Ақтөбеде шектеу шарасы жеңілдеді. Бұдан былай сауда орындары, базарлар демалыс күндері ішкі тәртіп бойынша жұмыс істейді.
Ақтөбе облысында әлі де түрлі конференция, көрме, форум, ойын- сауық, спорттық жарыстар өткізуге, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынған. Жабық алаңдағы балалар ойын алаңдары, караоке, бильярд, компьютерлік клубтар жұмыс істемейді. Мектептердегі асхана да қызмет көрсетпейді. Дегенмен кейбір шектеу шарасы жеңілдеді. Сауда орындары, базарлар жұмыс және демалыс күндері ішкі тәртіпке сәйкес қызмет көрсетеді. Бұған дейін жексенбі және мереке күндері сағат 17:00-ге дейін қызмет көрсеткен болатын.
«Сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары және косметологиялық қызмет көрсететін объектілер дәл осындай тәртіп бойынша жұмыс істейді. Жабық спорт нысандарында 5 адамнан аспайтын жеке және топтық жаттығу жүргізуге рұқсат. Монша, сауна, бассейнге де жазылып, арақашықтықты сақтап, жұмыс және демалыс күндері баруға болады. Мектепке дейінгі мекемелердегі кезекші топ балаларының саны 20-дан аспауы тиіс», - деп хабарлады облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге ашық алаңдағы аттракциондар жұмыс істейді. Әрі Қазақстан Республикасының чемпионаттарын және республикалық жарыстарды көрермендердің қатысуынсыз өткізуге болады. Тек бір мезгілде қатысушылар саны 100 адамнан аспауы тиіс. Оқу-жаттығу жиындарында адам саны 30-дан аспауы керек.