Бүгін түнде Көкшетауда қалың қар түсті. Табиғаттың тосын «сыйы» облыс орталығындағы коммуналдық сала қызметкерлерін әбігерге түсірген. Қазіргі уақытта қар тазалаумен «Тазалық» және «Зерен плюс 2016» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысып жатыр.
Тазарту жұмыстары таң қылаң бере басталып кеткен. «Тазалық» серіктестігіне тиесілі 38 бірлік техника мен 55 жұмысшы, «Зерен плюс 2016» серіктестігінің 45 жұмысшысы қар тазалау жұмыстарына кіріскен. «Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы қала көшелерін қардан тазартады. Жолдарды тегістеу, сыпыру және тазалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қардың қалың түсуіне байланысты барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда барынша сақ болуға шақырамыз», – делінген облыстық әкімдіктің ресми хабарламасында. «Тазалық» коммуналдық қызметінің жұмысшылары орталық саябақтарды, жаяу жүргіншілер жолдарын тазартумен айналысып жатыр. «Біз таңғы 7-ден бастап жұмысқа кірісудеміз. Бізге облыстық әкімдік пен әкімшілік ғимараттардың алды және орталық алаң мен осы аумақтағы жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау тапсырылды. Қазір, міне 11 жұмысшы, екі техника жұмыс істеп жатыр», – дейді «Тазалық» серіктестігінің жұмысшысы Беркімбай Оразин. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, көпқабатты үйлердің ауласын тазартуға сол аумақтардағы ПИК жауапты. Бұған дейін Қазгидромет РМК-ның Ақмола облыстық филиалы өңірде дауылды ескерту жарияланғанын хабарлаған еді. Онда 2021 жылдың 12 қаңтарында облыстың басым бөлігінде қалың қар жауатыны айтылды.Ал «Қазавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметі бойынша Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты (қатты қар, боран, нашар көріну, қатты жел) «Көкшетау-Рузаевка» а/ж 0-61 км (Көкшетау қ.СКО ш.), «Көкшетау-Омбы» а/ж 0-51 км (Көкшетау қ. СҚО ш.), Макинск-Ақсу-Торғай» а/ж 0-240 км (Макинск қ-Торғай қ.), «Нұр-Сұлтан-Петропавл» а/ж 304-341 км (Көкшетау қ. СҚО ш.) республикалық маңызы бар автожолы жабылды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы