Ит қорлаудан қаймықпайды
Ит қорлаудан қаймықпайды

Ит – жеті қазынаның бірі. Ықылым заманнан осылай қабылданып кел­ген қағидаға сына түсті. Бүгінде адам­ға иттен өзге ата жау жоқ секіл­ді. Иттерді атуға да қомақты қаржы бөлінуі соны айқындап тұр.

Төрт аяқтыларға қатыгездігіміз шектен шығып кетсе керек, тіпті атақты француз актрисасы және жануарлар қорғаушысы Брижит Бардо Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Ашық хатта Брижит Бардо Қазақстанда көше кезген бұралқы жануарлар жауыздықпен өлтіріле­тінін айтқан. Актриса өзінің ашық хатында  Атырау мен Оралда ит-мысықтарды тірідей өртеп жіберген оқиғаларды да жазып, еліміздің Президентінен  далада қалған жануар­ларға қатысты адамгершілік танытуды сұраған. Өткен жылы Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев волон­тер­лердің фронт кеңсесінің ашы- л­уында  әйгілі актриса  Брижит Бар­додан алған үндеу хатын оқып бе­ріп, волонтерлер тек балаларды ғана емес, сонымен қатар жануар­ларды да қорғауы керегін айтқан бола­тын. Алайда иттер мен мысық­тарды көшеде ату, тіпті балалардың көзінше ату оқиғалары толастар емес. Осындай оқиғалар Атырауда өте жиі болғандықтан «Жануар­ларды аяусыз қорлайтын аймақ» атануы жергілікті тұрғындар үшін де оңай болмай тұр. Күні кеше  әлеуметтік желіде Атыраудағы орталық көшеде «При­ора» көлігінің жүргізушісі итті көлі­гіне байлап, Азаттық даңғылы­мен сүйреп бара жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Полиция департаменті бұл ақ­паратты растап, ит сүйреген авто­көлік жүргізушісінің ұсталғанын, Қылмыстық кодекстің 316-бабы (Жануарларға қатыгездік жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бірақ бұл бір оқиға емес еді. Бұған дейін де атыраулық жан-жануар­ларды қорғайтын ұйымның жанай­қайы әлем елдеріне жетіп, қоғамда резонанс туғызған еді. Оқиғаны баяндасақ, қала ірге­сіндегі Еркінқала ықшамауданында  иттің басын тоңазытқыштың есі­гіне қысып қорлаған азаматтың тір­лігі шектен шығып кетті. Қоғам­да резонанс тудырған осы оқиға аясында анықталған ит иесі иттің  тұқым егуге дайындап қойған жылы­­жайды бүлдіргенін, оған дейін де кішкентай қыз баланы қа­уып ала жаз­дағанын айтып ақта­лып, көп­шіліктен кешірім сұраған болатын. Тоңазытқыш есігіне басын қысып қорлаған қалалық қатыгез тұрғынның итін  Атырау қала­сын­дағы «Мейірімді жүрек» қоғамдық қоры панасына алған еді. Оған  олар Лаки деген ат қойды. – Соншама қатегездік көрсе де, мейірім­ді адамдарға деген жануар­дың өшпес сенімі әлеуметтік желі қол­данушыларының жүрегін қоз­ғады. АҚШ, Канада, Франция, Ре­сейден оны алып кету туралы ұсы­ныс­тар түсті. Ең салмақты ұсы­ныс АҚШ-тан болды. Логистика мәселесі шешіліп, біздің Лаки АҚШ-қа жаңа қожайындарына кетті. Итті құтқарып алғаны үшін топ еріктілеріне және ол үшін уайымдаған жандардың бәріне үлкен алғыс. Тасымалдауға көмек көрсеткені үшін Джошуаға рақмет. Жаңа қожайыны Элинге рахмет. Сағынатын боламыз, – дейді «Мей­ірімді жүрек» қоғамдық қоры­ның жетекшісі Венера Манасова. Бұл оқиғаға қатысты да  ҚК 316-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Жалпы, бұл бап бойынша жануарларға қатыгездік жасағандарға 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке дейін қамаққа алу жаза­сы қарастырылған. Дей тұрсақ та, бұл жазадан да ешкім айылын жимай отырғанын, ит­тер мен мысықтарды қорлау жал­ғасып жатқанын жуырда ғана қала көшесімен итті машинаға байлап сүйреген тұрғынның әрекеті әш­керелеп тұр. Көшпенді қазақ тұрмысында  үйі мен мал-жанын қорғаған иттер ХХІ ғасырда неге айуандықпен қорланып жатыр? Иттің қойшының еңбегін де атқаратын рөлін айт­пағанда, боранды күні адамды тоң­дырмай аман сақтап қалатын, жал­пы адамға адал