Ит – жеті қазынаның бірі. Ықылым заманнан осылай қабылданып келген қағидаға сына түсті. Бүгінде адамға иттен өзге ата жау жоқ секілді. Иттерді атуға да қомақты қаржы бөлінуі соны айқындап тұр.
Төрт аяқтыларға қатыгездігіміз шектен шығып кетсе керек, тіпті атақты француз актрисасы және жануарлар қорғаушысы Брижит Бардо Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Ашық хатта Брижит Бардо Қазақстанда көше кезген бұралқы жануарлар жауыздықпен өлтірілетінін айтқан. Актриса өзінің ашық хатында Атырау мен Оралда ит-мысықтарды тірідей өртеп жіберген оқиғаларды да жазып, еліміздің Президентінен далада қалған жануарларға қатысты адамгершілік танытуды сұраған. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлердің фронт кеңсесінің ашы- луында әйгілі актриса Брижит Бардодан алған үндеу хатын оқып беріп, волонтерлер тек балаларды ғана емес, сонымен қатар жануарларды да қорғауы керегін айтқан болатын. Алайда иттер мен мысықтарды көшеде ату, тіпті балалардың көзінше ату оқиғалары толастар емес. Осындай оқиғалар Атырауда өте жиі болғандықтан «Жануарларды аяусыз қорлайтын аймақ» атануы жергілікті тұрғындар үшін де оңай болмай тұр. Күні кеше әлеуметтік желіде Атыраудағы орталық көшеде «Приора» көлігінің жүргізушісі итті көлігіне байлап, Азаттық даңғылымен сүйреп бара жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Полиция департаменті бұл ақпаратты растап, ит сүйреген автокөлік жүргізушісінің ұсталғанын, Қылмыстық кодекстің 316-бабы (Жануарларға қатыгездік жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бірақ бұл бір оқиға емес еді. Бұған дейін де атыраулық жан-жануарларды қорғайтын ұйымның жанайқайы әлем елдеріне жетіп, қоғамда резонанс туғызған еді. Оқиғаны баяндасақ, қала іргесіндегі Еркінқала ықшамауданында иттің басын тоңазытқыштың есігіне қысып қорлаған азаматтың тірлігі шектен шығып кетті. Қоғамда резонанс тудырған осы оқиға аясында анықталған ит иесі иттің тұқым егуге дайындап қойған жылыжайды бүлдіргенін, оған дейін де кішкентай қыз баланы қауып ала жаздағанын айтып ақталып, көпшіліктен кешірім сұраған болатын. Тоңазытқыш есігіне басын қысып қорлаған қалалық қатыгез тұрғынның итін Атырау қаласындағы «Мейірімді жүрек» қоғамдық қоры панасына алған еді. Оған олар Лаки деген ат қойды. – Соншама қатегездік көрсе де, мейірімді адамдарға деген жануардың өшпес сенімі әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегін қозғады. АҚШ, Канада, Франция, Ресейден оны алып кету туралы ұсыныстар түсті. Ең салмақты ұсыныс АҚШ-тан болды. Логистика мәселесі шешіліп, біздің Лаки АҚШ-қа жаңа қожайындарына кетті. Итті құтқарып алғаны үшін топ еріктілеріне және ол үшін уайымдаған жандардың бәріне үлкен алғыс. Тасымалдауға көмек көрсеткені үшін Джошуаға рақмет. Жаңа қожайыны Элинге рахмет. Сағынатын боламыз, – дейді «Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Венера Манасова. Бұл оқиғаға қатысты да ҚК 316-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Жалпы, бұл бап бойынша жануарларға қатыгездік жасағандарға 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған. Дей тұрсақ та, бұл жазадан да ешкім айылын жимай отырғанын, иттер мен мысықтарды қорлау жалғасып жатқанын жуырда ғана қала көшесімен итті машинаға байлап сүйреген тұрғынның әрекеті әшкерелеп тұр. Көшпенді қазақ тұрмысында үйі мен мал-жанын қорғаған иттер ХХІ ғасырда неге айуандықпен қорланып жатыр? Иттің қойшының еңбегін де атқаратын рөлін айтпағанда, боранды күні адамды тоңдырмай аман сақтап қалатын, жалпы адамға адал иттерге неге өштесіп кеттік? Өткен жылы адамдарға және малдарға зиянын тигізген иттерді атуға жергілікті бюджеттен 20 миллион қаражат бөлінген. Жалпы, қазіргі қоғамда адам қолынан зардап шеккен болмаса қараусыз қалған үй жануарларына қамқорлық жоқ десек те болады. Сол себепті олар көбейіп барады. Тіпті, адамдар тарапынан аяусыз қорлықты көргендіктен бе, иттер адамдарға зардабын тигізе бастады. Ит асыраған тұрғындардың өз иттері иесін, отбасы мүшелерін тістеп, жарақат алу оқиғалары көбейді. «Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Венера Манасованың айтуынша, ит пен мысықтардың көбею себебі оларды асыраған адамдардың жауапсыздығынан болып отыр. Ит пен мысық асырағандар, оларды арнайы дәрігерге апарып, екпесін салып, тумайтын етіп зарарсыздандырса, тап қазіргідей көбеймесі анық. Ал көбейді ме және ол адамдарға қауіпті бола бастады ма, онда жергілікті құзырлы органдар ит иесіне айыппұл салып, иттерін зарарсыздандыруды талап етіп, бақылауға алу қажет. – Біз далада жүрген ит пен мысықтарды қорғау үшін өзіміздің кішкентай ғана аумақта ұстап отырмыз. Оларды аяусыз ұрып өлтіру немесе атудан қорғағымыз келеді. Қаламызда балалардың көзінше ит мен мысық ату оқиғалары жиілеп кетті. Оны көрген балалар ересектердің ісін қайталамасына ешкім де кепілдік бермейді. Біздің қоғамдық қорымызға тұрғындар өз еркімен қаржы аударып көмектесіп тұрады. Өткен жылы қалалық әкімдіктен иттер мен мысықтарды зарарсыздандыруға қаражат сұрадық. Бөлінген 4 миллион теңге мен өз қорымыздағы қаражатқа екі жүз мысық пен екі жүзге жуық иттерді зарарсыздандырып, құлақтарына сары сақина белгі салдық. Қазір қаламызда жүрген иттер мен мысықтардан адамға залал жоқ. Олар айбаттанып адамға қарсы шаппайды. Біз қала тұрғындарына олардан келер зиян жоғын ескертудеміз. Биыл да қалалық әкімдікке осындай жұмыстар үшін қаражат сұрап өтініш жаздық. Әзірге жауап жоқ. Кеше қала көшесінде көлік артына сүйретілген ит – біздің қарауымызда. Оған Батыр деп ат қойдық. Жағдайы жақсарып келеді. Өткен жолы ауыр кірпішпен мас адам ұрып жарақаттаған ит те біздің қарауымызда күтімде жүр. Оған Фрея деп ат қойдық. Оны бізге алып келгенде сау жері жоқ еді. Дәрігерлер көзінің көруі 70-80 пайызға кеміді дегенімен, қазір түк болмағандай ойнап жүр. Жан-жануарларға қастандық жасаудың жолын кесу керек. Лакидің тағдырын білесіздер, оны америкалық отбасы асырап алды. Біз адамдардан өздері асыраған ит пен мысықтарды да тіршілік иесі деп, оларға қамқор болуды сұраймыз. Адам деген аяулы атқа лайық болу үшін айуандықтан алшақ болсақ екен. Қазір қоғамда ит пен мысықтарға деген адамдардың көзқарасы екіге жарылып тұр. Ит адамды қапса, «өлтіру керек» дейді. Бұлай болмауы керек, – дейді В.Манасова. Ақиқатында, қоғамда итке қатысты адамдар арасында қарама-қайшы көзқарас пайда болды. Ықылым замандардан-ақ «адамның сенімді серігі, досы» саналып, халқымызда «жеті қазынаның бірі» болған итті бірі ату керек десе, бірі бұл асқан қатыгездік деп бағалайды. Тіпті, атыраулықтар өткен жылы үйдегі ит баласын қапқан оқиғадан соң осы тақырыпта әлеуметтік желіде айтысып, бір-бірін түсіне алмағанына да куә болдық. Сонда өзімізбен бірге жасасып, үйімізді, қора-қопсымызды, мал-жанымызды қорғап, күзетіп келе жатқан ит атаулыға неге шүйлігіп кеттік? Бұл мәселені итке де қамқорлық қажет деп шешіп, оларды асыраған адамдарға соны жеткізу керек. Тұрғындардың дені ит иелеріне бір шара қолданылса деген пікірде. Қалай десек те, адамдығымызды ұмытып, итті тағыларша қорлап әлемге әйгілі болғанымыз қазақтығымызға жат екені сөзсіз.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы