Шымкент қаласының әкімдігі жергілікті бюджеттен өңірдегі денешынықтыру және спорт бөліміне Премьер-лига командалары арасында Қазақстан футбол чемпионатында 2021 жылғы маусымда еліміздің кубогында ойнау үшін 4 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Сондай-ақ бұл қаржы жастар мен жасөспірімдер және әйелдер футболын да дамытуға бағытталмақ. Бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланған, мердігер конкурс нәтижесінде белгілі болмақ.
Ел чемпионатында өнер көрсете алатын Шымкентте жалғыз «Ордабасы» футбол клубы екенін ескерсек, осынау қаржы да ордабасылықтарға бұйырып тұрғаны бесенеден белгілі. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында спорт клубтарын бюджет есебінен қаржыландыруды доғару керек екенін айтқан болатын. «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне назар аудару қажет. Еліміздегі қаржы тапшылығының жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалып жатыр» деген-ді Тоқаев. Одан гөрі бұқаралық спортқа, дене шынықтыру мен балаларға басымдық берілуі тиіс екенін атап өткен. Ал Асқар Мамин отандық футбол клубтарының көпшілігі жергілікті бюджет есебінен күн көретінін, коронавирус пандемиясы басталғанға дейін 2020 жылы жергілікті атқарушы органдардың спортқа тиесілі бюджетінің 22 пайызын футболға жұмсау жоспарланғанын атап өткен болатын. Айтарлықтай нәтиже көрсетпесе де, елдегі дағдарыс кезеңінде қалт-құлт етіп тұрған жергілікті бюджеттен әкімдіктер футбол клубтарына басқа спорт түрлеріне қарағанда қаржыны көптеп құятыны рас. Иә, қала әкімі М.Әйтенов өткен жылдың соңғы айларында орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ордабасы» футбол клубының бюджеті 30 пайызға қысқаратынын мәлімдеген болатын. Қысқартылған қаражат пандемиямен күресуге жұмсалатынын жеткізген. Дұрыс-ақ делік, демек қысқартылған қаржы 4 млрд теңге болып тұр. Аз ба, көп пе? Осынша қаржы бөлінетіндей олар Шымкенттің намысын қаншалықты қорғап жүр? Жылда легионерлерді топырлатып әкеліп жатқанымен, одан қазақ футболының көсегесі көгергені шамалы. «Ордабасы» футбол клубына жыл сайын 6-7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. 2011-2012 жылдары Қазақстан кубогын, суперкубогын иеленсе, 2017 жылы Қазақстан суперлигасының қола жүлдегері атанды. Бюджеттен былтыр 6,25 млрд теңге алған клубтың ел чемпионаттарынан бөлек бар болғаны Еуропа лигасында бақ сынағанына мәзбіз. Оған дейін бірнеше рет шетелде оқу-жаттығу жиынын өткізіп келді. Ордабасылықтардың былтырғы жетістігі команданың жартылай қорғаушысы Жоао Пауло «футболдан Қазақстан чемпионатының ең үздік ойыншысы» номинациясын алды. Басқа нәтиже көрінбейді. Сондай-ақ соңғы 5 жылда еурокубоктан жеңіліп келе жатқан ордабасылықтардың бюджеті өзін жеңген шетелдік командалардан әлдеқайда жоғары екен. Қала әкімінің өзі клубқа былтыр бюджеттің көп бөлінуін іссапар шығындарының өскенімен түсіндіреді. «Біз еуропалық жарыстарды белгілі бір деңгейге жеткізгіміз келді. Сүйікті «Ордабасы» командамыздан үлкен жетістік күттік, бірақ өкінішке қарай олар бесінші орынды иеленді. Енді еуропалық кубоктардан ұшып келе салысымен бюджетті бірден екі жарым миллиард теңгеге қысқарттық» деген еді брифингте Мұрат Әйтенов. Демек, қала әкімінің өзі команданың үмітті ақтамағанын мойындады. Соған қарамастан әлі күнге дейін айтарлықтай деңгейге жете алмай келе жатқан ордабасылықтарға биылдың өзінде 4 млрд теңге бөліп отыр. Неге? Премьер-министр А.Мамин айтқандай, неге жергілікті әкімдіктердің жоғары спорт түрлеріне қарағанда футболға бүйрегі бұрады да тұрады? Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, футбол клубтарында маркетинг бөлімі жоқ. Мемлекеттен бөлінетін есепсіз қаржы тек легионерлердің жалақысы мен ұшақпен ары-бері сапарлайтын іссапар шығындарына кетеді. Оны бақылап жатқан адам да жоқ. Ал шетелде футбол бизнес деңгейінде көтерілген. Шынтуайтына келгенде, легионерлерге қыруар қаржы төлегенімен, нәтиже көрінбейді. Биыл жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге бөлініп жатқанын ескерсек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы сөздері әсер етпегені ғой...Назгүл НАЗАРБЕК