иттерге неге өш­тесіп кеттік? Өткен жылы адамдарға және мал­дарға зиянын тигізген  иттерді атуға жергілікті бюджеттен 20 мил­лион қаражат бөлінген. Жалпы, қазіргі қоғамда адам қолынан зардап шеккен болмаса қараусыз қалған үй жануарларына қамқорлық жоқ десек те болады. Сол себепті олар көбейіп барады. Тіпті, адамдар тарапынан аяусыз қорлықты көргендіктен бе, иттер адамдарға зардабын тигізе бастады. Ит асыраған тұрғындардың өз иттері иесін, отбасы мүшелерін тістеп, жарақат алу оқиғалары кө­бейді. «Мейірімді жүрек» қоғамдық қоры­ның жетекшісі Венера Мана­сова­ның айтуынша, ит пен мысық­тардың көбею себебі оларды асы­раған адамдардың жауапсыз­дығы­нан болып отыр. Ит пен мысық асы­рағандар, оларды арнайы дәрі­герге апарып, екпесін салып, ту­майтын етіп зарарсыздандырса, тап қазіргідей көбеймесі анық. Ал кө­бейді ме және ол адамдарға қауіпті бола бастады ма, онда жергілікті құзыр­лы органдар ит иесіне айып­пұл салып, иттерін зарар­сыздан­дыруды талап етіп, бақылауға алу қажет. – Біз далада жүрген ит пен мысықтарды қорғау үшін өзіміздің кішкентай ғана аумақта ұстап отыр­мыз. Оларды аяусыз ұрып өл­тіру немесе атудан қорғағымыз ке­леді. Қаламызда балалардың кө­зінше ит мен мысық ату оқиғалары жиілеп кетті. Оны көрген балалар ересектердің ісін қайталамасына ешкім де кепілдік бермейді. Біздің қоғамдық қорымызға тұрғындар өз еркімен қаржы аударып көмектесіп тұрады. Өткен жылы қалалық әкім­діктен иттер мен мысықтарды зарарсыздандыруға  қаражат сұра­дық. Бөлінген 4 миллион теңге мен өз қорымыздағы қаражатқа екі жүз мы­сық пен екі жүзге жуық иттерді за­рар­сыздандырып, құлақтарына  сары сақина белгі салдық. Қазір қа­ламызда жүрген иттер мен мысық­тардан адамға залал жоқ. Олар айбаттанып адамға қарсы шап­пайды. Біз қала тұрғындарына олардан келер зиян жоғын ес­кертудеміз. Биыл да қалалық әкім­дік­ке осындай жұмыстар үшін қа­ражат сұрап өтініш жаздық. Әзірге жауап  жоқ. Кеше қала  көшесінде көлік артына сүйретілген ит – біз­дің қарауымызда. Оған Батыр деп ат қойдық. Жағдайы жақсарып келеді. Өткен жолы ауыр кірпішпен мас адам ұрып жарақаттаған ит те біздің қарауымызда күтімде жүр. Оған Фрея деп ат қойдық. Оны бізге алып келгенде сау жері жоқ еді. Дәрігерлер көзінің көруі 70-80 пайызға кеміді дегенімен, қазір түк болмағандай ойнап жүр. Жан-жануарларға қастандық жа­саудың жолын кесу керек. Лакидің тағдырын білесіздер, оны америка­лық отбасы асырап алды. Біз адамдардан өздері асыраған ит пен мысықтарды да тіршілік иесі деп, оларға қамқор болуды сұраймыз. Адам деген аяулы атқа лайық болу үшін айуандықтан алшақ болсақ екен. Қазір қоғамда ит пен мысық­тарға деген адамдардың көзқарасы екіге жарылып тұр. Ит адамды қапса, «өлтіру керек» дейді. Бұлай болмауы керек, – дейді В.Мана­сова. Ақиқатында, қоғамда итке қа­тыс­ты адамдар арасында қарама-қай­шы көзқарас пайда болды. Ықылым замандардан-ақ «адам­ның сенімді серігі, досы» саналып, халқымызда «жеті қазынаның бірі» болған итті бірі ату керек десе, бірі бұл асқан қатыгездік деп бағалайды. Тіпті, атыраулықтар өткен жылы  үйдегі  ит баласын қапқан оқи­ға­дан соң осы тақырыпта әлеу­меттік желіде айтысып, бір-бірін түсіне алмағанына да  куә болдық. Сонда өзімізбен бірге жасасып, үйімізді, қора-қопсымызды, мал-жаны­мызды қорғап, күзетіп келе жатқан ит атаулыға неге шүйлігіп кеттік? Бұл мәселені итке де қамқорлық қажет деп шешіп, олар­ды асыраған адамдарға соны жет­кізу­ керек. Тұрғындардың дені ит иелеріне бір шара қолданылса деген пікірде. Қалай десек те, адамдығымызды ұмытып, итті тағыларша қорлап әлемге әйгілі болғанымыз қазақ­тығымызға жат екені сөзсіз.

Tyrsin

     

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы