Итті қорлау иттік пе?
Итті қорлау иттік пе?
414
оқылды
Төрт-бес күннің ішінде 5 қылмыстық оқиға тіркелген. Әлеуметтік желілерде жарияланған осы бейнежазбаларға қатысты аталған өңірлердегі Полиция департаментінің бас­пасөз қызметі де арнайы мәлімдеме жасады. Ең көп талқыға түскен оқи­ға­лардың бірі Атырау облы­сында болды. Еркінқала ауылы­ның тұрғыны Марғұлан есімді аза­маттың иттің басын тоңазытқыш­тың есігіне қысып қорлағанын құтқарушы жігіт видеоға түсіріп алды. Кейін бұл бұзақылық желі арқылы тарап, көпшіліктің ашуын туғызды. Артынша итті қор­лаған азамат оған көрсеткен озбыр­лығы үшін өкінетінін айтып, көпшіліктен видеоүндеу арқылы кешірім сұрады. Үндеуде ол бұл әрекетке баруының өзіндік себебі бар екенін де айтты. – Осыдан үш-төрт күн бұ­рын үйге қызым келген еді, сол кезде итті шынжырынан босат­тық. Ол жылыжайдағы ата-анам өсірген көкөністерді таптап, целлофанның бәрін тістелеп тас­тапты. Ашуға булығып мастықпен итімді жазаладым. Бірақ видеоға түсіріп тұрған адам мені тоқтатты. Ит қазір тірі, оны тексеру үшін ветеринарлар алып кетті. Барша қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Бұл әрекетім үшін өкінемін, – деді ол. «Мейірімді жүрек» клубы мүшелерінің дерегінше, дәрігерлер итті 2 рет сараптамадан өткізген. «Көз қарашығының реакциясы баяулаған. Бұл қылғындыру сал­дарынан болып отыр. Қазір ит өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Бірақ қатты күйзеліске ұшыраған. Басынан өткізген ауыр жағдайға қарамастан иттің адамдарға деген сенімі әлі де жоғалмапты. Оны «Лаки» деп атайтын болдық» деп жазды жануарларды қорғаушылар Facebook парақшасында. Қазіргі кезде ит үй жануарла­рын бағатын питомник қыз­меткерлерінің қолында. Айтпақ­шы, сол күні әлеуметтік желіде Атыраудағы тағы бір ер адамның итке қатыгездік жасаған видеосы тарады. Онда қолында қаруы бар ер адамның көлікте отырып итті атқанын анық байқауға болады. Қылмыс жасаушының бұл әрекеті де желіде талқыға түсті. Полиция қызметкерлері ол азаматты да қолға түсірді. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 316-бабы «Жануарларға қатыгездік жасау» бойынша екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.   itti korlay Бұл екі қылмыстық оқиға­лардың артынша Петропавлда тағы бір итке қастандық жасалды. Қала тұрғыны ашумен итін төр­тінші қабаттан лақтырып жіберген. Оқиғаға куә болған тұрғындар бірден полиция шақырды. Келген полицейлер көпқабатты үйдің терезесінің астында шала-жансар күйде жатқан үй жануарын көрген. Бірақ ветеринарлар оны аман алып қала алмады. Ал жануарға қатыгездік көрсеткен әйелге 27 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. – Бұл факті Қылмыстық ко­декстің 316-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Иттің иесі мас болғаны анықталды, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, поли­ция полковнигі Еңбек Сембин. «Үкім күшіне енген сәттен бастап бір ай ішінде айыппұл тө­ленбеген жағдайда ол жаза қоғам­дық жұмысқа тарту немесе қамауға алумен ауыстырылады» деп түсіндірді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Бурабай ауданында да дес­трук­тивті діни ағым ұстанушы тіркелмеген тегіс ұңғылы 16 кали­брлі мылтығымен көршісінің итін атып өлтірген. Оқиға Щучинск қаласында болды. Құқық қор­ғау­шылар тергеу амалдары бары­сында итті екі мәрте атқанын анық­тады. Сотта ер адам өз кінәсін толығымен мойындады. Сот оның өз ісіне өкінгенін ескеріп, қаруын тәркілеп, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Бұл шешімге жануарларды қорғаушылар наразылық білдіру­де. Олар итті өлтірген адамның қамауға алынуын талап етіп отыр. Осы оқиғалардың ізін ала Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылында да екі баланың күшікті қапқа орап, тірідей өртеп жібергені хабар­ланды. Бұл жағдайдан кейін жануар­лар әлемін қорғаумен айна­лысатын ұйым өкілдері құқық қорғау органдарына арыз жазып, жантүршігерлік әрекетке барған балаларды жауапқа тартуын сұрады. Алакөл аудандық полиция бөлімінің мамандары видеодағы жасөспірімдерді іздеу шараларын жүргізіп, оларды тез арада қолға түсірді. – Қылмыс жасады деген күдік­пен кәмелетке толмаған екі жасөс­пірім ұсталды. Олар 2004 жылы туған Ш. және 2005 жылы туған Д. есімді балалар. Жасөспірімдер шұғыл ұйымдастырылған тер­геу жұмыстарының алғашқы сағат­тарында-ақ анықталды. Өздерінің кінәларын толығымен мойындаған екі бала ауыр қылмыс­ты қызық үшін жасағандарын жеткізді. Бұл – қылмыстық жауап­кершілік көзделетін қаскөйлік жағдай, – деді Алматы облысы Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қуат Оспанов. Иә, шынында да, бұл итті азап­таудың алғашқы дерегі емес. Бұған дейін бірқатар аймақтарда осыған ұқсас оқиғалар тіркелді. Еліміз бойынша аяусыз азапталып, өл­тіріліп жатқан жануарлар өте көп. Мұның бәрі жазаның жеңіл­дігінен туындап отыр. Осы жағ­дайдан кейін еліміздегі бір топ жануарларды қорғаушылар Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, жануарларды қорғау туралы заң қабылдауын сұрамақшы екен. Хат тиісті жеріне жетіп, жаза қатайтылар болса, мұндай басбұзарлықтар да азаятын шығар.  

 width=Абылайхан ЖҰМАШ