сыртқы құбылыстың толқынына өте тәуелдіміз. Оның сыртында 2020 жыл бюджеттің 45 пайызын толтырып отырған мұнай-газ өндірісіне ауыр тиді. Мұнай арзандады, індет те әсер етті. Сондықтан бюджетте үлкен тапшылық бар. Мемлекет шынайы индексация жасаса, өзіне салмақ түсетінін біледі. Сол себепті Үкімет ең төменгі жалақыны көтере алмай отыр. Бұдан шығар жол – экономиканы дербестендіріп, өндіріс ошақтарын молынан ашуымыз керек, – дейді экономист Рашид Жақсылықов. Экономика заңдары бойынша жұмысшылардың жалақысын индекстеу халықтың сатып алу қабілетін арттырып, экономиканың дамуын ынталандырады. Бұл – инфляцияға қарсы тұру деген сөз. Дегенмен кей сарапшылар индексацияның өзі инфляцияға түрткі болуы мүмкін деп топшылайды. Өйткені жалақы өскен сайын міндетті түрде тауар бағасы қатар өседі. Салдарынан инфляция шарықтайды. Олардың пікірінше, бағаны да, табысты да тұрақты ұстаған абзал. Қысқасы, ел азаматтары үшін жалақы негізгі табыс көзі екенін ескеру керек. Тауар қымбаттап, ақша көбеймесе, бұл әлеуметтік наразылықтың басты факторына айналуы ықтимал. Күнкөрістің деңгейін көтеру мемлекеттің әлеуметтік саясатына деген халық сенімін қалпына келтіруге септеспек.Айдар ДӘУІТҰЛЫ