Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев сайлаудың заң аясында халықаралық стандарттарға сай өткеніне тоқталды.
«10 қаңтарда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Сайлаудың қорытындылары жарияланды. Халқымыз белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Сайлау заң аясында және халықаралық стандарттарға сай өтті. Шетелдік сарапшылар мен халықаралық байқаушылар да жоғары баға беруде. Мемлекет басшысының бірқатар саяси реформалары алғаш рет осы сайлауда іске асырылғанына куә болдық. Сайлауда Nur Otan партиясы айқын жеңіске жетті. Қазақстандықтар Елбасы саясатының сабақтастығын қолдап, Президентіміз жариялаған партия бағдарламасы үшін дауыс бергені анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы елдің дамуы үшін сапалы заңдар қабылдау керегін де айтты.
«Ертең VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы ашылады. Осылайша, еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын жаңа құрамдағы Парламентпен қарсы алады. Қазіргі таңда Парламенттің алдында Елбасы мен Мемлекет басшысы белгілеп берген жалпыхалықтық міндеттер тұр. Соның бәрін нәтижелі іске асыру үшін Сенат Мәжіліспен бірге сапалы заңдар қабылдауы тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгін Президент Мәжілістің сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды.