– Алтынбек аға, сіз қызметке ерте араластыңыз. Шығармашылық пен басшылық қызметті қатар алып келе жатқан жансыз. Күнделікті тіршілік, ұйымдастыру жұмыстары, түрлі мәселелер сіздің алтын уақытыңызды білдіртпей ұрлаған жоқ па? Әлде жауапкершілікке, уақытты тиімді пайдалануға үйретті ме? – Уақыт, оның үстіне өзің айтқандай ертерек қызметке араласу жауапкершілікке, неғұрлым тыңғылықты болуға үйретеді екен. Менің бір қолымда домбыра, бір қолымда папка жүрді. Екеуін де тиімді пайдаланған сияқтымын. 1973 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіріп, Жамбыл (Тараз) қаласына бара салысымен қызметке араласып кеттім. Келер жылы «Алатау» ән-би ансамблін басшылыққа алдым. Содан бері бұйырған қызметті атқарып келеміз. Бұл менің шығармашылығыма кедергі келтірді деп айта алмаймын. – Халық қалаулысы болып, елдің алдында жүргісі келетіндер көп. Өз жерлестеріңізден бірнеше рет осындай ұсыныс болса да, сіз бас тартқан екенсіз. Бұл сіздің шығармашылықты бәрінен жоғары қойғаныңыз ба, әлде саясатқа қырыңыздың жоқтығынан ба? – Дұрыс айтасың, саясатты онша қаламайтыным рас. Өнер деген өзінше бір әлем. Осы салада басшы болып жүргеннен кейін соңымыздан ілесіп келе жатқан өнерлі жастар жоғары шыңнан көрінсе деп ойлаймын. Сол себепті депутаттықтан да, басқа да үлкен қызметтерден де бас тартқаным рас. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы елордаға қызметке шақырды. Өнер саласы да оңай дүние емес, оның да өзіндік қыр-сыры бар. Өз жүрек қалауым осы өнер өлкесі болды. Шығармашылыққа шындап бет бұрғанда ғана оның биік шыңына жете аласың. – Парламент әншілердің фонограммамен ән айтуына тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Нағыз әншілердің іріктелетін кезі келгендей... –1989 жылы Алматыдағы Республика сарайында бес күн қатарынан концерт қойдық. Бесеуі де аншлагпен өтіп, көрермендер билет таппай қалды. Бұл менің жұлдызды шақтарымның басталған кезі еді. Әндерімді де жұрт танып қалған. Мейрамбек Беспаев, Қарлығаш Қожағазина, Айткүл, Қанат Құдайбергеновтер, Мақпал Жүнісова, Жанар Айжанова және өзім жеті домбырамен шығып ән айттық. Содан бері үнемі жанды дауыста концерт беріп келемін. Бұл – әлемде болып жатқан жағдай. Осыдан 10 жыл бұрын «МузАРТ» триосын Қытайға алып бардым. Одан кейін Мейрамбек Беспаев екеуіміз Алтай өңірінде, Үрімші жақта 15 авторлық концертімізді бердік. Эстрадалық оркестрімізді алып барып, домбырамен концерт қойдық. Бәріміз осыған ыңғайланып келеміз. Заң қабылданды. Індет аяқталғаннан кейін концерт беретін әншілердің бәрі жанды дауыспен ән салуға міндетті. Заңда «Кімде-кім фонограммамен айтатын болса, ол хабарлауы тиіс» деген жеріне мен келіспеймін. Тек жанды дауыс дедік пе, солай болуы тиіс. Кино, бейнебаянға түсетін болса, онда әңгіме басқа. Жанды дауыспен айтуды баяғыдан талап ету керек еді, сонда кімнің нағыз талант екені өз-өзінен іріктеліп шығады. – Барлық шығармашылық ұйымның бас қосып, ақылдасып отыратын бір ортасы бар. Қазақ композиторларының басын біріктіретін не? Композиторлар одағының жағдайын естігенде Еркеғали Рахмадиев ағамыз қатты күйінген екен... – Еркеғали ағамыз осы жағдайды естігенде «Қайран еңбегім-ай, менің 21-22 жыл бойғы еңбегімді талан-таражға салды ғой» деп еңкілдеп тұрып жылады. Таутүргенде Композиторлар одағының үйі болған. Ол жерде 12 коттедж бар еді. Кейін келген басшылар оның бәрін сатып, жоқ қылып жіберді. Тіпті, ондағы рояльға дейін арзымаған ақшаға сатылып кетті. БАҚ-қа жиі сұхбат беремін. Сонда жағдайды барынша айтуға тырысамын. Қазір ұйымдасып, ақылдасып отыратын ешкім жоқ. Алдымыздағы Ескендір Хасанғалиев ағамызбен анда-санда жолыққанда жағдайды айтып қынжылатынымыз рас. Жақында соңымыздан келе жатқан бір композитор інім хабарласып, «Аға, пандемия кезінде 40 ән жаздым» деді. Негізі, бір жылға жетпейтін уақытта осыншама ән жазу деген мүмкін емес. Мен бір әнді 10 жыл жазуым мүмкін. Қазір 70-тен астым, жалпы әнімнің саны әрі кетсе сол 70 шығар. Негізі, бес-алты әнім халықтың құлағында қалса, өзімді бақытты композитор санар едім. Қатарластарымыз азайып келеді. Өзімізден кейінгі толқыннан Арман Дүйсенов, Арман Бексұлтан, Марат Омаровтардың тамаша әндері бар. Роза Әлқожа қарындасымыздың әндеріне ризамын. Жүректен шығарып, қазақтың ән ырғағын бұзбай, халыққа жаңа әндерді әдемі ұсынып келе жатқан Розаның әндерін жалықпай тыңдаймын. – «Сағындым Алматымды» әніңізді Ресей Федерациясының халық әртісі Валентина Толкунова айтқанынан хабарымыз бар. Әнді кім ұсынды? Өзге тілде орындалған, танымал болған басқа да әндеріңіз бар ма? – «Сағындым Алматымды» – 1974 жылы жазған ең алғашқы үш әнімнің бірі. 1982 жылы Валентина Васильевна Жамбыл облысына әнсапармен келді. Концерттің арасында қазақ үйде ол кісіні күттік. Сол жерде «Жолдас директор, сіз композитор екенсіз, ән айтыңызшы» деп өтінді. «Сағындым Алматымды» әнін айттым. Ән ол кісіге бірден ұнап, бірнеше рет айтқызды. «Өтініш, әніңізді маған сыйлаңызшы. Осы әнді орындағым келеді» деді. Сол жерде Давид Ашкенази нотаға түсіріп алды. Осы кездесуден кейін бір күні жұмыста отырсам, «Алтынбек Қоразбайұлы, бүгін Қаратау қаласында концерт қоямыз. Сіздің әніңізді де орындаймыз» деп айтты. Валентина Толкунованың орындауындағы әнді халық өте жылы қабылдады. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон соғып «Алтеке, тыңдашы, бұдан артық бақыт бар ма?» дейді. Ар жағынан қытай тілінде орындалып жатқан «Үшқоңыр» әні естіліп тұр. Өкінішке қарай, осы әнді кім орындағанын біле алмадым. Қырғыздың ел әртісі Саламат Садықова, басқа да әншілері менің әндерімді үнемі орындайды. – «Әнін сатқан адам ішіндегі баласын сатқанмен бірдей» дегеніңіз бар. Қазіргі композиторлар әнді де бизнес көзіне айналдырып алды. Концерт беру, елдің алдында сәнді киініп, әдемі болып жүру – бәрі де ақшаға келіп тіреледі. Сізге табыс қайдан келеді? – Ол рас, еш уақытта ән сатып көрген жоқпын. Менің гонорарым өте жоғары. «Қазақконцерттің» Алматы қалалық филиалының директоры ретінде айлық аламын. Құдайға шүкір, зейнетақым бар. Анда-санда авторлық концерттерімді беріп тұрамын. Табыс көзі – осы. – Қолынан келетіні бар, келмейтіні бар бизнесте өз бағын сынап көргісі келетіндер көп. Ел алдында абыройыңыз бар, жұрт таниды. Сіздің де осы салада талаптанған кезіңіз болды ма? – Бизнес менің қолымнан келмейтініне көзім жетті. Кезінде банкке миллиондап қарыз болып, күйіп кете жаздаған едім. Қазақы жүрегіммен, әнім халыққа жаққаннан кейін банктегі жігіттер сол қарызымды жауып берді. Бұл 1993-1994 жылдар болатын. Осы өнерде жүрген жігіттердің сөзіне сеніп қалып, қатты алдандым. Инфляция да шарықтап тұрған кез еді. Не істерімді білмедім. Сол банктің басшысы Сауат Мыңбаев бауырым: «Алтынбек аға, менің әке-шешем сіздің әндеріңізді өте жақсы көреді. Домбыраңызды тартып, әніңізді айтып жүре берсеңізші. Бизнесті қойыңыз, сізге жараспайды екен» деп, сол қарызымды жауып берді. Туыстарға, таныстарға өз атымнан несие алып беріп, ақырында соны қайтарып ала алмаған кездерім болған. Оның алдында мал да алып көргем. Осындай жағдайдан кейін бизнес дегенге жоламайтын болдым. Ал шоу-бизнес дегенің өзіміздің сала ғой. – Алматыдағы «Алтынбек Қоразбаевтың «Алтын домбыра» өнерге баулу мектебі» жұмысын қашан бастайды? – Жұмысымызды әне-міне бастағалы отырмыз. Пандемияға байланысты біраз жұмысымыз тоқтап қалды. Қалалық әкімшілік өкілдері, қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева келіп көрді. Бұл жерде барлық пән оқытылады. Сонымен қатар спорт пен өнерге бейім балалар білім алады. Күйсандық, ән, көркемсөз, би, таэквандо үйірмелері ашылады. Бұл жекеменшік мектеп болады. Ақылы мектеп болғанымен, барынша көпшілікке қолжетімді болу жағын қарастырамыз. Мектеп ашқандағы мақсатым – дарынды балаларға жол көрсету, өнерге баулу. – 70 жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында «Алтын күзім, армысың» деген концерт бердіңіз. Күз – берекелі маусым. 70 жас –адамның ақыл-ойы толысқан, кемеліне келген кезі. Осы кезде шығарған қандай әніңіз сіздің ерекше көңіліңізден шықты? – Тура сол кезде үлкен ән шығарған жоқпын. Дегенмен кейінгі онжылдықтың көлемінде шыққан екі-үш ән орындалды. Соның бірі – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Таудағы көктем» әні. Негізі, уақыт елегінен өткен, халықтың ықыласына бөленген «Сағындым Алматымды», «Үшқоңыр» сияқты ретро әндер орындалды деуге болады. – Нағыз мықты әндерді сараптап, көпшілікке ұсынатын көркемдік кеңес керек екені айтылады да, бірақ осы жүйе қалыпқа түсе алмай келеді. Көркемдік кеңестің қатаң сынынан өткен сіздер де оның керегін жоққа шығармайтын боларсыздар? – Осыдан 20 жылдай бұрын қазақ телерадиосы көркемдік кеңес құрды. Оның ішінде Исраил Сапарбай, Әбдірахман Асылбек сияқты белді ақындар, композиторлардан Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев және мен, Роза Рымбаева бастаған бір қауым әнші осы көркемдік кеңеске мүше болдық. Неге екенін білмеймін, қазір оларда көркемдік кеңес жоқ. Радионы қоса қалсаң не сөзі келіспеген, не сазы үйлеспеген әндер айтылады. Қолында билігі бар азаматтардың құлағына алтын сырға, үлкен телерадиоларда көркемдік кеңес жұмыс істемесе болмайды. – Шығармашылықпен қоса қызмет те атқардыңыз, шәкірт те тәрбиеледіңіз. Өткенге көз жүгірткенде көңіліңіз толатын қай ісіңізді атар едіңі? – Иә, шығармашылық, қызмет, шәкірт тәрбиесі өз алдына бөлек әңгіме. Одан басқа, ақшам болып, жұмысым жүріп тұрған кезде бітірген, риза болатын шаруам – өзім туып-өскен Жамбыл облысының Меркі ауданында өз қаражатыма «Қара кемпір» әнімнің желісі бойынша 1993 жылы ескерткіш тұрғызғаным. Бұл – Ұлы Отан соғысына аттанып, сол күйі оралмаған қос ұлын өмір бойы жоқтап өткен Қали апамызға, майданда ұлдарын жоғалтқан басқа да аналарымызға арналған ескерткіш. Биіктігі 4 метр болатын ескерткіш бетоннан құйылып, төртбұрыш тұғырдың үстіне орнатылған. Ескерткіш Қали апамыз малын жайып жүрген үш ауылдың ортасында тұр. Бұл ескерткіш – Меркі ауданының символы. Үйленген жастар, шет елден келген қонақтар ескерткішке барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков өткен жылы ескерткішті толық жөндеуден өткізіп, маңына 120 түп ағаш отырғызды. Әкім бюджеттен ақша бөліп, сол ескерткішті күтіп-баптап ұстап отыр. Жылда бір мектепке табыстап, ағаштардың түбін ақтап, жан-жағын тазалап отырады. – Aiqyn газеті оқырмандарына қандай тілек айтасыз? – Бұл – еліміздің түкпір-түкпіріне тарайтын, оқырманы көп және сол оқырманның ықыласына бөленген газет. Осы басылымды шығарып отырған ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Оқырмандарға айтарым, келген жыл берекелі болсын! – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